Жаңалықтар

Халықаралық бақылаушы Кришна КИНГАППА: «Сайлау учаскелерінде заң бұзушылықтар орын алған жоқ»

«Қарағанды облысы орталығындағы және Абай, Шахтинск қалаларындағы сайлау учаскелерінде ешқандай заң бұзушылықтар орын алған жоқ. Барлық учаскелерде ақпараттық технологиялар қолданылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беруіне де қолайлы жағдай жасалған. Бақылау барысында өрескел кемшіліктер кездеспеді».   Шанхай ынтымақтастық ұйымынан келген бақылаушы Кришна Кингаппа мырза БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осылай деп мәлімдеді.

Халықаралық бақылаушы сондай-ақ бақылаушылар тарапынан жолданған түрлі сауалдарға тиіісті тараптардан толымды жауап алынғанын да айрықша атап өтті.

Шанхай ұйымының өкіл-референті Кришна мырза бұған дейін Ресейдегі, Түркиядағы Президент сайлауларында бақылаушы болған. Қазақстан – оның тәжірибесіндегі үшінші ел. Оның айтуынша, Қазақстандағы атқарған жұмысы көңілінен шыққан.

Жалпы Қазақстанға Шанхай ұйымынан 2 маусымда 25 бақылаушы келген. Олар еліміздің 7 ірі қаласында сайлау үдерісін бақылау жұмыстарын жүргізуде. Аталған бақылаушылар тобының басым дені – ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласында. Сайлаудан кейін, яғни, 10 маусым күні барлық бақылаушы өкілдер жиналып, сайлаудың қорытындысын шығарады.

Шанхай ұйымының бақылаушысы ат басын бұрған Қарағандыдағы №66 сайлау учаскесінде 2136 сайлаушы тіркелген. Сайлау учаскесінің төрағасы Сайран Ұлақов халықтың белсенділігі жоғары екендігін жеткізді. Оның айтуынша, сағат 14.30-ға дейін сайлаушылардың 50 пайыздан астамы келіп дауыс берген.

-Сайлаушылар үздіксіз келуде. Бұрынғы сайлауларға қарағанда саябырлау болғанымен, толас жоқ. Мысалы, таңертең сағат 9.00-ге дейін 70 адам келді. Сайлау учаскесі ашылғанға дейін 15 сайлаушы келіп кезекке тұрды, – дейді №66 сайлау учаскесінің төрағасы.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button