Хош бол, ақын аға!

Талантты ақын, біздің Жаңаарқаның тумасы – Бақтыбай Аманжолов фәниден бақиға аттанды. Бүгін Сәкеннің Сарыарқасының, Жаңаарқасының бір құсы аспанға ұшып кетті. Біз қолымызға жаңа ғана қалам ұстай бастаған тұста Арқада оның атақ-даңқы аспандап тұр еді. Ол қазақ жырына:

Мен өзім Аманжолов Бақтыбаймын,
Жүректен жыр фонтанын атқылаймын.
Сүйініп дос қараса қанаттанып,
Жақтырмай жат қараса жақтырмаймын! – деп Қасым ағасынша дауылдатып келіп еді. Бәріміз соның соңында жүруші едік.

Ол қамшының сабындай қысқа ғұмырында ақынша ғұмыр кешті. Советтік-социалистік қоғамның тепкісін көріп, тар жол, тайғақ кешулерден өтті. Басын тауға да, тасқа да соқты. Ақыры ақындық миссиясын атқара алмай, өмірден баз кешті. Ол мына жарық дүниеде жолы болмаған шерлі ақындардың қатарын түзейді. Ел өмірдің балын сіміріп жүргенде, ол уын ішіп кетті.

Хош, ақын аға! Көкейіңде қаншама қасірет, шер кетті… Алдың – пейіш, артың – кеніш болғай.

Топырағы шаң борап,
Жасыны жарқырап,
Нөсері селдеген,
Түпкірде түпсіз бір қиядан шақырды от;
Ғылыми-Техникалық Прогресс келмеген
Жерден біз шыққанбыз ақын боп.

Әуелі қымызды сіміріп ішкенбіз,
Сонан соң шаһардың шарабын (лепіріп!);
Алатау бағына түскенбіз,
Абдырап пойыздан секіріп!

Жанымыз жабырқап, қанымыз қайнаған,
Қайдағы біреуге кектеніп.
Өмірді, өлеңді жайлаған
Қасаң қағидаларды жек көріп!

Топырағы шаң борап,
Жасыны жарқырап,
Нөсері селдеген,
Түпкірде түпсіз бір қиядан шақырды от;
Ғылыми-Техникалық Прогресс келмеген
Жерден біз шыққанбыз ақын боп.

Бір белгі жоқ сол бір күндерден,
– Жақсы емес – дейді жұрт – ол да аса?
Енді ақын шықпайды бұл жерден,
(Алаяқ, саудагер болмаса)…

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.