Жаңалықтар

Өңір экономикасында өсім бар

Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бір қалыпқа түскен. Облыс аумағында іске қосылған өндіріс орындары жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етуде. Сәйкесінше, тұрғын үй құрылысының қарқын алуы үй кезегінде тұрғандар санының азаюына, бастысы – баспанамен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, жетекші сала, ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Білім мен медицина, мәдениет саласында да едәуір ілгерілеушілік бар. Бұл жайлы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беру барысында айтты.

Облыстық мәслихаттың кезекті VII сессиясында депутаттық корпус облыс әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындау туралы есебін қарады. Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов жүргізіп отырды. Күн тәртібінде – Қарағанды облысы әкімінің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы бойынша есебі, Қарағанды облысындағы тұрғын үй құрылысының жай-күйі мен даму перспективалары, Қарағанды облыстық мәслихатының 2016 жылғы 30 маусымындағы №63 «Қарағанды облысының әлеуметтік маңызы бар ауданаралық (облысішілік, қалааралық) және қала маңындағы жолаушылар қатынастарының тізбесін бекіту туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Қарағанды облысының әкімдігі жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі комиссия құрамын бекіту, Қарағанды облыстық мәслихатының 2021 жылғы 25 ақпандағы ІІ сессиясының «Жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» №42 шешіміне өзгерістер енгізу, Қарағанды облыстық мәслихатының 2005 жылғы 17 наурыздағы ХІ сессиясының «Кеңес Одағының Батыры», «Халық қаһарманы», Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған, ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен және соғысқа қатысушылар мен мүгедектер қатарынан «Отан» орденімен наградталған қайтыс болған адамдарды әскери құрметпен жерлеу және қабірлерге құлыптастар орнату бойынша көрсетілген салттық қызметтер үшін есеп жүргізу туралы» №172 шешімінің күші жойылды деп тану, Қарағанды облыстық мәслихатының 2016 жылғы 30 маусымындағы ІІІ сессиясының «Қарағанды облысының қоғамдық кеңесі туралы ережені бекіту туралы» №73 шешімінің күшін жою, Қарағанды облыстық мәслихатының ХІІІ сессиясының күн тәртібі, Қарағанды облыстық мәслихатының ХІІІ сессиясының редакциялық комиссиясы туралы мәселелер қаралды. Жиында, алдымен өңір басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы міндеттерді айқындап, әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып өтті.

– Жалпы, өңір экономикасында оң динамика қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптік алыптар да, жобалық қуатқа шыққан жаңа өндірістер де өз үлестерін қосуда. Биыл алты жоба іске қосылды, ал жыл соңына дейін 14 жоба жоспарланып отыр, екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

– Инвестиция өсімі қамтамасыз етілді. Бұл пандемия кезеңіне қарамастан, аймақ инвестициялық тартымды болып қала беретінін көрсетіп отыр. Облыстың еңбекке қабілетті халқының үштен бірі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Аталмыш сектордағы субъектілер саны 4,6% өсіммен 92 мың бірлікке жетті. Облыс басшысы «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының да тиімділігін атап өтті. Биыл бағдарлама бойынша 25 кент пен ауылда 120 шақырым жол жөнделді. Өңірде алты жаңа денсаулық сақтау нысаны пайда болады. Қарағандыда облыстық он кодиспансердің операциялық-реанимациялық блогы, екі жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясы салынуда. Сегіз айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық, тұрғын үй, ауыл шаруашылық саласындағы пайыздық өсімдерін айта келе, өнеркәсіптегі өсім 0,3 пайызды көрсетсе, құрылыста 2 пайызға жоғарылағанын жеткізді. Инвестициялар көлемі 470 млрд. теңгеге дейін немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 105,4 пайызға дейін өскен. Пандемия кезеңінде бизнестің тоқырауы байқалғанымен, мемлекеттік қолдау қайта қалпына келуге мүмкіндік беруд онымен қатар, жылу беру маусымына дайындық шарасы да облыс әкімінің есебінен тыс қалмады. Саран, Шахан қалаларындағы жылу жүйесі басты назарда. Облыстағы 12 мың 422 шақырым түрлі санаттағы жолдың жағдайы, білім саласында оқу орындарының материалдық техникалық базасы, адамдардың спортқа деген қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында спорттық инфрақұрылымды дамыту мәселесі мен атқарылған жұмыстар жайы да облыс басшысы есебінде жан-жақты қамтылды. Аталмыш салалардың дамуына оң ықпалын тигізетін мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы үнемі назарда болу қажет. Депутаттар облыс әкімінің есебін бірауыздан мақұлдады.

– Біз маңызды әлеуметтік міндеттерді шешу бойынша нақты нәтижелер мен күнделікті жұмысты көріп отырмыз. Стратегиялық даму жоспарында инвестиция тартуға, ШОБ дамытуға, инфрақұрылымды жақсартуға көп көңіл бөлінеді, – деп түйіндеді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Облыс әкімінің есебін тыңдағаннан кейін депутаттар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты – бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Бекзат Алтынбеков облыс әкімінің есебіне қатысты өз пікірін білдірді.

– Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен қоғамдық-саяси ахуал тұрақты деңгейде екеніне көзіміз жетіп отыр. Ағымдағы кезеңде – облыстың шоғырландырылған бюджетінің 9%-ға, өнеркәсіп өндірісінің 1,6%-ға, инвестициялардың 6,7%-ға, құрылыс көлемінің 3,4%-ға, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы көлемінің 3%-ға өсуі. Есепте атқарылған жұмыстар туралы айтылумен қатар, болашақ міндеттерге де көп көңіл бөлінген. Қарағандыда, Жезқазғанда, Жәйремде, Саранда және Қарқаралы ауданында өндірісті кеңейту жоспарлануда, 14 жоба іске қосылуының арқасында мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Автокөлік жолдарын дамытудың 4 ірі инфрақұрылымдық жобасын іске асыру, жергілікті желінің 500 км-ден астам жолын жөндеумен қамту жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша 145 км қалалық және 120 км ауылдық сумен жабдықтау және су бұру желілерінің құрылысы мен ауыстырылуы күтілуде. 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарының мыңнан астам отбасын және 800 көпбалалы отбасын қамтамасыз ету үшін қарастырылған. Қарағанды қаласында, Шет, Жаңаарқа аудандарында мектеп құрылысы жалғасуда. Жыл соңына дейін 13 мектепке дейінгі ұйым құру жоспарлануда. Қарағанды, Шахтинск қалалары мен Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау аудандарында 13 спорт нысанының құрылысы жалғасуда. Шағын несие берумен қамтуға шағын және орта бизнес саласында 500-ден астам жоба жоспарланған. Өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығын дамыту үшін аудандарға инвестиция тарту жөнінде Дулат Егізеков баяндама жасады.

– Мал басының өсуі мен өнім көлемінің артуы ауыл шаруашылық тауарлары бағасының өсуіне кедергі бола алмады. Жыл басынан бері жұмыртқа 27,6%-ға, ет 9,1%-ға, сүт өнімдері 8,6%-ға, нан-тоқаш өнімдері мен жарма 11,4%-ға қымбаттады. Қырыққабат 20,7%-ға, пияз 17,1%-ға, сәбіз 4,8%-ға өскені байқалды. Ағымдағы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда азық-түлік бағасы 12 пайызға қымбаттаған. Осы орайда, негізгі азық түлік тауарларын аймақта өндіру ісін қолға алу қажет. Сақтандыру қорындағы азық түлік қорын белгілі бір деңгейде ұстаудың маңызы зор, – деген ол ауыл шаруашылық, өнеркәсіп кешені жұмысының тиімділігін арттыру туралы мәселелерге кеңінен тоқталды.

– Экологиялық жағдайды жақсарту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымызға қойған басым міндеттерінің бірі болып табылады. Жыл сайын экологиялық қауіпсіздік мәселелері өзекті бола түсуде. Уәкілетті органдар қоршаған ортаны қорғау бойынша белгілі бір іс-шаралар өткізгенімен, өзекті мәселелер де жоқ емес. Өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуы мен кәдеге жаратылуына, автокөліктің пайдаланылған газдарының атмосфераға шығарылуын бақылауға, орман қорын молайтуға, ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемелердің, табиғатты қорғау кәсіпорындарының штатын және материалдық-техникалық базасын нығайтуға, күл үйінділерін қайта құнарландыру секілді көптеген мәселелер бар. Ауаны, су объектілерін қорғау және топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру, өнеркәсіптік және қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, қайта өңдеу, сұрыптау, кәдеге жарату және көму, полигондар салу, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау қажет, – дейді құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі Мира Махатчина.

– Облыста халықтың тұрғын үймен орташа қамтамасыз етілуі 1 тұрғынға шаққанда 23,3 ш.м. құрады, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 3%-ға артық. 2020 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің өсуі 25,8%-ды құрады. Ағымдағы кезеңде тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 14,4%-ға өсті. Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша көшбасшылар Қарағанды, Жезқазған, Саран, Теміртау, Шахтинск қалалары мен Абай, Бұқар жырау аудандары болды. Соңғы 2 жылда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы белсенді дамып келеді, ағымдағы жылы осы бағытты қаржыландыру 3,5 есеге артты. Сонымен қатар, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар санының жыл сайынғы өсу үрдісі байқалады. Бүгінде тұрғын үй кезегінде 37 672 адам тұр, – деп қорытындылады құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Талғат Өтеубаев.

Сессия барысында, депутаттық корпус уәкілетті органдарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын 2020-2021 жылдар деңгейінде қаржыландыруды жалғастыруды және несиелік, жалға берілетін тұрғын үй, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салуға және тұрғын үй сатып алуға Ұлттық қордан және облыстық бюджеттерден бөлінген қаражатты толық көлемде игеруді қамтамасыз етуді ұсынды.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button