Идея игілікке бастайды
Business.enbek.kz порталында 15 шілдеден бастап, екінші лек бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант алуға өтінімдер қабылдана бастады. Республика бойынша 4 655 адамға грант беру жоспарлануда. Гранттар қайтарымсыз негізде беріледі, мақсаты – жаңа бизнесті бастау және дамыту.
Грант ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Өтінім беру үшін аталған порталда тіркеліп, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеру керек. Себебі, аталған грант конкурсына кез келген адам қатыса аламайды. Оған ресми тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер (тіркеу мерзімі 3 жылға дейін), мүгедектігі бар адамдар, қандастар, өңіраралық қоныс аударушылар, аз қамтылған отбасы мүшелері, көпбалалы, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар үміткер бола алады.
Осы санатқа жататын адамдар конкурсқа қатысу үшін бизнес-жоспар үлгісін жүктеп, оны толтырады және порталға енгізеді де, электронды цифрлық қолтаңбамен қол қояды.
Үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқығаны туралы сертификаты болуы тиіс. Және оның мерзімі 3 жылдан аспауын ескерген жөн. Интернетке қосылу мүмкіндігі немесе компьютері жоқ болса, мансап орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтінім беруге болады.
Рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, адами факторды азайту, өтініш берушілерге ыңғайлы болу үшін барлық процес электрондық форматқа ауыстырылды. Грантты қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, мал, құс, көшеттер мен бұталарды, тұқымдарды сатып алуға, орын-жайларды жалға алу ақысын төлеуге қолдануға болады. Грант қаражатын тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдер өндіруге пайдалануға болмайды.
Үміткерлер өз бизнес-жобасын комиссия отырыстарында таныстырып, қорғайды. Грант беру туралы шешім комиссиялық түрде және үміткерлердің бизнес-жобаларының пысықтау негізінде қабылданады. Комиссия шешімі үміткердің порталдағы жеке кабинетіне жіберіледі. Оң шешім алған үміткер тоқсан сайын қаражаттың пайдаланылуы туралы есеп береді. Мұның бәрі Еңбек мобильділігі орталықтары мен оның филиалдарына бармай-ақ электрондық форматта жасалады.
Қарағанды облысында бұған дейін халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 118,121 млн. теңге сомасында 80 грант берілді. Екінші лек аясында 152,18 млн. теңге сомасында 103 грантты беру жоспарланған.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz