Інжу отқа жанбайды
Тұран патшасы, қолбасшы, түркі жұртының ұлы тарихи тұлғасы, жазбаға түскен әфсаналық деректерде «Алып Ер Тоңға» аталған Афрасиабтың түріктер туралы айтқаны бар екен-мыс. Нақ өз ауызынан айтылды ма, білмедік, бірақ, интернет деректері солай дейді. «Түрік – бақалшақтағы інжу тәрізді. Теңіз түбінде жатқанда еш құндылықсыз. Бірақ, сыртқа шыққанда одан бағалысы жоқ. Кішкентай қана асыл тас талай патшаның тәжіне өң беріп, талай сұлудың сән-салтанатына айналады» делінген жазбада. Шынында, жаны бар тіршілік иесінен пайда болатын тамаша тастың ғұмыры да ұзақ, салмағы да ауыр, отқа да жанбайды.

1989 жылғы «КСРО аруы» байқауының қатысушысы, жерлесіміз Гүлжан Намазбаеваның мұрағаттық бейнесі желіде танымал. Сол кезде Қазақстаннан тұңғыш рет «Мисс СССР» байқауына қатысып, өзін «Менің атым – Гүлжан. Қазақстанның Теміртау қаласынан келдім. Эксперименттік зертханада жұмыс істеймін. Жасым жиырма төртте» таныстырған талдырмаш қыз бүгінде фэшн-индустрияда өте танымал. Қазақстанда емес, әлемде. Намазбаева ретінде емес, ағылшын баронессасы Стейн ретінде.
2001 жылы Гүлжан Америкада «Жылдың іскер әйелі» номинациясына ұсынылды. Содан бері ол табысты business woman. Бірақ, қайда жүрсе де, қандай атаққа ие болса да, қай елден шыққанын ұмытпаған ол өзін «Қазақстандық дизайнер» ретінде таныстыруды талап ететін айтқан екен «Караван» медиапорталына 2008 жылы берге сұхбатында.
– Егер менің сұхбаттарымды көрген болсаңыздар, барлық жерде өзімді қазақстандық дизайнер ретінде таныстыруды талап етемін. Әрине, Ресейде көп жұмыс істегендіктен, мені ресейлік дизайнер ретінде таниды. Бұл ел арманымды жүзеге асыра алатын ыңғайлы орын болды. Бірақ, көпке дейін кейбір журналдар менің Қазақстаннан екенімді білгенде суретімді баспай қойған кездер болды. Олардың бұл әрекеттері мені, керісінше, жігерлендірді, – дейді сол кезде Гүлжан.
Гүлжанның фэшн-индустриядағы атағынан қазір ат үркеді. Талай «мен» деген сәнгерлердің өзі онымен санасуға мәжбүр. Ресейдің экстрада жұлдыздарының сахнадағы образдары да Гүлжанның қолынан шыққан. Олардың қатарында Жасмин, Алсу, Андрей Макаревич, «Отпетые мошенники» солистері бар екенін айтуға болады. Бизнес-элита өкілдері үшін де Гүлжанның киімдерін кию – мәртебе.
Теміртаулық модельер-конструктор Ұлыбританиядағы ең беделді Сент-Мартинс колледжін бітірді. Кейіннен Лондон мен Мәскеуде бутиктер ашты, Ресейдегі коллекцияларының беделді көрсетілімдеріне қатысты. Гүлжан Стейн «Image Control» орыс-ағылшын сән үйінің бас модельері ретінде жұмыс істеді.
Айтуға оңай болғанымен, Гүлжан арманын орындау жолында талай қиындықтан өткенін айтқан екен сұхбатында. «Мені көргендер көзі жайнап тұрады деп айтатын. Бірақ, ол қарнымның ашқанынан еді» деген «Қазақстан аруы» мектептің жертөлесінде де тұрғаны еске алады. Бірақ, қиындық оны шыңдай түсті, жігерін жаныды. «Арманыңа жету жолында тоқтап қалуға болмайды» дейді ол. Дәл Афрасиабтың айтқанындай. Гүлжанның қолынан шыққан түрлі образдар талайдың мәртебесін өсіріп, талайдың сән-салтанатына айналды. Оның қолынан шыққан әр образдың ғұмыры ұзақ, салмағы ауыр. Ал, өзі ше?! Отқа жанбай, жігері жасымай қиындықты жеңді. Дәл інжу тәрізді…
Қайда жүрсе де, қандай болса да, қазақ екенін ұмытпаған жерлесіміз Гүлжан Стейннің өмірі кейінгіге үлгі екені айдан анық.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»