Жаңалықтар

Ғибратты ғұмыр

Өмірде де, ғылымда да өз орныңды тауып, жемісті еңбек ету – қашанда берекелі іс. Тіршілікке адам болып аяқ басқан соң, азамат боп қалыптасу – əркімге парыз. Терең ізденіс пен мехнат, талап пен табандылық қана адамды ізгілікті істің парасатына бөлейді емес пе?! Міне, осындай ізгілік мұраты жолында ұстаздық өнегелі іс атқарып келе жатқан, бүгінде алпыстың асқарына шығып, ел ағасы атанған ғалым Қанат Ыбырайымұлының өмірі мен шығармашылығы жолы ізденіске толы.

 

1963 жылдың қараша айында қазіргі Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылында ұстаздар отбасында дүниеге келген Қанат Садықов 1981 жылы Үміткер орта мектебін үздік тəмамдаған соң, əскери борышын өтеуге шақырылғанша ауылында тракторшы болады. 1982-1984 жылдары əскери борышын өтеп келгеннен кейін, 1985 жылы Қарағанды медициналық институтына түсіп, оны 1991 жылы ойдағыдай аяқтап, Қарағанды қаласы қазіргі Қазыбек би ауданының санитарлық-эпидемиялық станциясында дəрігер, одан кейін коммуналды бөлім бастығы қызметін атқарады.

1994 жылы ғылыммен айналысу мақсатында Қарағанды педагогикалық институтының медицина-биология пəндер кафедрасына жұмысқа орналасады. 1995 жылдан дене мəдениеті жəне спорт факультеті деканының орынбасары қызметін атқара жүріп, 1997 жылы алғашқы əскери дайындық кафедрасының аға оқытушы қызметіне ауысады. Ал, 2000 жылы аталмыш кафедраның меңгерушісі болып тағайындалады.

1998 жылы «Гигиена жəне эпидемиология» саласы бойынша кандидаттық диссертациясын, ал 2010 жылы осы сала негізінде докторлық диссертациясын сəтті қорғап шықты.

Яғни, сонау 1990 жылдардан бері Қанат ағамыз академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде гигиена жəне эпидемиология саласының білікті маманы ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Ағамыздың ғұмырнамалық тарихын қысқаша осылай баяндасақ, ал, жемісті еңбек жылдарының барлығы дерлік өнегелі тағылымға бай дей аламыз.

Жастайынан қажырлы еңбекке деген икемі, сөз байлығының молдығы, жадының бекемдігі, ойы ұшқыр, қиялының жүйріктігі, естігенін сол сəтте-ақ құйып алатын зеректігі, түрлі конференция, семинар, бас қосуда еркін көсіліп сөйлеуі, кім-кімді болсын таң қалдырмай қоймайды.

Кəкең – төңірегіне мейірім шуағын шашып жүретін жаны таза, жайдары азамат. Қажет кезінде өз ойын бүркелемей, тайсалмай тура айта білетін, ұстанған қағидатынан танбайтын жігерлі жан. Бүгінде бізге осындай мінезге бай азаматтардың көп болуы қажет-ақ.

Кафедра меңгерушісі қызметін атқара жүріп, студенттерді, Қарағанды қаласы мектеп оқушыларын патриотизмге тəрбиелеуде аймақтық, республикалық көлемде бірқатар қомақты жұмыс атқаруда.

Қанат Ыбырайымұлының ұсынысы бойынша, Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары арасында алғаш болып 2011 жылы университет ғылыми кеңесінің шешімімен бастапқы əскери дайындық жəне жеке сайыс кафедрасы жанынан «Жас сұңқар» атты əскери патриоттық клубы ашылды. Қазір клуб ғалымның жетекшілігімен облыс көлемінде көптеген жұмыс жүргізуде. Мəселен, «Бастапқы əскери жəне дене дайындығы» білім беру мамандығының студенттері республикалық олимпиаданың 13 дүркін жеңімпазы атанды, сондай-ақ, мемлекеттік жалпыға білім беретін стандарт пен типтік білім беру бағдарламасы да дайындалды.

Қанат Ыбырайымұлы – көп жыл бойы университеттің ғылыми кеңесі мен республикалық «Бастапқы əскери дайындық» білім беру мамандығы бойынша оқу-əдістемелік кеңесінің мүшесі. 30 жылдан бері өнімді еңбек етіп келе жатқан оқытушының бірі. 1994- 2023 жылдар аралығында 10-нан аса оқулығы мен монографиясы, 20-ға жуық оқу-əдістемелік құралы, əдістемелік нұсқауы жəне əртүрлі деңгейдегі ғылыми басылымда 180-нен астам мақаласы жарық көрген.

Сондай-ақ, ол – университеттің ғылыми кеңесі бекіткен екі дүркін Олимпиада чемпионы В.Муравьев атындағы марапаттың жəне «Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-ға 40 жыл» мерейтойлық медалінің иегері. 2014 жылы «Қазақстан Республикасы ЖОО-ның 2013 жылғы үздік оқытушысы», 2019 жылы ҚР Спорт жəне мəдениет министрлігінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісі, 2021 жылы «Университетке еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен жəне бірнеше рет ҚР Ғылым жəне жоғары білім министрлігінің мақтау қағаздарымен марапатталған.

Республикалық деңгейде «Ауғанстан – жүректегі жара», «Батырлар ерлігі – тəуелсіздік жаңғырығы» жəне «Ер ерлігі – ел есінде» сияқты онлайн форматта дөңгелек үстел ұйымдастырып өткізіп келе жатқан ардақты ұстаздың алдынан қаншама шəкірт іргелі білім алып, бүгінде өз ісінің нағыз майталманы ретінде ел экономикасын еселеп арттыруға жемісті үлес қосуда.

Бүгінде өмір жолының бір биігі – алпыс деген асқардың биігіне көтерілген Қанат ағамызға Жаратқан ғұмырыңызды ұзақ етіп, шығар асуыңыз əлі де көп болсын. Отбасының қуаныш-шаттығына бөлене беріңіз. Отаншыл, ұлттық рухы мықты, əлеуеті қуатты, білімді шəкірттерді көптеп тəрбие леп, ғылым саласында жемісті еңбек ете беріңіз деген тілек білдіреміз.

Өзге де əріптестердің ілтипаты

Дабыл Шалдыбаев, аға оқытушы:

– Оның жас ұрпақты тəрбиелеу жолындағы тынымсыз еңбегі мен ағартушылық қызметі əрқашан зор құрметке ие. Мыңдаған шəкірті қаншама биік белеске көтеріліп, тəуелсіз еліміздің негізін қалап, халқына адал қызмет етуде. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген осы болар. Біз Қанат Ыбырайымұлы секілді əріптесімізбен қашанда мақтанамыз!

Аманбек Иманбетов, бастапқы əскери дайындық жəне жеке сайыс кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор:

– Қазіргі уақытта бастапқы əскери дайындық жəне жеке сайыс кафедрасының профессоры жəне «Жас сұңқар» əскери-спорт клубының төрағасы қызметін атқарып, факультетте, университетте өтетін барлық іс-шараның ортасында белсенділік танытып, əріптестерінің ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан Қанат Ыбырайымұлын мерейлі тойымен құттықтап, деніне саулық, жемісті еңбек тілейміз!

Жанболат Божиг, дене мəдениеті ілімі мен əдістемесі жəне спорттық дайындық кафедрасының профессоры:

– Қанат мырза – ағайын-туысы, достары мен əріптестерінің жетістігіне шынайы қуана алатын, алдына келген адамға бар көмегін еш аямайтын, жомарт жүректі, дархан мінезді асыл жан.

Оңғарсын ОМАРОВ,
академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Бастапқы əскери дайындық жəне жеке сайыс кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі

Жанар РАМАЗАНОВА,
журналистика кафедрасының меңгерушісі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button