Руханият

Інісін Кемпірбайдың білеміз бе?

Қазақ ауыз әдебиетінде айрықша орны бар дүлдүл ақын, ХІХ ғасырда ерекше дамыған айтыс өнерінің ақтангері Кемпірбай Бөгенбайұлы атамыз 1834 жылы қазіргі Қарқаралы ауданына қарасты Арқалық тауларының ішіндегі Айыр­таста дүниеге келген. Кемпірбай атамыздың қорасы сол Ар­қалықтағы Әтеби мен Қарабұлақ қыстақтарының ара­сында әлі бар. Осы жерге арнайы белгі қою – арман болып қала берді…

Сурет e-history.kz сайтынан

Кемпірбай ақынның артында қалған азды-көпті мұраларын іздес­тіріп, жинастырып жүрген ешкім жоқ десек, артық айтқандық емес. Тіпті, оның руының өзін сан-саққа жүгіртіп, біреулер Қазымбет десе, екіншілері Орманшы, Сүйіндік деген сияқты пікір білдіреді екен. Ал, шындығында, Кемпірбай ақын Қаракемпірдің ішіндегі Ағымнан тарайды. Оның әңгімешіл, әзілқой, керек жерінде суырып­салмалық өнері бар інісі Текебай туралы көпшіліктің біле бермеуі мүмкін. Біз осы жерде Кемпірбай атамыздың інісі Текебай туралы бұрын ешқайда жарияланбаған мына бір деректерді көзі қарақты оқырмандарымызға ұсынбақпыз.

Бұл деректерді өткен ғасырдың   80-жылдарының аяғында әкем Смағұл Әбділдәұлынан жазып алған едім. Кемпірбай атамыздың ата-тегін шежірешілер былай таратады. Қаракесек (Болатқожа) – Ақша – Бошан – Таз – Бұлбұл, Бұлбұлдың бәйбішесі Қаракемпірден (шын аты Рабиға болса керек) Қожамжар Атымтай, Ағым, Қосай, Қойбақ Татымбай тарайды. Соның ішінде, Татымбайдан біздің әкелеріміз тарайды. Ал, соның Ағымынан Қияқ, одан Қызық, одан Сұңқарбай, Бұқарбай, Қалабай, Жиенбай, Бөгенбай тараса, кейінгісінен Кемпірбай, Текебай, Кемпірбайдан Серкебай туады.

Бөгенбайдың үлкені Кемпірбай болса, кішісінің аты – Текебай. Кейбір жөнін білмейтіндер олардың руы «Қазымбет» деп жүр. Олай емес. Олар Қазымбетке жиен. Өйткені, олар Қаздауыс­ты Қазыбек бидің жиендері ғой. Ертеректе руы Қазымбет Жолшора деген қазы болған екен. Яғни, Жолшорамыз – Кемпірбай мен Текебайға нағашы. Сол Жолшораның туысқандары ауылда әлі де бар. Мысалы, сол Жолшора қазының жақыны Әбәйділда деген менің бөлем болған еді. Қазір дүниеден өтті. Соның үлкен баласы Рахман – Қарағанды қаласында үлкен дәрігер.

Кемпірбай мен Текебай әкелері ертерек қайтыс болып, жетім қалады. Текебай жезделерінің қасына барып, сол Жолшораның қозысын бағады екен. Жазғытұрым қой қоздап болғаннан кейін таудан көшерде Жолшора бай бір жерден келе жатса, Айыркезең тауының бір саласынан түтін шығып жатқанын байқайды. «Бұл, немене түтін» деп келсе, Текебай Жолшораның бір қозысын сойып тастап, шелекке салып, тастың арасына от жағып, пісіріп отыр дейді. Сол кезде Текебай 9-10-дағы бала болса керек. Оны көре салып, Жолшора Текебайға: «Мынауың не?»  деп ұрысса, «Асығын алайын деп едім» депті.

Жолшора үйіне келіп бәйбішесіне айтып, «Мына Текебай әлден бұлай істеп жатыр, жаздай қозыдан қозы қалдырмас, жетім ғой деп аяп көшіріп алып едім, көшіріп жіберейін «бар, шақырып кел!», деп бір жігітті жібереді. Әйтпесе, ертең жайлауға көшкенде жұртқа тастап кетуіміз керек» дейді.

Сол кезде Жолшораны «қазы» дейді екен. «Қазы» деп өте беделді адамдарды айтатынын білеміз. Қазының айтқаны қашан да екі етілмеген. Жіберген жігіт Текебайға келіп, «Сені Қазы шақырып жатыр», – дейді. 

– Мені неге шақырады, – дейді Текебай. Сонда хабаршы жігіт айт­қан екен. 

– Сені көшірем, – деп жатыр. «Жас күнінен қозы сойып жатыр, бара-бара түгімді қалдырмас деп айтты», – дейді. Сонда Текебай:

 – Ол кісінің қозысын сойып тастадым, алдына қалай барам, «Текебайдың жұртында, Жолшора қапты» дегенше, оның жұртында мен-ақ қалайын, өзі көшсін депті. Хабаршы бұл сөзді айна қатесіз Жолшораға айта келеді. Сонда Жолшора, «Ойпырым-ай! Мына ит сөз тауып, жеңіп кетті-ау! Бәрін сойып жесе де, жүре берсін, тимеңдер!» деген екен.

Бір ауыз сөзге тоқтаған мұның өзі әулиелік қой. Ондай мәрттік қазір шыға қоюы қиындау ғой.

Осы жерде айтайын дегенім сол қазы Жолшораға Кемпірбай мен Текебай жиен болмаса, оған келіп, қиын кезде паналар ма еді?! 

Текебайдың әзілқой, суырыпсалма ақын болғанын дәлелдейтін тағы бір мы­сал келтіре кетейін. Парасатты қасиеттерінің арқасында елге сыйлы ел ағасы ақын атанып, ел аралап жүргенде бір күні Жарылғаптың бір ауқатты байының үйіне ат басын тірепті. Ол кезде қонақ келсе, қой сою, бата жасату үйреншікті дәстүр ғой. Оның үстіне атақты Текебай ақын келіп отырғанда бір қойды алып ұру айдай алмай отырған байға сөз болып па?! Үй иесі төр алдында жантайып жатып, жалшысына «қой алып келіп, бата жасат» дейді. Жалшы байғұс бай айтқан соң бір семіз қойды табалдырықтан сүйрей кіреді. Бірақ, ол асығып жүргенде құйрығы құрттап, кеспек байлаған қойды сүйреп келгенін байқамаса керек. Құрттағанда байлаған кеспектің бір ұшының қылтиып көрініп тұрғанын байқап қалған Текебай соятын қойға бата жасай отырып, шіріген байды бір ауыз өлеңмен шалқасынан түсірген екен:

– Бұл өзі құнан қой ма, дөнен қой ма,
Мойнында мылтығы бар, мерген қой ма?!
Жаман жыл болғанда жан сақтайды,
Тіл алсаң, осы қойды, тіпті, сойма! – деген екен.

Мұны естіген бай жалшысына жекіп, Текебайдан кешірім сұрап, желіде байлаулы тұрған семіз құлынын әкеп сойғызған екен.

Осы бір ауыз өлеңнің өзінен-ақ Кем­пір­бай ақынның інісі Текебайдың да өнерден, өлеңнен құралақан емес, табанда суырып өлең шығаратын ақын екенін байқауға болады. Ақындармен айтыспаса да, ел арасында қалған өлеңдері көп деп естуші едім. Жас кезімде соның бәрін естігеніммен қазір көбі есте қалған жоқ. Ал, Кемпірбайдың Шөжемен айтысы және Әсет ақынның ауырып жатқанда іздеп келіп өлеңмен қоштасулары ел аузында аңыз. 

Рымбек СМАҒҰЛОВ,
Қазақстан Мәслихаттарының Құрметті депутаты,
Ақпарат саласының үздігі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button