Халықаралық байқаудың жеңімпазы
Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті, 20 жастағы Ақжан Шыныбек Alash Star халықаралық байқауында бірінші орынды иеленді. Қазылар алқасы оның вокалдық шеберлігін жоғары бағалағанын айту керек.
Астанада өткен Alash Star халықаралық көпжанрлы байқауында Ақжан Шыныбек «Халық әні» номинациясында өнер көрсетті.
– Мен қазақ ақыны Біржан салдың «Айтбай» композициясын орындадым. Жалпы, мен үшінші сыныптан домбыра тартамын және ән айтамын. Халықтың, дәстүрлі қазақ әндерін жақсы көремін. Бұл мен үшін жай ғана хобби емес, – дейді жеңімпаз.
Ақжан Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің тумасы. Болашақта өмірін өнермен байланыстырып, кәсіби әнші және домбырашы болғысы келетінін айтады.
– Ән айту – еріккеннің ермегі емес. Оның үстіне, халық әндерін орындау үшін көп еңбектену қажет. Осының бәрін санама түйіп, халық әндерін мейлінше жеріне жеткізе шырқауға талаптанып жүрмін. Кез келген дүниеде талмай еңбектенсең, жетістікке жетесің. Бұл байқауда топ жарғаным менің осы кезге дейінгі азды-көпті еңбегімнің жемісі болса керек.
Тағы бір айта кетерлігі, қазақтың ән өнерінде Арқа әншілік мектебінің орны ерекше. Болашақта мықты әнші болып, өзіңше тың сүрлеу салу үшін алдымен өзіңе дейінгі жауһар дүниелерден қанып ішіп, өн бойыңа сол әндердің рухын, мінезін сіңірген жөн. Сонда бара-бара өз жолыңды табасың. Ұстаздарымның айтқанын ескеріп, қосымша өздігімнен ізденіп жүрмін. Қолым қалт етсе, домбыраммен сырласамын. Құдай берген дауысты әбден шыңдап, қазаққа осы дауыспен қызмет еткім келеді, – деп ағынан жарылды Ақжан Шыныбек.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz