Жаңалықтар

Халық таңдауы қапы қалдырмайды

Елімізде АЭС салу бойынша өткен референдумда өз дауысының маңызы барын түйсінген әр азамат дауыс беруден қалыс қалмады. Олар бұл саяси нау­қанның мәні зор деп білді. Былтырдан бері осы тақырып төңірегінде түрлі деңгейде пікірталас жүріп, халық ақпараттанды. Соның бәрін ой елегінен өткізген қазақстандықтар өз таңдауын жасады.

Сурет atpress.kz

Аймақтағы байқаушылардың айтуынша, референдум биік деңгейде өтті. Өңіріміздегі 650 референдум учаскелерінде заң бұзушылық тіркелген жоқ. Тәртіп, талапқа сай сағат 20:00-де сайлау учаскелері жабылып, 21:00-де учаскелерде отыр­ған үкіметтік емес ұйымнан тіркелген байқаушылар жолдаған хаттамаларға жүгінсем, жерлестер елімізде АЭС салуды қолдайды екен. Демек, халық қарсы деген дақпырт шындыққа жанаспайды. Үкімет халыққа құлақ асып отыр.

Сонымен қоса, жақында ғана еншісін алып шыққан Ұлытау облысында үкіметтік емес ұйымдар әлі бекітіле қоймағандықтан өңіріміздегі ұйымдардан жібердік. Байқаушы болып, референдумның дұрыс өтуіне қадағалау жасап келді. Бұл да біз үшін қуаныш болды.

Референдум күні ауа райы да жадырап тұрды. Бұл да елге ерекше екпін берді. Сондай-ақ, бұл жолғы саяси науқанға отбасымен бірге келіп, дауыс бергендер көп болды. Яғни, мерекелік сипат алды.

Мұнымен қоса, ерекше азаматтар да дауыс беруге белсенді атсалысты. Өздеріне бекітілген учаскелеріне инватаксимен келіп, жайдары көңіл күйде таңдау­ларын жасады. Біздің байқаушылар тобы елдімекендердегі референдум учаскелеріне арнайы барып, бақылады.

Қысқасы, біздің инновациялық аймаққа энергия көзі ауадай қажет. Халық та соны қолдап, таңдау жасағаны кемел келешекке сенгендері деп білемін.

Майра АБДРАХМАНОВА,
қоғам белсендісі, «Parasat» ҚБ төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button