Ілкімді істердің бастауы
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында «Міндет – 3 жыл ішінде АӨК-дегі өңделген өнімнің үлесін 70%-ға арттыру» қажеттілігін баса айтқан болатын. Осы мәселені жүзеге асыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске қосылды. Ауыл шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін арттыру, кооперативтер құру және олардың жұмысын жетілдіру мақсатында Бұқар жырау ауданында «Ең алдымен – адамдар, өңірдің дамуы мен тұрақтылығы» форумы өтті. Оған 29 ауылдық округтің әкімдері қатысып, ауыл тұрғындарының әл- ауқатын арттыру мақсатында пікір алмасты.
Форумға облыс әкімінің орынбасары Бауыржан Асанов, Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин, «Сарыарқа» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары Еркінбек Абдыханов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Қарағанды облыстық филиалының директоры Серікжан Байбосынов қатысты.
Форумда ең бірінші көтерілген мәселе – «Ауыл аманаты» бағдарлама аясында төмен пайызбен берілетін шағын несиенің жайы. Бұқар жырау ауданының әкімі Ерлан Құсайын сөз басында осы мәселеге кеңінен тоқталды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы – Президенттің бастамасымен қолға алынған, ауыл тұрғындарын қолдауға бағытталған ең маңызды, ең ауқымды және сүбелі жобалардың бірі. Бұл теңдессіз қолдау ауыл тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік деп айтуға болады. Бағдарламаның басты мақсаты – ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру. «Ауыл аманаты» аясында жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5% болатын шағын несие беріледі. Бұл ауқымды жұмысты әрі қарай жалғастыруымыз керек, өйткені, ауылды дамыту – біздің басты стратегиялық міндетіміз, – деді.
Ауданда аталған бағдарламаны іске асыру шеңберінде өткен жылы 2,5% сыйақы мөлшерлемесімен шағын несие алуға 150 өтінім келіп түскен. Нәтижесінде 566,3 млн теңге көлемінде 74 несие берілген. Берілген несиелердің 79,7%-ы – мал шаруашылығы саласына тиесілі. Биыл да осы бағдарлама аясында несие беру мәселесі жалғасады. Қазірдің өзінде өткен жылғы өтінімдерден жалпы сомасы 130,8 млн теңге көлемінде 13 жоба қаржыландырылмақ. Тағы бір айта кететін дүние, биыл толыққанды қамту мақсатында ауданға қарасты 29 округте несие қаражатын алуға скрининг жүргізілді. Нәтижесінде, жалпы сома 785,3 млн теңгеге 108 шаруа қожалық иелері анықталған. Берілетін несиенің орташа сомасы – 7,3 млн теңге.
– Сонымен қатар, ауыл шаруашылық өндірістік кооперативіне жалпы сомасы 207,6 миллион теңгені құрайтын 10 несие берілді. 2023-2024 жылдары берілген несиелерге талдау жұмыстарын жүргізсек, несиенің 80%-ы – мал шаруашылығына бөлініпті. Осыған байланысты біз аталған бағдарламаға қатысқан барлық шаруа қожалық иелерімен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Нәтижесінде шикізатты өңдеп, дайын өнімдерді шығару жұмыстары жүзеге асырылуда. Қарағанды және Батыс Қазақстан облысының жұмыс тәжірибесіне сүйене отырып, аталған бағдарлама аясында жаңа тоғыз жобаны іске асыру жоспарда бар, – деді аудан әкімінің орынбасары Арман Дардаков.
Екінші мәселе – ауылдық сервистік-өндірістік кооперативтер құру. Яғни, ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтармен және мал бордақылау кешендерімен бірлесіп, ауылдық сервистік-өндірістік кооперативтер құру. Бұл бастама ауыл тұрғындарының меншігіндегі малды бір жерде шоғырландыру арқылы оны бірге өсіруге мүмкіндік бермек. Осы бастама аясында тұқымды асылдандыру, рационалды азықтандыру, ветеринарлық қызмет көрсету, өндіріс тиімділігін арттырудың басқа да заманауи әдістерді қолдануға мүмкіндік болады. Әрі еттен бөлек, терілерден де табыс табудың жолдары, шикізатты өндіру мәселесі ортаға салынды. Белағаш ауылының әкімі Амангелді Купенов өз сөзінде:
– Батыс Қазақстан облысының тәжірибесін зерделей келе, әлеуетті қарыз алушылармен бірлесіп, сүтті өңдеу және дайын өнімдерді аудан және облыс орталықтарындағы сауда орындарына сату үшін бірлескен кәсіпорын құру туралы шешім қабылданды. Сүт сатуда 20 жылдан астам тәжірибесі бар, Белағаш және Аюлы ауылындағы жеке шаруашылықтар Теміртау қаласындағы «Рен Милк» өңдеу зауытына тұрақты түрде сүт сатумен айналысады. Соңғы жылдары Белағаш ауылдық округінің тұрғындары мен шаруа қожалықтары тапсырған сүт мөлшері 2023 жылы 335 тонна болса, 2024 жылы 400 тоннаны құраған. Сүт тапсырушылар тұрақты табыс алады, – деді.
Былтырдан бастап Президенттің бастамасымен Бұқар жырау ауданында тауарлық несие беру қолға алынған еді. Бұл дегеніңіз – қаражат емес, тауар түрінде берілетін несие. Яғни, шаруа қожалықтары бар азаматтар ауыл тұрғындарына өз малынан бөліп беру арқылы, келісімге келеді. Ал, тауарды қайтару әр тарап бойынша жеке-жеке келісіледі. Форумда осы мәселе де назардан тыс қалмады.
– Жақында облыс әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы ірі кәсіпорындармен келісімге қол қойып, ауыл шаруашылығындағы тауар өндіретін кәсіпкерлерге серпін берген болатын. Біздің аудан Qarmet АҚ-мен меморандумға қол қойдық, алдағы уақытта ауданымыздың ауыл шаруашылық тауарлары комбинатты қамтамасыз ететін болады. Биыл да осындай ірі компаниялармен меморандумға қол қоятын боламыз. Бұл – ең алдымен, билік тарапынан жасалып жатқан үлкен көмек. Сонымен қатар, ауданымызда жобалық кеңсе құрылып, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жүйелі түрде айналысу мақсатында аудан әкімінің штаттан тыс кеңесшісі тағайындалды. Бұл – ауданымыздың ауыл шаруашылығын дамыту мен ауылдық аумақтардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолында маңызды қадам. Жаңа кеңесші бағдарламаны жүзеге асырудың сапалы әрі уақытылы іске асуына жауапты болып, ауылдық жерлердегі өзекті мәселелерді шешуде белсенді рөл атқаратын болады – деді Ерлан Бейсембайұлы.
Деректерге сүйенсек, Бұқар жырау ауданында мал шаруашылығын дамытуға 48,6 миллион теңге сомасында СПК «Шопбай» мен СПК «Сарыарқа» шаруашылығына несие берілген. Одан бөлек, техника мен жабдықтарды сатып алуға 159 миллион теңгені құрайтын 8 несие, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдау мақсатында 358,8 миллион теңге сомасында 64 шағын несие берілген.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»