Өңірдегі су қоймаларынан 265 қап қоқыс шығарылды
Тамыз айында белсенділер Қарағанды мен Балқаш қаласында «Мөлдір су» экоакциясын өткізіп, су қоймаларының жағасынан 265 қап қоқыс жинап шығарды. Акция әуелі Қарағанды қаласындағы Федоров су қоймасынан басталған. Кейін Балқаштағы медициналық колледжге қарама қарсы көл жағасын қоқыстан тазартты.
«Мөлдір су» акциясы 2016 жылдан бастап күллі республика бойынша өткізіліп келеді. Содан бері аталмыш акцияға 1400-ден астам ерікті қатысып, 111 тоннадан астам қоқыс шығарған. Оның бір бөлігі қайта өңдеуге жіберілді.
Шараны елдегі ірі компания өкілдерінің бірі қолға алып, өткізуге жауапты ретінде бекітіледі. Осы жолы Қарағандыда өткен акцияға 48 адам қатысып, 95 қап қоқыс шығарған. Ал, Балқаш көлінің жағалауында өткен шараға 50 ерікті қатысып, 170 қап қоқыс жинаған.
Белсенділерге қажетті құрал-жабдықтар, қап пен қолғаптар берілді. Ал, шығарылған қоқыстарды қоқыс айлағына жеткізу үшін жергілікті әкімдік арнайы жүк көлігімен қамтамасыз еткен.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz