Жаңалықтар

Интернет-алаяқтарға алданбас үшін…

Облыстық криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел әрекеттерінің нәтижесінде интернет-алаяқтыққа қатысы бар 8 күдіктінің қылмыстық әрекеті әшкереленген.

Сурет: Ашық дереккөз

Өкінішке қарай, алаяқтардың құрығына түсіп, алданып қалған тұрғындардың саны азаяр емес, деп хабарлайды  Қарағанды облысының Полиция департаменті.

– Жыл басынан бастап интернет-алаяқтыққа қатысты 508 арыз тіркелді. Мәселен, Осакаров аудандық полиция бөлімінің өндірісінде Қазақстан Республикасы ҚК-нің 191-бабымен (Алаяқтық) қозғалған 12 қылмыстық іс бар. Күдікті аудан тұрғындарының сеніміне кіріп, оларды алдап, ақпараттық технологиялардың көмегімен тұрғындарға онлайн несие рәсімдеген. Жәбірленушілерге 12 миллион теңге көлемінде шығын келген. Жүргізілген арнайы жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы азамат ұсталып, мойындау көрсетпе белгісін берді. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қамауға алу, бұлтартпау шарасы қабылданды, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

    Сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтықтың 9 дерегіне қатысы бар 24 жастағы күдіктіні ұстаған. Қылмыс салдарынан жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 7 млн теңгеден асқан.

Абай аудандық полиция басқармасына 53 жастағы қала тұрғыны шағымданған. Жәбірленушінің телефонына белгісіз біреу банк қызметкерімін деп хабарласып, есеп шотын сақтандырамын деген желеумен алдап, 10 млн теңгеден астам ақшасын жымқырған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдіктіні іздестіріп жатыр.

Сонымен қатар Әбіл Әбілдин интернет-алаяқтардың әрекеттерінен хабары бар бірқатар тұрғынның олармен сөйлесіп, алдауына түспегендерін де атап өтті.

Қала және облыс тұрғындарына Полиция департаменті ескертеді,  алаяқтардың арбауына түспеу үшін банк қызметкерлерінің ешқашан сіздің жеке ақпараттарыңызды сұрамайтынын, күдік тудыратын сілтемелерге кірмеу керектігін, өздеріңіздің жеке деректеріңізді бөгде адамдарға бермеуге, сонымен қатар егер тұрғындарға банк қызметкеріміз деп хабарласса, бірден телефон тұтқасын қойып, банктың Call орталығына немесе полицияға хабарласу қажеттігін еске салады.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button