Халықпен пікір алмасты
Атом электр стансасын салу жөніндегі Халықтық штабтың республикалық және облыстық бөлімшелерінің өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бауыржан Смағұлов пен Арман Қалықов түсіндірме іс-сапарымен Балқаш қаласында болды. Алғашқы кездесу М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында өтті.
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков балқаштық ардагерлер алдында сөз сөйлеп, АЭС құрылысының маңыздылығы мен өзектілігін жеткізді. Бауыржан Смағұлов өз сөзінде еліміздің энергетика саласын трансформациялаудың маңызды кезеңінде тұрғанын атап өтті. Өйткені, 30-40-шы жылдары салынған жылу электр станцияларының тозу деңгейі 70%-ға жеткен.
Баяндамашы сонымен қатар атом энергиясын пайдаланудың технологиялық ерекшеліктерін, заманауи атом электр станцияларын салу кезіндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, еліміздің кадрлық ресурстары мен ғылыми әлеуеті мен энергетика саласын дамытудың келешегі туралы айтты.
Одан кейін диалог форматында өткен кездесуде қала ардагерлері Кенжетай Сағымбеков, Берікбол Мейрамғазинов, Жұмабай Игембаев, Қадыржан Тейлянов өз тілектері мен ұсыныстарын ортаға салды. Аға ұрпақты көлдің, балық қорының болашақ тағдыры алаңдатады. Өйткені сонау 30-жылдары мыңдаған қазақты аштықтан аман алып қалған осы көліміз еді. Және ол ұрпақ үшін сақталуы тиіс.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Арман Қалықов, Су шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Сәкен Әтел, Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Есжан жерлестеріміздің сауалдарына жауап берді.
Өз тілшімізден.