Ресми

Халық қалаулылары

Биыл халық қалаулыларын бұқара өзі таңдап, сайлағаны белгілі. Сайлау жүйесіндегі реформалар жұртшылықтың мемлекет ісіне белсене араласуы үшін зор мүмкіндіктер жасағаны мәлім. Соның бірі – облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттарын халықтың өзі тікелей сайлауы. Дәл осындай жүйе арқылы мандат иеленген мәслихат депутаттары осы жылдың наурызынан бастап іске кіріскен-тін. Осы уақыт аралығында депутаттар сайлаушыларымен тығыз қарым-қатынас орнату үшін, олардың арыз-шағымдарын, өтініш-тілектерін ұдайы назарда ұстау үшін өңірлерді аралап, кездесулер өткізді. Соның нәтижесінде, көпшіліктің көкейіндегі түйткілді мәселелердің біразының түйіні тарқатылды. Осылайша, бұқара мен билік арасындағы алтын көпірге айналған халық қалаулылары өңірдің өзекті мәселелерін шешуде ұйытқы болып келеді.

Аралас сайлау жүйесінің тиімділігі

Сайлау жүйесіндегі тың реформалардың нәтижесін аймақ та анық сезінді деуге толық негіз бар. Биылғы мәслихат сайлауының жаңалықтары жұртшылықты мемлекет ісіне жақындата түсті. Баршаға мәлім, аймақтағы депутаттардың сегізінші шақырылымы жұмысын 2023 жылдың 30 наурызында бастады. Ал, барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау республикалық референдумда қабылданған конституция­лық өзгерістерге сәйкес, аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша өткеніне көпшілік куә. Депутат мандатын бөлуде де сайлау қорытындысына сай жүзеге асты. Нақтылап айт­қанда, депутаттық мандаттарды бөлу саяси партияларға берілген дауыстарға пропорционалды түрде іске асырылды.
Жалпы, облыс бойынша 214 депутат сайланды. AMANAT партиясынан ұсынылған кандидаттарға 231843 сайлаушы дауыс берді. Одан кейінгі орында «Ауыл» Халықтық-демократия­лық патриоттық партиясы. Бұл партияға сенім артқан сайлаушылардың саны – 57998 болып, осынша дауыс жинады. Үшінші орында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы. Дауыс бергендер үлесі мұнда – 48323 адам. Сайлаушылардың 46790-ы Қазақстан Халық партиясына дауыс берсе, одан кейінгі орынды «Байтақ» жасылдар партиясы иеленді. Аталған партия 27590 дауыс жинады. Ал, 27292 сайлау­шы «RESPUBLICA» партиясын таңдады.

Осылайша саяси партияларға мандаттарды бөлу облыстың сайлау комиссиясы арқылы дауыс беру қорытындысына сәйкес жүрді. Атап айтар болсақ, «AMANAT партиясы» қоғамдық бірлестігі – 10, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы – 2, Қазақстан Халықтық партиясы – 2, «Байтақ» жасылдар партиясы – 1, «RESPUBLICA» партиясы – 1 мандатқа ие болды. Ал, 18 депутат бір мандатты сайлау округтері бойынша сайланған-ды.

Әр сессияда – әлеумет мәселесі

Әлбетте, өңірдің өзекті мәселелері мен дамуы депутаттар назарынан тыс қалып көрген емес. Облыстық мәслихаттың әр сессия­сы – аймақтағы ахуал мен оның қордаланған проблемаларының шешімін табуды өзек етіп алады. Әр сессияда облыстың ертеңіне қатысты маңызы зор шешімдер қабылданады. Сондықтан да, облыстық мәслихат қызметінің негізгі нысаны – сессиялар. Әр сессияны өткізуге жіті дайындық жүреді. Онда қарастырылатын мәселелер жан-жақты пысықталып, егжей-тегжейлі зерттеледі. Оның бәрі облыстық мәслихаттың регламентіне, сессияларды дайындау және өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес ұйымдастырылады.

Өткен тоғыз ай мұғдарында облыстық мәслихат депутаттары он сессияда мәні зор көптеген мәселелер бойынша 116 шешім қабылдады. Оның 26-сы нормативтік-құқықтық сипатты иеленді. Ал, өткен он сессияның төртеуі – кезекті болса, алтауы – кезектен тыс.

Жоғарыда атап өткеніміздей, сессияларда мәслихат әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесін айқындау құзыретін іске асырды. Сол арқылы әлеуметтік маңызы бар қатынастардың тізбесі едәуір кеңейтілді. Бұл тізбелер қатарына Қарағанды, Абай, Приозерск, Теміртау қалалары, Нұра ауданы бойынша 13 автобус қатынасы және ауданішілік, ауданаралық тасымалдар қосылғанын атап өткен жөн. Одан бөлек, «Автомобиль көлігі туралы» Заңға сәйкес, депутаттар 189 әлеу­меттік маңызы бар қатынастарды анықтады. Депутаттардың араласуымен тегін медициналық көмектің қосымша көлемінің тізбесі кеңейтіліп, орфандық ауруларға арналған дәрі-дәрмектер ол тізбе қатарына қосылды. Тізбеде азаматтар облыстық бюджет қаражаты есебінен қосымша ала алатын 26 дәрілік зат бар.

Өңірдегі, соның ішінде, ауылдағы медицина мамандарының тапшылығын жою үшін әлеуметтік қолдау да назардан тыс қалмады. Дәлірек айтқанда, ауылдық жерге жұмыс істеуге жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау мөлшері айқындалды. Бұл да депутаттардың араласуымен қолға алынған шаруа. Нәтижесінде, ауылдық жерлерге медицина қызметкерлерін тарту мүмкіндігі туды.

Биыл депутаттар ардагерлерге, сонымен қатар, ұрыс қимылдары ардагерлеріне әлеуметтік қолдау шараларын белгіледі. Облыстағы 184 ардагер санаторий-курорттық емдеуге жолдама алды. Бұл ретте ардагерлер емі облыстық бюджет қаражаты есебінен екенін атаған ләзім.

Депутаттар тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін де бақылауда ұстап отыр. Айталық, кезекті VII сессияда халықты, оның ішінде әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде уәкілетті мемлекеттік органдарға бекітілген бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысына арналған алаңдарды бөлу, тұрғын үй құрылысы басталғанға дейін алаңдарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмысын жандандыру ұсынылды. Тұрғын үйлер салу, жер учаскелерін беру заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, осы сессияда құрылыс жұмыстарының сапасын көтеру проблемасы да депутаттар тарапынан қозғалды. Оның ішінде материалдарды ауыстыру немесе арзандату жағдайларының алдын алу, жобалық шешімдерді оңайлату мақсатында, жұмыстардың құнын негізсіз көтеруге жол бермеу, салынған нысандарды пайдалану қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сәулет-құрылыс бақылау саласындағы уәкілетті органға техникалық қадағалауға рұқсат беру кезінде қажетті құжаттарды қарау­дың объективтілігін қамтамасыз ету және оны жүзеге асыратын тұлғалардың жауапкершілігін арттыру тапсырылды.

Бейіндік комиссия депутаттары болса, құрылысқа қатысты бірқатар ұсыныстар жолдады. Атап айтқанда, облыстың қалалары мен аудандарындағы көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеу жөніндегі шаралар жоспарын әзірлеу мүмкіндігін, ескі тұрғын үйлерді жаңартуға қатысты шараларды әзірлеп, іске асыру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар енгізді. Бұл шешімнің іске асырылуы облыстық мәслихаттың бақылауында.

Депутат көтерген проблема шешімін табады

Сессия жұмысында экономиканың әрбір саласындағы жайттар ортаға салынып, оның тиімді шешім тапқанын бұқара білуі тиіс. Облыстық мәслихаттың әр сессиясында депутаттар елге тиімді шешімдер шығарып отыр­ды. Мәселен, облыстық мәслихаттың VIII сессиясында ауылшаруашылығына қатысты маңызды шешім қабылданды. Оның бастамашысы – облыстық мәслихат депутаты И.Жабяк.

Депутат бастамасында пестицидтер, тыңайтқыштар құнын субсидиялауға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға, кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін, сондай-ақ қайта өңдеуші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының шығындарын субсидиялауға, ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға лизингке және субсидиялауға үнемдеуге байланысты бюджет қаражатын қайта бөлуді сұраған болатын. И.Жабяктың бас­тамасы қолдау тауып, сессияда қабылданды.

Сондай-ақ, жерді, суды пайдалануды реттеу жөніндегі шешімдердің жобалары депутаттарға ұсынылып, облыстың жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерлемелері бекітілді.

Депутаттардың араласуымен тарифтер құны да көтерілген жоқ. Яғни, облыс бойынша аудан­аралық (облысішілік, қалааралық) қатынаста жолаушыларды тұрақты әлеуметтік маңызы бар автомобильмен тасымалдауға арналған жол жүру құны өзгеріссіз қалды. Облыс әкімдігімен бірлесіп Қарағанды қаласы, Абай, Бұқар жырау аудандарының әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелері қаралды.

Кез келген сала депутаттардың назарынан тыс қалған емес. Осыған орай, депутаттар Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекітті. Жоспар жергілікті атқарушы органдар тарапынан әзірленген. Онда өңірдің бар саласын дамыту қамтылды. Оның негізінде орталықтандырылған сумен жабдықтау, нәтижелі жұмыспен қамту, тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету, жолдардың сапасын жақсарту, криминогенділік деңгейін және жол-көлік оқиғаларының санын азайту, экологиялық қауіпсіздік, агро-өнеркәсіп кешенінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, білім беру сапасын арттыру, халықты және аумақты төтенше жағдайлардан қорғау, медициналық инфрақұрылымды дамыту және медициналық қызметтер сапасын арттыру мәселелері бар. Аталған даму жоспарының орындалысы да депутаттардың тұрақты бақылауында.

Облыстық мәслихаттың сес­сия­ларында облыс бюджетін бекіту және нақтылау жөніндегі өкілеттіктер де іске асырылады. Биыл облыстық бюджет төрт рет нақтыланды. Нақтылаулардың барлығы мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша бюджет қаражатының қалыптасқан үнемдеуін қайта бөлумен және қаражатты облыстың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге бағыттау­мен байланысты болды.

Өңір дамуы – тұрақты комиссиялар назарында

Жалпы, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары сессияда шешім қабылданар мәселелерді алдын ала жан-жақты талқылап, қарастырады. Оның артық-кемі сол комис­сиялардың отырысында түгенделеді. Содан кейін барып, шешім шығарылады. Ал, бүгінде бес тұрақты комиссия бар. Оның әрқайсысына саланың білікті ­маманы төрағалық етеді.

Қарағанды облыстық мәслихатының I-VIII шақырылымының депутаты Серғазы Әдекенов өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері бойынша комиссияға төрағалық етеді. Ал, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау комиссиясының төрағасы – Қадиша Оспанова. Қадиша Базарбайқызы VI-VIII шақырылымға бір мандатты сайлау округі бойынша сайланғанын айту керек.

Депутаттық өкілеттіктер, этика, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері бойынша тұрақты комиссия төрағасы Мұрат Әбілов. Мұрат Смағұлұлы VI-VIII шақырылымның депутаты. Бейбіт Досжанов құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экологияға жауапты. Төраға VII-VIII шақырылымының сайланған депутаты.

Бесінші тұрақты комиссия бюджетті, жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамытуға атсалысады. Төрағасы – Аян Әбдікәрімов.

2023 жылға қабылданған жұмыс жоспарларына сай бейіндік комиссиялардың 25 отырысы өтіп, оның нәтижелері бойынша мемлекеттік органдарға ұсыныстар жолданды. Соның нәтижесінде тиісті қаулылар қабылданды.

Депутаттар сонымен бірге, лауазымды тұлғалардың атқарған жұмысына байланысты есептерін тыңдап, бағалауға құқылы. Мәселен, биыл барлығы 15 лауазымды тұлға халық қалаулылары алдында есеп берді. Ол лауазымды тұлғалар қатарында қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқармалардың, мемлекеттік емес мекемелер мен ұйымдардың басшылары бар.

Бұдан бөлек облыстық мәслихат депутаттарынан жасақталған жұмыс топтары да бар. Олар облыстық мәслихат төрағасының өкімімен құрылған. Биыл жұмыс топтары жеті аудан мен алты қалада болғанын айту керек. 82 нысанға барған депутаттар жұмысының нәтижесінде проблемалар шешімін тапты.

Бейінді комиссиялардың жұмысы мемлекеттік саясатты іске асыруға және өңірлердегі сайлау­шылармен тікелей байланысқа бағытталғанын атап айту қажет.

Дөңгелек үстел модераторы

Облыстық мәслихат тек сессия­мен және тұрақты комиссиялар отырысын өткізумен шектелген емес. Өңірдің көптеген өзекті мәселелері – дөңгелек үстел басында шешімін тапты. Оны ұйымдастырушы әрі модераторы – облыстық мәслихат болғанын атап айта аламыз. Мәселен, «Ақ жол» партиясы депутаттарының ұсынысымен жылу және электр энергиясына тарифтер мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Онда коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Оған облыстың депутаттары, табиғи монополия­лар субъектілері, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттері, Қоғамдық кеңестің, облыстың қалалары мен аудандары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Ал, жұмыспен қамтуға келсек, әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі бейіндік комиссиясы «Жұмыспен қамту және жұмысқа орналастырудың жаңа нысандары. Практикалық іске асыру мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізуге ұйытқы болды. Бұл шара арқылы жұмыспен қамту орталықтарының сапалы жұмысын қамтамасыз етудегі проблемалар туралы сұрақтар тізбесі жасалды. Шешімін табуы үшін одан әрі уәкілетті органға жолданды. Уәкілетті орган елдегі жұмыссыздық деңгейін есептеу әдістемесін қайта қарау мәселесі бойынша ұсыныстар енгізді. Оның ішінде NEET санатын қоса алғанда, жастар жұмыссыздығын, қала және аудандардағы NEET жастарын тізімдеу, «пакеттік шешімдерді» қолдана отырып, топтық немесе жеке консультациялар форматында атаулы жұмысты ұйымдастыру, жастарға арналған барлық мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту бар.

Сондай-ақ, колледждерге лицензия беру, дуальды білім беру, жұмыс берушімен шарт бойынша қауіпті жұмыстарға рұқсат болған жағдайда, кәмелетке толған сәттен бастап, практика мерзімінің басталу тетіктері талқыланды.

Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тапсырыс бойынша оқитын барлық студенттерді екі тарапты жүйе арқылы оқытудың тиімсіздігі туралы (студенттердің тек 20%-ын қалдыру ұсынылады), сондай-ақ, жан басына шаққандағы қаржыландыру әдістемесін қайта қарастыру және кемінде бір практикант болған кезде тәлімгерлікке ақы төлеу тетігін әзірлеу қажеттілігі туралы ұсыныстар енгізілді.

«Трудовое» ауылындағы оқу-өндірістік комбинатының және Осакаров ауданының Литвинов мектебінің оң жұмыс тәжірибесін зерделеп, облыстың білім басқармасына өңірдің барлық ОӨК жұмысына талдау жүргізу ұсынылды. ОӨК мәртебесін айқындау, олардың жұмысы үшін сағаттарды, штатты және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді бөлу қажеттігі туралы ұсыныстар енгізілді.

Құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология, депутаттық өкілеттіктер, этика, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі бейінді комиссиялар табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі жұмыс туралы дөңгелек үстел өткізуді ұйымдастырды. Онда ормандарды молықтыру және орман өсіру жоспарын іске асыру бойынша бірлескен ұсыныс­тар әзірленді.

Парламентпен өзара іс-қимыл жүзеге асады

Жергілікті мәселелерді облыс­тық мәслихат депутаттары жетік біледі. Осы орайда, ел деңгейінде қабылданар маңызды шешімдер мен құқықтық негізі бар құжаттарды жетілдіруде Парламентке ұсыныстарды ұдайы жолдап отыр. Бұл бағытта облыстық мәслихат депутаттары Парламент депутаттарымен белсенді жұмыс істейді. Тарқатып айтсақ, жыл бойы облыстық мәслихат депутаттары жергілікті өзін-өзі басқару, білім беру, әлеуметтік қорғау, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мәселелері жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіруге қатысты ұсыныстар дайындады және оны Парламентке жолдады. Жолданған ұсыныс­тар қатарында өзгерістер енгізу қажеттілігі де ашық айтылды. Мәселен, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына ауысу тәртібімен орналасу бөлігінде, «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1949 жылдан 1990 жылға дейін ядролық жарылыстар өткізу аумағында тұратын азаматтарды әлеуметтік қолдау қажеттілігі туралы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына – мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жетілдіру туралы, «Халықты жұмыспен қамту туралы» Заңына – «жұмыссыз» мәртебесіндегі адамдарға төлемдер мәселелері бар.

Міндетті медициналық сақ­тандыру қорының оңалту қызметтеріне мемлекеттік тапсырыс көлемін бөлу критерийлері бойынша денсаулық сақтау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу қажеттігін атады. МӘМСҚ жүзеге асыратын емханаларды қаржыландыру лимиттерін қайта қарас­тыру да депутаттар ұсынысында көрініс тапты. Жұмыспен қамту, техникалық және кәсіптік білім беру, жастар саясатын жүргізуге бірқатар өзгерістер қажеттігі де ұсынылды.

Биылғы мамырда депутаттар Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездесті. Онда нормативтік-құқықтық актілерді қолдану практикасына мониторинг жүргізу шеңберінде, заңнамалық бастамалардың жобаларын әзірлеу мақсатында депутаттар ұсыныс жасады. Серғазы Әдекенов жеке қосалқы шаруашылықтар туралы заңды әзірлеу және бекіту қажеттілігін атады. Қадиша Оспанова білім туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндіктері туралы ұсыныс­тарын білдірді. Ал, Меруеш Башай 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан құқық қорғау органдары қызметкерлері үшін әлеуметтік кепілдіктерді нығайту жайын көтерді. Абай Қалықов болса, облыс әкімінің жанынан ғылым жөніндегі кеңес құру керектігін атап, ҚР «Ғылым туралы» Заңына толықтыру енгізуді, Михаил Коновалов мемлекеттік сатып алу туралы шарттарды орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, Виктор Щетинин кеншілер мен металлургтер үшін зейнеткерлік жасты төмендету қажеттілігін ұсынды.

2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы, 2024-2026 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешімдердің жобаларын дайындау қарсаңында облыстық мәслихат депутаттарының 68 ұсынысынан тұратын «Бастамалар пулы» қалыптастырылды. Бұл бейінді комиссиялар отырыстарының және депутаттардың жұмыс сапарларының қорытындылары бойынша қалыптастырылған және одан әрі пысықтау үшін уәкілетті органдарға жіберілген түйінді ұсыныстар.

Бүгінгі таңда депутаттардың 68 бастамасының 11-і (16,1%) іске асырылды және ағымдағы жылға арналған облыстық бюджетте көрініс тапты.

Бұқара тілегі ескерусіз қалмайды

Көптің көкейіндегі мәселелер бойынша депутаттар құзырлы орындарға сауал жолдап, өтініш жасауға хақылы. Бұл «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңында көрсетілген. Сондықтан да, облыстық мәслихаттың құзыретіне кіретін мәселелер жөнінде әкімге, тиісті аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын атқарушы органдардың прокурорына және лауазымды адамдарына ресми жазбаша сұрау сала алады. Ал, есепті кезеңде мемлекеттік органдарға 93 депутаттық өтініш жолданды. Соның ішінде, 90 өтінішке жауап келсе, 3 депутаттық өтінішті қарастыру облыстық мәслихаттың бақылауында тұр.
Депутаттар іске кіріскен кезеңнен бері сайлаушылардың 237 өтінішін қарастырды. Оның 16-сы – заңды тұлғалардан, 221-і – жеке тұлғалардан келіп түскен өтініштер.

Депутаттардың жеке қабылдауына 400-ден астам адам келді, онда 518 мәселе (тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қорғау, материалдық көмек көрсету және т.б.) айтылды, олардың барлығына тиісті түсініктемелер берілді.

Өзін-өзі басқару органдарымен іс-қимыл – тұрақты

Депутаттардың жұмыс сапарлары ауыл-аймақтарда жалғасты. Атап айтқанда, жергілікті маңызы бар мәселелерді азаматтардың өз бетінше шешуін қамтамасыз ету сұрақтарымен танысу мақсатында Абай, Бұқар жырау, Нұра, Осакаров аудандарына барды. Абай ауданы Южный кентінің, Құлайғыр ауылының жергілікті тұрғындарымен кездесу барысында «Топар» бөгетін санациялау мәселесі бақылауға алынды. Одан бөлек, 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың қолданыс­тағы жоспарына өзгерістер енгізу аясында түбін тереңдету, қамыстан және басқа да балдырлардан тазарту жөніндегі жұмыстарға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу туралы мәселені қарастыру жоспарлануда.

Нұра ауданына жұмыс сапарынан соң ҚР Парламентіне ҚР Жер кодексіне өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстар жолданды. Ол ұсыныстар аудан (ауылдар немесе кенттер) әкімдеріне адамдардың ауыл шаруашылығы ұйымының құрамынан шығуы бойынша жиналыстар өткізу құзыретін беру мүмкіндігін белгілеу (бұрын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін ауыл шаруашылығы ұйымына берген тұлғалар), сондай-ақ жалпы жиналыс өткізудің заңдылығын, кворумның сақталуын, дауыстарды санауды және жер учаскелерін құрылтайшыға, пайшыларға беруді бақылау­ды қамтыды. Осакаров ауданына жұмыс сапарынан кейін Қазақстан Республикасының Парламентіне ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін бастапқы тіркеу орны бойынша үй алуға кезекке қоюда өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы ұсыныстар жолданды.

Сондай-ақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, Қоғамдық кеңестер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктерінің қайталануы, білім бөлімдерін облыстан аудандық және қалалық мемлекеттік басқару деңгейлеріне беру қажеттілігі, балаларды кент ішіндегі мектепке дейін жеткізу бөлігінде ҚР «Білім туралы» Заңына өзгеріс­тер енгізу, Осакаров кентінде бассейн құрылысын облыстық бюджет есебінен қаржыландыру қажеттілігі мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен елдің әлеуметтік-­экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте жергілікті өзін-өзі басқару органдарына тиісті аумақта күші бар құқықтық актілерді қабылдау бойынша заңнамалық өкілеттіктер беру туралы және жалпы мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру туралы ұсыныстар айтылды.

 

Келісіп пішкен тон келте болмайды

Бүгінде Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің құрамында 38 адам болса, оның оны – ҮЕҰ, кәсіподақ өкілдері, алтауы – БАҚ, төртеуі – әлеуметтік сала, үшеуі – ШОБ, өнеркәсіп, саяси партиялар, үш өкіл мемлекеттік органдардан және алты адам – басқа салалардан.

Облыстың Қоғамдық кеңесінде 5 комиссия бар. Біріншісі – өнеркәсіп, шағын және орта бизнес­ті дамыту, ауыл шаруашылығы және жер мәселелері жөніндегі комиссия. Төрағасы Н.Омарханов зейнеткер. Екіншісі – экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссия. Төрағасы А.Қиясова «PОRTUS» ЖШС директоры және құрылтайшысы. Үшінші комиссия – құрылыс, көлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және экология мәселелері жөнінде. Комиссияның төрағасы Р.Никонович «Новое телевидение» телеарнасының директоры. Одан кейінгі әлеуметтік сала, халықты әлеуметтік қорғау және қоғаммен байланыс мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы – А.Атабаева. Ол «Ұлы Дала» Ауыл бизнесін дамыту ассоциациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Бесінші – заңдылық, адам құқықтары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия. Төрағасы Д.Смайл «SaryArqa Co» ЖШС директоры және құрылтайшысы.

Облыстық мәслихат облыстық бюджет туралы шешімдерді талқылау және қабылдау кезінде облыс­тың Қоғамдық кеңесінің пікірін есепке алу, сондай-ақ өңірде әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру кезінде қоғамдық бақылау жүргізуді басымдыққа алады.

Облыстық мәслихат Қоғамдық кеңестің қызметін ұйымдастыруды да қамтамасыз ететінін назарға алу керек.

Қоғамдық-саяси шаралар депутаттар назарында

Облыстық мәслихат депутаттары облыста болып жатқан саяси және экономикалық өзгерістерден қалыс қалған емес. Мысалы, 19 депутат жергілікті атқарушы органдар жанындағы түрлі мәселелер бойынша Үйлестіру кеңестері мен жұмыс комиссияларының мүшелері.

Облыстық мәслихат депутаттары тұрақты түрде қайырымдылық акцияларын өткізеді және қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсетеді.

Бүгінде 42 қайырымдылық және демеушілік іс-шаралар мен акциялар өтті. Абай облысындағы орман өрттерінен зардап шеккендерге, Костенко атындағы шахтада қаза тапқан шахтерлердің отбасыларына материалдық көмек көрсетілді; «Мектепке жол» акциясы өткізілді; «Бақытты отбасы» жобасы аясында балалар күніне, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы шеңберінде қарттар мен ардагерлер үшін материалдық көтермелеу көрсетілді; жас футболшыларға, көпбалалы отбасылардан шыққан үздік оқушыларға, емделіп жатқан азаматтарға және мүгедектігі бар балаларға қолдау көрсетілді (мүгедектер арбасы, арнайы матрастар, 82 балаға арналған нутритивті балалар тағамы сатып алынды); 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ардагерлер азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етілді; білім беру мекемелеріне құрылыс-әрлеу материалдары мен шаруашылық құралдары сатып алынды.

 

Аппарат жұмысы – тұрақты

Облыстық мәслихат аппараты – 8 мемлекеттік қызметшіден тұрады. Аппараттағылар депутаттық корпус­тың қызметіне ақпараттық-талдамалық, ұйымдастырушылық-құқықтық қызметті, депутаттық өкілеттіліктерін жүзеге асыруға көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.

Жыл бойы мәслихат аппараты тұрақты комиссиялардың отырыс­тарын, сессияларды, дөңгелек үстелдерді, жұмыс сапарларын өткізудің 94 мәселесі бойынша ақпараттық материалдар мен талдамалық анықтамалар дайындады.

Келіп түскен 674 хат қаралды, түрлі мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарға 337 сауал мен жауап дайындалып, жіберілді. Сондай-ақ, облыстық мәслихат сессия­ларында қабылдауға ұсынылатын нормативтік-құқықтық актілердің 26 жобасы бойынша қорытындылардың жобалары қаралып, дайындалды.

Биыл облыстық мәслихат аппараты жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен 101 өтінішті қарады. Оның 77-сі – жеке тұлғалардан, 24-і – заңды тұлғалардан.

Нұркен ҚОБЖАНОВ,
Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button