Ресми

«Халық заңгері» тегін кеңес берді

Сенбіде Қазақстанның барлық ірі қалаларында, оның ішінде Қарағандыда бір мезгілде «Халық заңгері» кең ауқымды республикалық акциясы өтті. Облыс орталығындағы «Таир» сауда-ойын-сауық орталығында өңірдің үздік заңгерлері мен адвокаттар, мемлекеттік орган басшылары мыңнан аса адамға заң, құқық төңірегінде туындаған сұрақтарына және шешілмеген даулар бойынша тегін кеңес беріп, көмек көрсетті. Ұйымдастырушылар – Zakon.kz желілік басылымы, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Параграф ақпараттық жүйесі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің превенция басқармасы басшысының орынбасары Арслан Мыңғышев аталған акция барысында шешімін табуы тиіс мәселелердің ауқымын кеңейту үшін кеңес беруге заңгерлер мен адвокаттар ғана мемлекеттік орган өкілдері де шақырылғанын айтады. Себебі, 2016 жылдан ұйымдастырылатын «Халық заңгері» акциясында кеңес аламын деушілерді толғандырған мәселе тек заң тұрғысынан ғана емес, барлық саланы қамтиды.

Көп жағдайда азаматтар өздері тап болған мәселелерге қатысты қайда жүгіну керектігін де білмей жатады. Келушілер қалай жұмысқа тұрамын, банктегі қарызымды қалай жабамын дегендер, болмаса, мүгедектігін алу үшін қандай құжат жинау керегін сұрап келгендер де бар. Жүзден астам кеңесші қатысқан шарада тұрғындар мемлекеттік органға жүгініп, арызын жазып, заң шеңберінде тиісті жауабын алады. Сұрақтар да – әр түрлі. Егер жылдам шешілетін мәселе болса, келушілер кеңестерін алады. Ал, қарастыруды қажет ететін мәселе болса, департамент басшыларымен телефон алмасып, болмаса, жеке қабылдауларына жазылады, – дейді Арслан Қабылтайұлы.

Акцияға қатысқан кеңесшілер әр келушінің мәселесіне бейжай қарамайтынын да айтады басқарма басшысының орынбасары. Яғни, бұл жерде тек кеңес алып қана қоймай, арызын да тіркей алады. Бұл, әсіресе құқық саласына қатысты. Облыстық полиция департаментінің заң бөлімінің басшысы Медет Тойбековтің айтуынша, «Халық заңгеріне», атап айтқанда, құқық қорғау саласы органы өкілдеріне жүгінгендердің дені – алаяқтарға, оның ішінде интернет алаяқтарға ұрынып, сан соғып қалғандар. Олар бұған дейін осы мәселемен қайда жүгіну керектігін білмесе, дәл осы акцияда өздерінің арыздарын тіркеу мүмкіндігін алды. Арыздар қабылданғаннан кейін полиция департаментінде қарастырылып, қылмыс құрамының бар-жоғы анықталады. Егер қылмыс құрамы анықталса, әрі қарай қылмыстық іс қозғалады.

– Полиция департаменті атынан келген кеңесшілер қатарында полиция департаментінің тергеу басқармасы, әкімшілік полиция басқармасы, сондай-ақ, көші-қон полициясы, жергілікті полиция қызметінің өкілдері бар. Келушілердің дені автокөліктерді тіркеу, көші-қон мәселелері, сонымен қатар, қылмысқа қатысты мәселелермен келуде. Біз істің мән-жайын анықтап, атыжөнін және байланыс номерлерін алып, әрі қарай жұмыс жасаймыз. Осы жерде алған ақпаратты полиция департаментінде тіркеп, санаттарға бөлеміз. Қылмыс құрамы болса, оны тіркеп, құзырлы мекемелерге береміз, – дейді Медет Алтынбекұлы.

Шара 2016 жылдан өткізіліп келеді. Жалпы, осы уақыт аралығында республика бойынша жүз мыңнан астам кеңесші бес мыңға жуық адамға кеңес бергенін айту керек.

Салтанат ІЛИЯШ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button