«Инспектор үшін бөтен бала болмайды»
Қоғамның, сіз бен біздің тыныштығымыз үшін уақытпен санаспай жұмыс істейтін полиция қызметкерлерінің еңбегін жете бағаламай жататынымыз рас. Олардың күн сайын атқаратын, көзге көрінбейтін істері қоғамның тұтастығын сақтап, тұрақтылығын қамтамасыз етуге тікелей байланысты екенін ойланбаймыз. Дегенмен, халықтың «полицияға сенбейміз!» деген қалыптасқан сыңаржақ пікірін өзгерту үшін мемлекет тарапынан да түрлі реформалар қолға алынып, мамандықтың мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Ал, өмірін қатерге тігіп, адам өмірін сақтауда, бейбітшілік пен тыныштықты орнатудағы олардың еңбектеріне әділ бағасын беру – бүгінгі міндет. Себебі, көпшіліктің сын-пікіріне қарамастан, олар өз істеріне адал. Ал, осы орайда ювеналды полиция тобы инспекторларының еңбегі ерекше атауға тұрарлық. Себебі, баламен жұмыс – шетін дүние. Бұл жерде мүлт кетпейтін кәсібилікпен қатар, үлкен жүрек те керек.
Танымайтын адамның Қарағанды облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әсел Омароваға жақындай қоюы қиын. Сырт қарағанда өте суық көрінетін полиция подполковнигі сөзге де сараң. Бірақ, бұл – алдамшы сезім. Әсел Бақытжанқызын сөйлету үшін бала туралы сөз қозғау керек. Сол кезде ағынан жарылған полиция қызметкері көз алдыңызда жан-жағына мейірім төккен, бар баланы бауырына тартып, махаббатын арнауға бейіл қамқор анаға айналып, көзінде ерекше бір ұшқын пайда бола қалатыны бар. Оны өзі байқамайтын да шығар, әсте. Бірақ, балаға қатысты дүниеге бейжай қарай алмайтын оның бұл өзгеше түрленіп шығуы алдымен жауапкершілігі, содан кейін жұмысын ерекше жақсы көруінен.
Әсел Омарова полициядағы қызметін әуелде 2006 жылы Қарағанды қаласы полиция басқармасының Орталық полиция бөлімінде мектеп инспекторы болып бастап, алты жылдан кейін аға инспектор лауазымына көтерілген. 2022 жылы облыстың полиция департаментіне ауысты. Инспектор ретінде жиырма жылға жуық қызмет етіп, подполковник дәрежесіне көтерілген полиция қызметкері осы уақыт аралығында талай баланың өміріне араша болып, талайының тағдырына оң әсер еткені бар.
Бірақ, бұны ерлік емес, қызметтік міндетім, адам ретіндегі борышым деп санайтын Әсел бала жүрегіне жол табу үшін алдымен олармен сөйлесе білу керек екенін де айтады.
«Адамның адамгершілігі, кеңпейілдігі, мейірімділігі балаға қарым-қатынасы арқылы өлшенеді» (В.Сухомлинский).
Әсел Бақытжанқызының балалары көп. Өзі өміріне араша түскен әр баланы бір-бірінен бөлмей, «балаларымның бәрін жақсы көремін!» дейтін подполковниктің жиырма жылда қанша отбасын күйреуден аман алып қалып, қанша баланың өмірге, адамдарға, полицияға деген сенімін жоғалтпауына қанша еңбек сіңіргенін өзіңіз бағамдай берсеңіз болады.
…Бірақ, өзі туралы айтуға сараң. Жұмысы туралы сұрай қалса, қысқа жауаппен ғана шектеліп, қайтадан қызмет бабындағы подполковник кейпіне енетін аға инспектордың өзі туралы айтуға уақыты да жоқ.
Себебі, облыстағы 317 682 баланың жаза баспауы, қылмысқа бармауы, оларға қатысты қылмыстың жасалмауына жауапты небары 145 инспектор ғана. Облыс бойынша ақпараттың барлығы дәл осы Әсел Омароваға келіп түседі.
– Жұмысымыздағы басты мақсатымыз – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу. Одан бөлек, балалар қараусыз қалмауы, оларға қатысты қылмыс жасалмауы үшін отбасылармен де жұмыс істейміз. Ең бастысы – балалардың өмірі мен денсаулығы біз үшін маңызды, – дейді Әсел Бақытжанқызы.
Жалпы, ювеналды полиция қызметкерлері ең алдымен қолайсыз, яғни, не әкесі, не анасы спирттік ішімдікке әуес отбасылармен жұмыс істейді. Бірақ, толық отбасында да проблема болуы мүмкін, олар да ювеналды полиция назарынан тыс қалмақ емес.
– Отбасыларды санатқа бөлмейміз. Себебі, материалдық жағдайы жақсы жерде де балаға қатысты проблема болуы мүмкін. Оны болжау мүмкін емес, – дейді Әсел Бақытжанқызы.
Ювеналды полиция негізінен арыздар бойынша, болмаса, мектептерден келіп түсетін хаттамалар, ұсыныстар бойынша жұмыс жасайды. Алдымен отбасылармен жұмыс жасап, түсіндіру жұмысын жүргізетін инспекторлар отбасыларды бірден есепке алмайды. Түзелуге ниеті болмаған отбасылар ғана арнайы есепке қойылады. Бірақ, ювеналды полиция тобының жұмысы мұнымен тоқтап қалмайды.
– Отбасыларды есепке алғаннан кейін тағы да жұмыс жүргіземіз. Ата-аналар өзгеруге құлықсыз болып, балаларын тиісті түрде қарамаған жағдайда ғана Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша жауапқа тартамыз, – дейді Әсел Бақытжанқызы.
Аға инспектор облыста 880 отбасы есепке алынса, оның 530-ы – қолайсыз отбасы. Дәл осы отбасыларда 1113 бала тәрбиеленуде.
Жұмысының басты мақсаты – бала қауіпсіздігі болып табылатын ювеналды полиция тобының инспекторлары бірқатар жағдайларда дәл осы баланың мүддесі үшін де әрекет ететіндерін де айтады. Мәселен, девиантты мінез-құлқы бар балаларды арнайы мекемелерге жібереді.
Егер бала қылмысқа бейім болса, үйден жиі кетіп қалып, орта білім алудан бас тартса, онда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралғаннан кейін іс сотқа жіберіледі. Содан кейін ғана балаға түзелуге мүмкіндік беріледі ме, болмаса, түзету мекемесіне жіберіледі ме, сот шешеді.
– Баламен жұмыс барысында барлығын өз бойымыздан өткіземіз. Қиын болатын кездер де бар. Әлі есімде, 2008 жыл болуы керек, ата-анасы ішімдікке салынған бала өзімен-өзі қараусыз қалған. Бірақ, дер кезінде жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде бала бүгінде Қазақстанның заңға бағынатын азаматы болып өсті. Қазір жақсы қызметте. Бұл – ең бірінші баланың өзінің ерік-жігері, дұрыс адам боламын деген жан қалауы, баламен жұмыс жасаған инспекторлардың еңбегі. Қолайсыз отбасында өссе де, білім алып, кейін жақсы жұмысқа орналасып, еліміздің елеулі азаматы болуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Осындай балаларымызбен мақтанамыз, – дейді Әсел Омарова.
Подполковник бала қолайсыз отбасында өсті екен деп, оны да сол санатқа телуге болмайтынын айтады. Керісінше, дәл осындай отбасынан шыққан балалар жақсы адам болып өсетініне инспекторлардың өздері куә.
– Ювеналды полиция тобының инспекторлары үшін бөтен бала жоқ. Олардың барлығы – біздің балаларымыз. Мақтан етеміз, әрқайсысының жетістігі үшін қуанамыз. Баламен жұмыс жасау барысында олар – бізге, біз – оларға үйреніп кетеміз, – дейді Әсел Омарова.
Инспекторлар арасында ер адамдар да бар. Әсел Бақытжанқызы балаға ер адамның қолдауы керек болатын кездер де болатынын айтады. «Үйде – анасы, мектепте мұғалімдер де әйел адамдар. Жасөспірім өзі тұлға көріп, үлгі тұту керек болғанда, ер адамдардың ақылы керек, әрине. Балаға қатты айтып, дұрыс жолға салып жіберетін де осы инспекторлар», – дейді ол.
Қарағандыда жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыс жыл сайын азайып келеді. Мәселен, өткен жылдың бес айында 49 қылмыс жасалса, биылғы бес айда 44 қылмыс жасалған. Бұл, әлбетте, аптаның жеті күні, 24 сағатында бала үшін жанын пида етуге дайын ювеналды полиция тобының инспекторларының алғаусыз еңбегі.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz