Халықаралық сында топ жарды
Жуырда ғана әнші-композитор Жақсыкелді Сейіловтің шығармашылығына арналған I облыстық «Өнер өлкесінің Жезкиігі» байқауында үздіктер қатарынан көрінген Тайжан Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі Перизат НЕСІПБАЕВА тағы да бір тартысты сында топ жарды. Бұл жолы жас орындаушы Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай өңірінде өткен II Халықаралық «Тарбағатай жұлдыздары» конкурсында жүлделі ІІ орынды еншіледі.
Жас әншілердің шеберлігі мен машығы сарапталған, екі кезеңнен тұратын бәсекелі сынға Ресей, Қытай, Моңғолия және Өзбекстан елдерінен тысқары, Қазақстанның әр аймағынан іріктелген «сен тұр, мен атайын» үміткерлер қатысты. Бәрі дерлік жүлдеге қол созған байқаудың алғашқы кезеңінде сахнаға 40 қатысушы шықса, соңғы кезеңде өнер көрсету құқығына 19 әнші ие болды. Қарағанды облысының намысын дара шауып қорғаған жезқазғандық жас орындаушы түпкі нәтижеде қытайлық үміткермен ІІ орынды өзара тең бөлісті.
Осы орайда, өнер кеңістігіне құлаш керген Перизаттың бұған дейін де сан дүбірлі додада бақ сынап, лайықты бағасын алып үлгергенін айта кеткен жөн. Ол – композитор Кеңес Дүйсекеев атындағы I Республикалық әншілер конкурсы және Қазақстанның Халық Қаһарманы, КСРО Халық әртісі Роза Бағланова атындағы II Республикалық «Ақ маңдайлым» әншілер конкурсының дипломанты. Биылғы жылы Жезқазған қаласы әкімінің Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған сыйлығының «Жыл вокалисі» номинациясын иеленген. Жас дарынның облыстық деңгейде қол жеткізген жетістіктері жетіп артылады.
Қысқасы, өзіне-өзі талап қоя білетін жас әншінің бағындырар биіктері келер күндердің еншісінде деуге толық негіз бар.
Өз тілшімізден.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.