Иманы Иманақтай қастерлі еді
Бұрын елге барғанда ағаларға сәлем беріп, үй жағалап думандатып жүруші едік. Енді қорым жағалап, қол жайып, дұға оқитын болып жүрміз.
Иә, Жаңаарқаның жампоздары жердің үстінен астына көшіп жатыр. «Қарауылтөбеде» – Алаштың Ақселеуі. Анау қырда – Асекең (Асан Жұмаділдин), мынау қырда – Қалағаң (Қалиакпар Әбілдин). «Бесмаршалда» – бір Хамаң (Хамит Жаманов), көшкен сайда – бір Хамаң (Хамит Дәрібаев) жатыр. Бұға берісте – Бұқпа әкеміз (Бұқпа Әшімов), шыға берісте – Байшолақтың Қанаты. «Талдыбұлақта» – қазақ әнінің жанып-сөнген жарық жұлдызы Биғазы Тұтқабеков құрдасым.
«Алғабастың» қырына аялдай қоймаушы едік. Осыдан 40 күн бұрын бұл қырда да жас төмпешік пайда болды. Айтыстың арыстаны, азаматтың асылы, елін сүйген еңселі ер Дүйсенбай ағам (Жұмасейітов) жамбастады бұл қырға.
Құдай-ау, шетінен тұғыры биік тұлғалылар еді ғой! Екі адым қара жерге қалай сыйып жатыр?! Бәрі де руханият әлемінің періштелеріндей еді… Олардың да ажалға тәуелді екенін дәлелдеді ақырет.
…Жақында ғана Жақсыкелді Кемалов ағамның Ақжігіт есімді ұлының қазасына басу айтқан жазбамда «Қыркүйек Жаңаарқаға қырын қарап тұр» деген едім. Асылық айттым ба, жаңылыс жаздым ба… Тағы да қыркүйек Жаңаарқаны жабырқатып кетті. 22 қыркүйек күні «Дүйсағаң өмірден өтті» деген қаралы хабар естідік. Жаңаарқа тағы бір жампозынан айырылды. Күздің қара суығы тіршілік атаулыны қалтыратып тұрған. Ал, мына хабар одан да суық көрінді маған.
…Өткен ғасырдың 80-інші жылдарының жуан ортасында қазақтың айтысы «тіріліп», рухымыз асқақтағаны естеріңізде болар. Телевизиялық нұсқада алғаш ұйымдастырылған айтыста жаңаарқалық қос тұлпардың дүбіріне құлақ түргенбіз. Бірі – Дүйсенбай Жұмасейітов, екіншісі – Ермек Омаров. Бұрынғы Жезқазған облысының намысын қорғайтын команданың капитаны – әйгілі жырау Шынболат Ділдебаев. Менің екі ағам – кәнігі шабуылшылар. Команда қарсылас облысын екі ұпай айырмашылығымен жеңсе, ол Дүйсағам мен Ерағаңның олжасы болатын.
Ал, 90-шы жылдары Жаңаарқадан айтыс ақындары жауыннан кейінгі жауқазындай қаулап шықты. Қойлыбай Асанов, Аманжол Әлтаев, Жансая Жарылғапов (бүгінде үшеуі де ғылым докторы), Ғалым Сүлейменов, Жанбол Көпбосынов, Самат Жұмасейітов… Осы бір үркердей топтың жуан ортасында мен де жүрдім. Бәріміздің бас тіреп, бата сұрар ұстазымыз Дүйсенбай аға болды. Қойлекең мен Аманжолдан басқамыз – мектеп оқушыларымыз. Екі ағамыз Қарағандыда жоғары оқу орнында оқиды. Бір қызығы, сол уақытта айына бір айтыс өтеді. Айтысқа барардан екі-үш күн бұрын Дүйсенбай аға біздерді өзі тұратын Сәкен аулына алдыртады. Дайындаламыз. Спортшылардың байрақты бәсеке алдындағы жаттығу жиыны сияқты. Сәкен бабаның рухы қолдай ма, Иманақтың асқақтығы жебей ме, әйтеуір, Дүйсенбай шәкірттері Жезқазғанның айтысында жапыра жеңіп, түгелге дерлік жүлде қорын Жаңаарқаға жеткіземіз. Ауылымызға қайту жоқ. Қайтадан Иманаққа сапарлаймыз. Дүйсағамның үйінде той басталады. Жарықтық бүкіл Сәкен ауылын жинап, шәкірттерінің жетістігін жуады. Гүлбараш жеңгемнің көңілі – көлдей, дастарқаны – даладай. Кішкентай Яссауиді бесікке бөлеп тастап, аяғынан тік тұрып, қонақ күтеді. Біз де өз үйіміздей көріп, алшаң басып, Гүлбараш тәтеме еркелеп бағамыз. Біріміз ағаш жарып, біріміз самаурын қайнатып, біріміз Яссауиді ойнатып… Тіпті, айтыстардың арасы алшақтап кетсе, каникул кезінде Сәкен ауылына тартып отыратынды шығардық. Міне, осының барлығы – Дүйсенбай ағаның өрісті өнегесі мен келісті кісілігінің көрінісі.
Әлгі, біз қирата жеңіп жүрген айтыстар – жастар айтысы, оқушылар айтысы деген тай жарыстар. Ал, Дүйсағам бастап, Ұлытаудан Мұқаш аға, Ақадырдан Рамазан аға, Ақсу- Аюлыдан Света апай, Жаңаарқадан Ермек аға қосылатын жыр додасын айтыңыз. Ән мен терменің бәсін Серағам (Серік Оспанов) бермейді. Жезқазғанда күні бүгінге дейін өтіп келе жатқан «Ұлытау үні» фестиваліне сол кезде 40-тан астам ақын қатысады. Айтыс үш күнге созылады. Залда ине шаншар жер болмайды. Дүйсенбай аға осы додада бірнеше рет жеңімпаз болып, республикалық айтыста да топ жарып жүрді.
Ағалардың қалжыңы ғажап болатын. Әсіресе, Дүйсағам мен Рамазанның әзілі. Жаратылысынан момын, аңғал Мұқаш ағаны ортаға алғанда, бейнебір сатиралық театр қойылымын тамашалап отырғандай әсерде болушы едік. Қонақ үйдегі қайымдасуларын айт. Бір-бірінен іліп алып, жыр көкпарын тартады-ай келіп. Соның өзі біз үшін үлкен сахна алдындағы тамаша жаттығу болатын-ды.
Қазақ айтысының ақтаңкері, Оңтүстік Қазақстан облысының дүлдүлі Көпбай Омаровты білетін боларсыздар. Сол Көпекең дүниеден өткен уақыт. Ақынның рухына шәкірттерінің бірі ән арнаған екен.
«Басында ұлы көштің Көпбай бар-ды,
Көпбайды көрмегелі көпке айналды», – деп басталады мұңды әуен. Қашанда қуақы әзілге ұста Рамазан Сәттібай қонақ үйде осы әннің әуенімен күңірене жыр бастайды. Дәридәй Мұқаң жалғастырады. Ортамыздағы үлкеніміз – Дүйсенбай аға. Інілерінің еркелігі өзек болған қалжың былай басталатын:
«Басында ұлы көштің Дүйсенбай бар,
Одан бұрын өлем деп қисаймаңдар». Дүйсағаң көңіліне алмайды. Екі иығы селкілдеп, өзіне ғана жарасатын күлкісімен інілерін еркелете түсетін.
Ақыры, осы қалжың ақиқатқа айналды. Дүйсағамның алдына ешкім түскен жоқ. Үлкеніміз болғанымен, ерте кетті. Келте ғұмыры 64 көктем, 64 жазбен шектелді. Өзегімізді өкініш өртеп біз қалдық. Жайсаң ағаның жаназасында жабырқап тұрған Рамазан ағаның жанарынан осыдан отыз жыл бұрынғы сол қалжыңды бекер айттым ба деген өкінішті аңғардым. Өмір-ай, десеңші!
…Еңбек жолын қарапайым механизатор болып бастап, бойындағы дарыны мен талантының арқасында ел тізгінін ұстап, халық қалаулысы да болды. Аудандық газеттің Бас редакторы, мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің орынбасары лауазымдарын абыроймен атқарды. Бәрібір, Дүйсағамның әкім атынан ақын аты биік тұратын.
Жаңаарқаға керек еді Жан-Ағам! Сөз білетін, елдің шежіресін, жердің тарихын жатқа соғатын, келген мейманға Жаңаарқаны жарқыратып көрсете алатын ел тұтқасы еді. Иманы Иманақтай қастерлі еді! Ұлт рухының жоқшысы еді!
Қайтарынан тура он күн бұрын ғана телефон арқылы тілдескенбіз. 12 қыркүйек күні. Мені облыс әкімінің «Тіл майталманы» сыйлығын алуыммен құттықтап, өзі хабарласты. Үні жарқын шыққан. Науқасынан мүлде айығып кеткен жандай жарқылдап тұр.
– Сенің еңбегіңнің жанғанына қуанып жатырмын. Сендердің жеңістеріңмен жігерленіп жүруші едім ғой. Сенің бүгінгі қуанышың мені аяғымнан тік тұрғызады, Алла жазса. Жазылып кетемін! – деді. Мен де қатты қуандым. Бірақ, ол қуанышымыз ұзаққа бармады. Тура он күн өткенде, суық хабар мені Жезқазғанда қуып жетті.
…Тағы да қыркүйек. Қытымыр қыркүйек. Қара жамылған қараорман. Жабырқаған Жаңаарқа. Жаназаңа жер қайысар ел жиналды. Ол – Сіздің мәңгі өлмейтін абыройыңыз, Аға! Қабіріңізге бір уыс топырақ салып тұрып, Сіз айтатын жақсы сөздің соңғы түйіні, Сіз жазатын жақсы өлеңнің соңғы шумағы алақанымнан сусып бара жатқанын сездім, Аға!
«Ат аунап тұрғанша ақыл тауып кететін» амалыңызды ажалға неге қолданбадыңыз, Аға?
Қош, Аға! Қанатың болған Саматыңа, ауырғанда күтіміңді күйттеген Яссауиге ғұмыр берсін!
Ерсін МҰСАБЕК