Медицина

Иммундау шаралары үзілмеуі тиіс

Сәуірдің соңғы аптасында дүние жүзі жыл сайын иммундау апталығын атап өтеді. Биылғы ұстаным – «Ауқымды иммундау!» Шараның мақсаты – иммундау мәселесіне халық назарын аудару және ақпараттандыру. Вакциналау – денсаулық сақтаудың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Ол бүкіл әлемде инфекциялармен күресудің ең тиімді, үнемді әрі қолжетімді құралы ретінде танылды. Алайда, ата-аналар арасында белең ала бастаған вакцинациядан бас тарту тенденциясы оған сенімнің азайғанын көрсетеді. Бұл ретте дәрігерлер екпеге қатысты ел арасындағы жаңсақ пікірді жоюға, оның пайдасын жеткізуге бағытталған шаралар ұйымдастырады.

Профилактикалық екпелер 12 ауруға қарсы міндетті вакциналауды көздейтін Ұлттық екпе күнтізбесі шеңберінде жүзеге асырылады. Бұдан басқа, екпелер жекелеген кәсіптік топтарға, аса қауіпті инфекциялар бойынша қолайсыз елдерге баратын табиғи-ошақты аурулармен аурушаңдық деңгейі жоғары аумақтарда тұратын адамдарға және инфекциялар ошағында эпидемиялық көрсеткіштер бойынша жүргізіледі.

– Иммундау – бұл өзінің тиімділігін дәлелдеген, денсаулық сақтаудың үнемді шарасы, миллиондаған баланың өмірін сақтайды және миллиондаған адамды аурулар мен мүгедектіктен қорғайды, – дейді қалалық бірінші медициналық-санитарлық көмек орталығындағы баланы дамыту кабинетінің педиатры Мариям Татанова.

Дәрігердің айтуынша, соңғы кездері көптеген ата-аналарды «балаға екпе салу қажет пе, жоқ па?» деген сұрақ толғандырады екен.

– Бүгінде екпенің зияны туралы түрлі ақпарат көздерінен жиі кездестіруге болады. Сондықтан, ата-аналар екпеден бас тартып жатады. Алайда, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Мәселен, қазіргі уақытта қызылшаның таралуы қаупі бар. Әлемде 150 мыңға жуық жағдай тіркелді. Оның себебі, ұжымдық иммунитеттің түсуі. Екпеден бас тарту арқылы қоғамдағы ұжымдық иммунитет әлсірейтінін есте ұстаған жөн, – дейді Мариям Күмісбекқызы.

Айта кетерлігі, барлық екпелер тегін жасалады. Оларды қалалық бірінші медициналық-санитарлық көмек орталығында да, тіркелген емханадан да алуға болады.

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодекстің 85-бабының 5-тармағына сәйкес, жоспарлы профилактикалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық екпелер жасалады. Біріншісінде «В» вирустық гепатиті, дифтерия, көкжөтел, қызылша, қызамық, пневмококкты инфекция, полиомиелит, сіреспе, туберкулез, эпидемиялық паротит сияқты ауру түрлеріне қарсы екпе жасалады. Ал, құтыру, іш сүзегі, көктемгі-жазғы кене энцефалиті, оба, коронавирус инфекциясына қатысты екпе эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша жасалады. Оның барлығы ата-ананың немесе қамқоршысының рұқсатымен ғана жасалады.

Қазақстанда жыл сайын шамамен 5 миллион адам екпе салдырады. Оның ішінде 1,3 миллионы 14 жасқа дейінгі балалар. COVID-19 пандемиясы жоспарлы иммундау шараларын бәсеңдеткені рас. Мамандардың пайымынша, бұл аурудың алдын алуға болатын аурулардан туындайтын аурушаңдық пен өлім-жітімнің өсуіне әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан, олар иммундау шаралары тоқтамауы керек деп санайды.

– Иммундау жұмыстары тоқтаса инфекцияға бейім адамдар қатары пайда болуы мүмкін. Бұл ұжымдық иммунитеттің әлсіреуіне алып келуі ықтимал. Мәселен, бір топтағы балалардың көпшілігі екпе алған болса, ол жерде ауыратындар сирек. Керісінше, екпе алмағандар көп болса, ол жерге инфекция тез түседі, – деп түсіндірді Мариям Татанова.

Жансая ОМАРБЕК,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button