Бас тақырыпОблыс әкімі

Инфляция дәлізі немесе аймақ дамуының алдағы бес жылы

Кеше облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен кезекті бейнеселектор режиміндегі аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде өңірдегі инфляция деңгейі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы, бизнесті қолдау мен дамытудағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысы туралы ауқымды екі мәселе қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселелер талқыланбас бұрын өңір басшысы аймақтағы кадрлық ауыс-түйіске тоқталып, облыстың қаржы басқармасының жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға конкурстық іріктеу бойынша Людмила Башарина тағайындалды.

Бұдан әрі аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталып, алдағы уақытта атқарылар ауқымды жұмысты тілге тиек етті.

  • Біздің негізгі міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл ең алдымен – тұрғындардың табысының өсуі. Осы тұрғыда Елбасы ұсынған басым бағыттар да бар. Ол бағыттар бойынша да біраз шаруа атқарылды. Яғни, ең төменгі жалақыны жоғарылату, тарифтерді және өзге де бағаларды төмендету арқылы отбасылық бюджеттің жүктемесі жеңілдеді. Бұл ретте, халықтың нақты табысының өсуіне инфляция деңгейі де әсер ететінін айта кету қажет. Тұтыну бағаларының индексі төмен болса, халықтың нақты табысы соғұрлым жоғары болады. Сондықтан, бұл мәселе – өте маңызды, – деді аймақ басшысы.

Бұл ретте, өңірдегі инфляция деңгейі туралы облыстың экономика басқармасының басшысы Ораз Таурбеков баяндады. Оның айтуынша, осы жылғы қаңтар-наурыз аралығындағы өңірдегі инфляция жағдайы 1,4%-ды құрап отыр. Үш ай көлемінде азық-түлік тауарларының құны 3,3%-ға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 0,9%-ға өскен. Ақылы қызмет құны 0,4-%-ға төмендеді.

2019 жылға белгіленген инфляция дәлізі – 4-6%-ды құрап отыр. Аталған дәлізді бағдарлай отырып, алдағы 2020-2024 жылдарға арналған өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен өңірді дамыту бағдарламасы сынды стратегиялық құжаттарды әзірлеу де қолға алынды.

Өз сөзінде Ораз Таурбеков азықтүлік бағасына тоқтала келе биыл қырыққабат құны 70,7%-ға өскенін тілге тиек етті. Бұл жайт аймағымыздағы қырыққабат қоры таусылып, оның Өзбекстаннан жеткізілуімен түсіндіріледі. Қазір республиканың оңтүстік өңірлерінен, сондай-ақ, көрші Өзбекстан мен Қырғызстаннан өнімді тікелей жеткізу мәселесі пысықталуда. Бірлескен Өзбекстан-Қазақстан компаниясымен өнімді тікелей жеткізуді ұйымдастыру жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Бұл ретте, аймақ басшысы аталған көкөніс түрін егу ауданын ұлғайтуды тапсырған еді. Сөйтіп, алдағы уақытта бағаның өсуіне жол бермеу үшін осы жылы қосымша 100 гектар жерге қырыққабат отырғызылып, оның жалпы ауданы 500 гектарды құрамақ. Нәтижесінде, көкөніс өнімділігін 14 мың тоннадан 20 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік пайда болады.

Келер жылы Қарағандыдағы Көгілдір тоған ықшам ауданындағы 27 гектар жерге ірі сауда орталығы салынады деп жоспарлануда. Мұнда азық-түлік өнімдерінің 130 мыңға жуық түрі сатылатын болады.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – бизнесті қолдау мен дамытудағы мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асу барысы. Бұл ретте, «Жастар жылы» аясында республикалық бюджеттен 27 млн. теңге қаражат бөлу қарастырылып жатқанын айта кету қажет. Сондай-ақ, сәуірде облыстық бюджетті нақтылау кезінде несиелерді кепілдендіруге тағы 100 млн. теңге бөлу жоспарланып отыр.

Бағдарлама бойынша 260-тан астам жобаны қолдау көзделуде. Бүгінде 4,5 млрд. теңге инвестиция сомасына 51 жоба іске асырылды. Оның ішінде субсидиялау құралы бойынша 36 жоба және кепілдік беру бойынша 15 жоба тағы бар. Нәтижесінде, жаңадан 234 жұмыс орны ашылды.

Биылғы қолдау көрсетілген жобалардың салалық бөлу қағидаттары өзгерген жоқ. Бұрынғысынша өңдеуші өнеркәсіп саласындағы жобалар көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш 28%-ды, көлік және логистика бойынша – 25%-ды, сервистік қызметтер – 20%-ды, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы қызметтер – 11%-ды, туризм және сауда 8%-ды құрауда.

Туризм саласы бойынша Балқаш қаласында демалыс аймағын салу және қонақүй-мейрамхана кешені аумағын абаттандыру, сондай-ақ, Бұқар жырау ауданындағы «Березняки» шипажайын қайта жаңарту жобалары мақұлданды.

Мектепке дейінгі білім беру саласында да кәсіпкерлер белсенділігі айтарлықтай. Мәселен, облыс орталығындағы «Нұрлы Балақай» ЖШС басшылығы балабақша ашу үшін жылжымайтын мүлік сатып алса, денсаулық сақтау саласында «Медиа фарм» ЖШС жобалары да қолдау тауып отыр.

Өңірлік бөліністе барлық қолдау құралдары бойынша мақұлданған жобалардың 69%-ы қалаларға (35 жоба) тиесілі. Қазіргі уақытта Қарағанды (27,5% немесе 14 жоба), Жезқазған (17,6% немесе 9 жоба) және Теміртау (10% немесе 5 жоба) қалаларындағы кәсіпкерлер белсенділігі жоғары. Бұл ретте, Жаңаарқа (10% немесе 5 жоба), Осакаров (7,8% немесе 4 жоба), Нұра (6% немесе 3 жоба) аудандары да белсенділік танытып отырғанын айта кету қажет.

Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны да артуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 2014 жылмен салыстырғанда 51,4%-ға көбейген. «Бизнестің жол Картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылдан бері өңірде тегін 14 мыңнан астам адам оқытылды. Соның ішінде, «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 13,4 мың адам оқытылса, топ-менеджмент саласына қатысты шағын және орта бизнестің 229 басшысы білімін жетілдіре алды. Бұдан бөлек, «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша 292 кәсіпкерге қолдау көрсетілді. Сондай-ақ, бизнес-жоспарларды әзірлеу бойынша сервистік қолдау, бухгалтерлік және заңнамалық кеңес тұрғысынан 15 мың кәсіпорынға қызмет көрсетілді.

Жалпы, өңірде «Бизнестің жол Картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасында белгіленген мақсатты индикаторлар орындалғанын, оларды орындау мерзімі 2020 жылға дейін жалғасатынын да айта кету қажет.

Жиын соңында аймақ басшысы өңірдегі су тасқыны мәселесіне де тоқталды. Мәселен, биыл өткен жылдармен салыстырғанда жауған қар мөлшері 80%-ға жоғары болды. Десе де, облыс әкімі аймақта қызыл су қаупі сейілгенін жеткізіп, алдағы жылдары апаттық жағдайға тап болуы ықтимал 33 елді мекенге қатысты жеке-жеке алдын-алу жоспарлары жасалғанын айтты. Бұл елді мекендерде қорғаныс нысандары тұрғызылды. Мұндағы мақсат – тұрғындар үрейін сейілтіп, алдағы жылдары су басу қаупін болдырмау.

Сондай-ақ, аймақ басшысы өңірдегі қалалар мен аудандардың санитарлық тазалығы мен абаттандыру мәселесіне де ерекше тоқталды. Осы мақсатта бейнеселектр режиміндегі аппараттық жиынға мәслихат хатшылары, облыстағы, қалалар мен аудандардағы Қоғамдық кеңестердің төрағалары да қатыстырылды. Ерлан Жақанұлы өңірдегі санитарлық тазалық мәселесі көңіл көншітпейтінін тілге тиек етті.

  • Кеше Қарағандыдағы 28-ші шағын ауданда болып, үлкен бір аулаға атбасын бұрдым. Кәрісі бар, жасы бар демалып отырған тұрғындар көзіме шалынды. Алайда, айнала қоқыстан көз ашпай тұр екен. Олар болса емін-еркін демалып отыр. Сол тұрғындарды ұйымдастырып, аула тазалығына мән беру қажет емес пе? Учаскелік полиция қызметкерлері қайда қарап отыр? Аула тазалығына нұқсан келтірген тұлғаларға неге айыппұл салынбайды? Бұл тек облыс орталығына ғана қатысты жағдай емес. Барлық қала және аудан әкімдеріне, учаскелік полиция қызметкерлеріне айтып отырмын. Ешкімді де аямаңыздар. Айыппұл салыңыздар! – деді Ерлан Қошанов.

Аймақ басшысы облыс орталығының ажарына жауапты архитекторлар мен суретшілер қызметін де сынға алды. Оған себеп – мерзімі өткен әлеуметік жарнамалар.

– Қадағалау жеткіліксіз. Дүкен иелері тұтынушыларды қызықтырамын деп маңдайша жазуын бірінің үстіне бірін іледі. Пәтер иелері кооперативі пайда көру үшін баннерлерді үй қабырғасына ілуге рұқсат беруде. Нәтижесінде, қала тұрғындарының ашуын туғызатын тартымсыздыққа тап болдық. Мұны шаһар қонақтары да түсінбей жатады. Тәртіпке келтіріңіздер! – деді өңір басшысы.

Өз кезегінде Ерлан Қошанов 11 сәуірден бастап, жарнама туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер өз күшіне енетінін де ескертті. Жаңа заңға сәйкес, тротуар мен жол бойына қарасты сөредегі жарнамаларға салық салынатын болады.

Жиын соңында өңір басшысы өз орынбасарларына мен аудан және қала әкімдеріне, департамент және басқарма басшыларына тиісті тапсырма беріп, сала-сала бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДА

Басқа материалдар

Back to top button