Ресми

Халық қалаулылары ауылдарды аралап жүр

Ауыл халқы үшін маңызды нысан – мектеп пен медицина ұйымы. Мемлекет басшысы Қасым­-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл медицинасы ахуалын жақсарту жөнінде тапсырмалар берген болатын. Мәселен, жыл басынан облыста «Ауылдық денсаулық сақтау­ды жаңғырту» жобасы аясында 92 нысанның құрылысына 21,3 млрд. теңге бөлінген. Одан бөлек, 13 денсаулық сақтау нысанын күрделі жөндеуге 2,5 млрд. теңге қарастырылған. Ал, жалпы республика бойынша медицина саласын дамытуға 460 млрд. теңге жоспарланса, оның 40%-ы ауылдық жерге бөлінеді. Бұл сала өңірдегі жоспарланған жұмыстарды қатаң қадағалап, атқарылуына ерекше ден қоятын депутаттардың тікелей назарында. Кезекті сессияға дайындық аясында кез келген мәселені көзбен көріп, соған орай шешім қабылдайтын облыстық мәслихат депутаттары Нұра ауданында болып қайтты.

Облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов, сондай-ақ, де­путаттар Қадиша Оспанова, Абсалям Карин ауылдық жердегі медициналық қызмет көрсету сапасы мәселесін ауылдарға арнайы барып, талқылады.

Облыстық мәслихат депутаттарының Нұра ауданына жұмыс сапары алдымен Нұра кентіндегі аудандық ауруханадан басталды.

Аудандық аурухана ғимараты 1989 жылы салынған. Күрделі жөндеу 2021-2023 жылдары жүргізіліпті.

Бүгінде ауруханада жеке зертхана, хирургиялық және стоматологиялық кабинеттері бар екенін де айту керек. Одан бөлек, ана мен баланы қорғау қызметі де жолға қойылған. Ол үшін арнайы кабинет ашылып, білікті маман қызмет көрсетеді.

Аудан тұрғындары сапалы ультрадыбыстық зерттеу үшін де енді облысқа барып, әуреге түспейді. Өйткені, ол ауруханада бар бүгінде. Арнайы кабинетпен қатар, перзентхана бөлімшесі және әлеуметтік дәріхана жұмыс істейді.

Аурухана қызметкерлерінің ай­­туынша, аудан халқының 4 мың­ға жуығы диспансерлік есепте. Олардың барлығы қажетті дәрі­-дәрмектермен қамтамасыз етіледі.

Аудандық ауруханада емхана бөлімшесі де жұмыс істейді. Болашақта гемодиализ кабинеттерін, көз дәрігерінің қызметтерін ашу да жоспарда. Бұл да аудан халқы үшін тиімді болмақ.

 

Нұркен Қобжанов сапар барысында медициналық мекеме ұжымымен кездесті. Медициналық қызмет көрсету сапасы талқыланған кездесуге Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов та қатыс­ты. Ауданда сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, еңбек жағдайларын жақсарту, заманауи аппараттар сатып алу туралы мәселелер қозғалып, аурухана қызметкерлері депутаттарға көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

– Материалдық-техникалық ба­­заны нығайту, кадрмен қамтамасыз ету, медициналық қызметтер спектрін кеңейту, заманауи ың­ғайлы жиһазбен қамтылған жайлы емдеу аймақтарын құру сияқ­ты мәселелерді жедел шешу өте маңызды, – деп атап өтті төраға.

Депутаттардың жұмыс сапары Заречное ауылында жалғасты. Бұл жерде фельдшерлік-амбулаториялық пункт салынған болатын. Соған қарамастан, пунктте дер ке­зінде шешілуі тиіс мәселелер бар.

Одан бөлек, депутаттар Шахтерское ауылындағы дәрігерлік амбулаторияда жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты.

Медициналық қызмет көрсету сапасы мәселесін зерттеп, зерделеу алдағы сессияға дайындық аясында өзге де ауылдық өңірлерде жалғасын табатын болады.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button