Бас тақырыпМедицина

Инфекция ырыққа көнер емес

Өңірде маусымдық респираторлық инфекциялардың, тұмау және коронавирус инфекциясының өсуі байқалады. Бұл жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин айтты.

Сурет: postimees.ee сайтынан

Қарағанды облысында жыл басынан бері коронавирус инфекциясының 36 жағдайы тіркелді. Қаңтарда – 19, ақпандағы 14 күнде 17 адамның ауырғаны анықталды. Коронавирус инфекциясы – жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын жедел вирустық ауру. Оны кез келген жастағы адам жұқтыруы мүмкін.

– Эпидемиялық маусым бас­талған 1 қазаннан бері облыста ЖРВИ-дың 72 мыңнан астам жағ­дайы тіркелді. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, сырқаттанушылық 2 есе өскен. ЖРВИ-мен ауырғандардың негізгі үлесі, яғни, 61%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар, – деп атап өтті Юрий Залыгин.

Сонымен қатар, ол қараша айынан бастап, тұмаудың тіркеліп жатқанын да тілге тиек етті. Дерек бойынша зертханалық жағдайда тұмау вирустары бар 80 үлгі анықталды. Оның 41-і 14 жасқа дейінгі балалар арасында, қалғаны ересектер арасында тіркелді. Расталған тұмау вирусының барлығы А3 субтипіне жатады. Тұмау жағдайлары облыстың Приозерск қаласынан басқа барлық аумақтарында тіркеліп отыр.

– Департамент тұмау емес вирустардың айналымына мониторинг жүргізеді. Осы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ белгілері бар науқастардан 1070 үлгі сынама алынды. Оларда риновирус, аденовирус, РС-вирус және басқалары анықталды. ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық көтерілуінде респираторлық инфекция белгілері бар адамдармен байланыста болмау, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан бас тарту, жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрын мен ауызды жабуды ұсынамыз, – деді спикер.

Жыл басынан бері қызылша жұқтырғандардың саны 500-ден ас­қан. Нақтыласақ, 562 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылықтың жо­­ғары көрсеткіші Қарағанды, Балқаш, Шахтинск қалаларында, Ақтоғай және Қарқаралы аудандарында байқалады.

– Аурудың жас құрылымында 14 жасқа дейінгі балалар басым. Олардың үлесі – 63%. Оның жартысы 1-4 жас аралығындағы балалар. Ауру көбінесе екпе алмаған адамдар арасында тіркелуде. Бұл 88%-ды құрайды. Қызылша жұқ­тыр­ғандардың өсуі оған қарсы екпе алмаған балалардың есебінен көбеюде. Себебі, ауырған балалардың 89%-ы екпе алмағандар қатарынан, – деді Юрий Леонидович.

Облыста қосымша жаппай иммундау шеңберінде 58 522 адам егілген. Олардың 4 619-ы 6-11 ай аралығындағы балалар және 35 203-і екіден төрт жасқа дейінгі балалар.

Ауру ауыр өткен жағдайда науқастың көру, есту қабілеті жиі зардап шегеді. Бауыр мен бүйрекке де кері әсер етеді, иммунитетті бұзып, пневмония, бронхит, панэнцефалит сияқты асқынулар тудыруы мүмкін. Қызылшаға қарсы екпе оның асқынуларын болдырмайды. Бұл инфекциялар қаупінен сақтанудың әдісі – вакцинация. Бұған тек профилактикалық егулерді кеңінен жүргізудің арқасында қол жеткізуге болады. Қазіргі уақытта Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы түрде уақытылы егілмеген 18 жасқа дейінгі адамдарды толықтыра иммундау жүргізілуде.

– Аталған вирустық инфекциялар ауа тамшылары жолымен жұғады және олардың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – халық көп жиналатын жерлерде маска тағу. Қызылша, COVID-19, тұмау және басқа да ЖРВИ сияқты жұқпалы аурулардың таралуының алдын алу мақсатында республиканың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы шықты. Оған сәйкес адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағу ұсынылады. Қоғамдық орындарда медициналық немесе матадан жасалған маскаларын пайдалану ұсынылды. Сондықтан, қоғамдық орындарда маска тастамай жүрейік, – деді департамент басшысы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button