Қарағанды

Өңір тарихының таразысы

   Биыл Қарағанды облысының мемлекеттік архивіне 80 жыл толып отыр. «Мұрағат – тарих айнасы» деп бекер айтылмаған. Сол тарихты сақтаушылар – архив қызметкерлері деп санаймыз. Қазақстан архивінің, оның ішінде, біздің Қарағанды облысы архивінің тарихы – Кеңес өкіметі құрылған күннен бастап, Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі жылдарда ерік-жігерімен, күш-қуатымен дамуын қамтамасыз еткен архивистердің тағдырымен тығыз байланысты.

Облысымыздың архив қызметін құру жұмыстары Қарағанды қалалық атқару комитеті төралқасының «Қарағанды мемлекеттік архив басқармасын ұйымдастыру және облыстық және аудандық мекемелердің, кәсіпорындардың, колхоздардың, совхоздардың, МТС-тар мен ауылдық кеңестердің архив материалдарын ретке келтіру туралы» қаулысы қабылданған 1937 жылдың 19 желтоқсанынан бастау алады.

Қалыптасудың алғашқы кезеңі архив қызметі үшін аса ауыр болды. Білікті кадрлар жетіспеді. Ғимараты мен көлігі болмады. Тіпті, қарапайым қағаз бен жіп де жетіспеген. 1937 жылдан 1943 жылға дейін бөлімде 6 басшы ауысты. Мұндай қысқа мерзім аралығында архив ісін дұрыс жолға қою мүмкін емес еді. Облархивтің алғашқы басшысы Қарағандыда бір ай ғана тұрып, барлық істі тастап кетті. Оны Сабыр Ниязбеков ауыстырып, бұл қызметте бір жыл ғана жұмыс жасаса, одан соң, басқарма басшысы болып Жақсыбай Смайылов тағайындалып, ол екі жыл қызмет атқарды.

Қаншама қиындықтарға қарамастан, архив қызметінің басшылығы сол жылдардың өзінде аудандық және қалалық архивтер құруға ерекше назар аударды. 1939 жылы Қарағанды облысында Жаңаарқа, Нұра, Тельман, Қарсақпай, Қорғалжын, Ворошилов, Вишневский, Ақмола, Қарқаралы, Еркіншілік аудандық 10 архив жұмысын бастады.

Отызыншы жылдардың соңына қарай мемлекеттік басқару органдары жүйесінде әлеуетті құрылымдар зор беделге ие еді. Соның ішінде КСРО НКВД-сы (Ішкі істер Халық комиссариаты) ерекше орын алды. 1938 жылға дейін архив мекемелері ҚазКСР Орталық архив басқармасына бағынып, одан НКВД жүйесіне енгізілді. Сол жылдары көптеген құжаттар мен қорларға «құпиялық» белгісі соғылып, өткенді шолатын ақпараттарға қол жеткізу шектеліп қалды. Осыған байланысты, архив қызметін көбіне НКВД-ның кадрлық офицерлері басқаратын болды. 1941 жылдан 1942 жылға дейін Қарағанды облыстық архив бөлімінде Ф.Гордиенко басшылық етті.

Ұлы Отан соғысы архив мекемелерінің жұмысын қайта құруды талап етті. 1941 жылдың тамыз айында соғыс жылдарында жатып қалған істерді жоюға тыйым салған жарлық шықты. Адамзат тарихынды ең қанқұйлы соғыс туралы дерек көздерін қалыптастыруға қатысты мемлекеттің мұндай шара қолдануы – келешек ұрпақ үшін өткен тарихты сақтап қалуға деген жауапкершілікті көрсетеді. Елімізде болып жатқан қиындықтарды облыс архивистері де бастарынан өткерді. Архив басқарушысы Т.Жолшорин 1944 жылы берген жылдық есебінде «Архив 1944 жылы ғылыми-жарияланымдық жұмыстар жүргізген жоқ – білікті ғылыми әлеует болмады. Жұмысқа қағаздың, мұқабаның, жіптің, желім мен басқа да өндірістік материалдардың болмауы үлкен кедергі келтіріп отыр» деп атап өтеді. 1946 жылы архивте 5 бос орын болды. Жалақының аздығынан архивке ешкім жұмысқа келмеді. Архивариус пен аға архивариус айына 200-250 сом ғана алатын, ал бұл кезде шахтерлердің табысы орта есеппен 1000-2000 сом болатын.

1949 жылы Исай Мознаим облыстың архив бөліміне басшы болып келгеннен бастап, жағдай өзгере бастады. Ол осы лауазымда 1966 жылы зейнеткерлікке шыққанынша еңбек етті.

Сол кездері МГИАИ түлегі, 23 жастағы Антонина Кутищева Қарағанды облысының мемлекеттік архивіне директор болып тағайындалды. Ол өзінің барлық күш-қуатын және алған білімін архивтің ғылыми мекеме болып қалыптасуына арнады. Міне, осы кезеңде Қарағанды облысының тарихы жөніндегі құжаттарды Мәскеудің, Алматының, Омбының, Семейдің, Петропавлдың, Ақмоланың архивтерінен табу жұмыстары бастау алды. Архив қызметінің жүйесінде А.Кутищева 40 жылға тарта еңбек етті. Штатта шамалы адам ғана болғанына қарамастан (архив бөлімінде 3 адам және облмемархивте 5 адам), архив құжаттарын есепке алу жөнінен ұлан-асыр жұмыстарды жүзеге асырды. Архивтің жұмыс істей бастаған тарихы кезінде алғаш рет қолда бар құжаттарды есепке алу басталды.

Облыстық мемлекеттік архив үшін ғимарат салу құрылысы 1957 жылы басталып, 1966 жылы аяқталды. Осының бәрін ұжым мүшелерінің жанқиярлық еңбегінсіз жүзеге асыру мүмкін емес еді.

60-70-ші жылдары архивке Л.Бойченко, З.Бойко, А.Барлыбаев, А.Волчик, В.Воронин, Н.Габченко, В.Гречишников, Е.Гужева, В.Довлетка, Т.Ершова, О.Жақаева, З.Жубасова, Т.Колесниченко, А.Коцоева, Э.Мамзерова, Н.Москаленко, М.Назарова, З.Ноздрина, М.Сергеева, Л.Удодова, Е.Шерстобитова сияқты мамандар келіп, ұжым негізін құрады.

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1963 жылғы 21 мамырдағы №93 Қаулысымен бұрынғы аудандық, қалалық архивтердің орнына тұрақты құжаттар құрамымен облмемархивтің филиалдары құрылды. 1963 жылы Балқаш және Жезқазған филиалдары ашылды. 1969 жылдан 1996 жылға дейін Балқаш филиалының, одан соң қалалық архивтің директоры Галина Макарова болды. Кейін ол «Архив ісінің үздігі» құрметті атағына иеленді.

1963-1972 жылдар аралығында Жезқазған филиалының директоры болып Анна Волкова жұмыс бастаса, кейін бұл қызметте Х.Нурекин, В.Новиков, В.Демин, С.Кабеев, Б.Әлеуханов, С.Қожамсейтов сынды азаматтар болды. Қазіргі уақытта аталған мекемеге Б.Байжентаев басшылық етуде.

Облмемархивтің Қарқаралы филиалы 1966 жылы құрылды. Оның негізін қалаушы және алғашқы директоры Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері – Сыздық Рақымбеков еді. Оны кейін Бақтылы Тапенова ауыстырып, филиалды 1979 жылдан 2006 жылға дейін басқарды. Қарқаралы ауданы архив қызметінің жұмысын жақсартуға елеулі үлес қосты.

1979 жылы Теміртау филиалы ашылып, алғаш директоры болып Е.Иванова, кейін 2005-2007 жылдары Марина Пономарева басқарған. 2007 жылдан бастап А.Иманғалиева архив басшысы міндетін атқаруда.

1995 жылы Қарағанды қаласының мемлекеттік архиві ашылып, оны Анна Волчик, кейін 2007 жылдан бастап Ниязбек Ақбасов басқарып, зейнеткерлікке шықты. 2013 жылдан бастап Қарағанды қаласы мемлекеттік архивінің басшысы М.Қожабергенов болды.

2001 жылы облыстық архивтің филиалы болып көмір саласының жеке құрам бойынша архиві ашылып, алғаш директоры Ұлы Отан соғысының ардагері Масұғұт Шаймарданов жұмысын бастаған. 2004-2007 жылдар аралығында Н.Ақбасов, кейін 2007 жылдан бастап Қ.Таханов басшы міндетін атқарады.

Облыстың архив қызметін 1976 жылдан 1991 жылға дейін Ұлы Отан соғысына қатысқан Александр Вдовин басқарды. Қарапайым шаруаның баласы комсомол жетекшісінен облыстық ауқымдағы басшыға дейінгі үлкен өмір мектебінен өтті. А.Вдовин 1947 жылдан 1967 жылға дейін Балқаш қаласында еңбек етті, Балқаш кен-металлургия комбинаты директорының орынбасары болды. Партия органдарында қызмет атқарды. Архив бөліміне ол Шахтинск қалалық партия комитетінен келген еді.

1991 жылдан 1997 жылға дейін архив бөлімінің меңгерушісі болған Масұғұт Шаймарданов еді. Бұл жылдары облыс әкімшілігінің облыстың архив қызметіне қатысты және кейін оның тағдырын шешуде ерекше мәні бар бірнеше шешімі жарық көрді. Қайта құру жылдарының ауырлығына қарамастан, облыстың архив қызметі басшылары ұжымды толығымен сақтап қалуға қол жеткізді. 1994 жылы облмемархивтің ғылыми-техникалық құжаттамалар жөніндегі филиалы ашылып, оған Нұркен Алдангуров директор болды. 1997-2001 жылдары Масұғұт Шаймарданов, кейін 2015 дейін Боранбай Айсанов басқарып, зейнеткерлікке шықты. 2015 жылдан бастап басшы міндетін А.Несіпбаев атқаруда.

Қазақстанның Егемендікке қол жеткізгеннен кейін архив тарихы саласында жаңа дәуір басталды. Архив ісі тарихында алғаш рет «Ұлттық архивтік қор және архивтер туралы» ҚР Заңы дайындалып, оған ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1998 жылдың 22 желтоқсаны күні қол қойды.

Жаңа уақыт жұмыс істеудің жаңа үлгісін талап етті. 1997-2000 жылдары облыстың архив қызметіне ғалым, тарихы ғылымдарының кандидаты, профессор Әбдіжаппар Әбдәкімов басшылық етті. 2000 жылдан 2013 жылға дейін облыстық бас архив қызметіне Өмірзақ Амантаев жетекшілік жасады. Осы уақыт ішінде архив қызметінің беделі артты. Қазіргі кезде облысымызда бірде-бір маңызды шара, айтулы күндер мен мерейтойлар – архив қызметінің қатысуынсыз өтпейді.

1982 жылдан бастап 2007 жылға дейін облыстық архивте Л.Киселева директор болып, кейін 2007-2010 жылға дейін архивте тарих ғылымдарының кандидаты Л.Михеева басшылық етті. Бүгінгі күні кадрлар қызметінің құрамы тек сан жағынан ғана емес, сапа жағынан да елеулі өзгерістерге түсті. Архивистердің жалпы білім деңгейі айтарлықтай өсе түсті. Облыстың архив қызметіне тек жоғары деңгейли кәсіби қызметімен ғана емес, сонымен қоса өз ісіне деген шығармашылық көзқараспен, архивке деген адалдықпен еңбек еткен адамдарды ерекше атап өткеніміз жөн. Солардың қатарында С.Әбікенова, С.Әйтімова, Г.Аймульдинова, З.Әбекенова, М.Бейсембекова, Л.Байкенжина, О.Е.Беркун, Н.Винокурова, И.Вакулина, Ж.Козлова, З.Скоба, Р.Сайфулина, Қ.Таханов, Е.Черная бар еді. Бұл азаматтар біз үшін архив қызметінің тарихын дамытушылар, сақтаушылар, ізденушілер ретінде танылған жандар.

Архив байлығын сақтау, толықтыру және пайдалану Қарағанды облысы архивистер ұжымының жоғары біліктілігінің арқасында мүмкін болып отыр. Арихивистердің кәсіби борышы және олардың жұмысының басты мақсаты – тарихи мәні зор көздерді, өткен кезеңдердегі құжаттарды және біздің мемлекетіміз бен қоғамымыздың заманауи өмірін көрсететін құжаттарды сақтау, көбейту және мұра ретінде келешек ұрпаққа қалдыру болып табылады. Сондықтан, еліміздің архив игілігін сақтап қалуда көп жағдайда тек мемлекеттің жедел шешімдерінің ғана емес, басшылар мен қатардағы архивистердің күш-қуатының әсері де аз болған жоқ.

Жаңагүл ТҰРСЫНОВА,

Қарағанды облысы мемлекеттік архивінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button