Ресми

Халыққа бағдарланған қызмет

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – елдің барлық аймағын қамтитын, жұмысы жолға қойылған жүйе. Бүгінде кері байланыс орнатудың жолдары көбейсе де, кеңсеге келіп, мәселесін бетпе-бет шешуді құп көретіндер әлі де бар. Сондықтан Қордың Қарағанды облысындағы филиалының қызметі қа­уырт­. Әсіресе қазір, қолданысқа Әлеуметтік кодекс енгізілгеннен бері құжат аясындағы өзгерістер туралы біліп, БЖЗҚ ұсынған мүмкіндіктерді пайдаланғысы келетіндердің қатары артқан. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының облыстағы филиалында өткізген бір күнде біз де бұған көз жеткізіп қайттық.

Бірінші кезекте – салымшы

Филиалдың операциялық бөлімінің бас маманы Баян Жушнованың айтуынша, қазір салымшылар өз жинақтарының 50 пайызын инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беру туралы жиі сұрап келеді.

– Жасына байланысты зейнет­ке шығу жөніндегі құжаттар халыққа қызмет көрсету орталығында қабылданады. Ал, бізге, шотындағы сома, оны басқару және пайдалану мүмкіндігін білуге келеді. Біз оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге алуға болатынын, ол үшін қайда бару керектігін түсіндіріп жібереміз, – дейді ол.

Бұдан басқа, салымшының қайтыс болуына байланысты жерлеуге берілетін жәрдемақы, мұрагерлік туралы сұрайтындар көп.

– Оның барлығын түсіндіреміз, қандай құжат жинау қажеттігін айтамыз. Қазір жаз мезгілі, шетелге көшетіндердің қатары көбейді. Жеке кеңес, үзінді көшірме беру сияқты қызметтерден бөлек, төлем аудару да жасалады. Ондай қызметті кейде күніне 50 шақты адам алады, – дейді Баян Ахатқызы.

Орайы келгенде айта кету керек, бірінші шілдеден бастап жерлеуге арналған төлем мөлшері ұлғайды. Бұл – Әлеуметтік кодекс аясындағы өзгерістің бірі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар адам қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған біржолғы төлем сомасы 52,4 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 94 АЕК-ке дейін өсті. Бірақ ол қайтыс болған адамның жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде болуы керек. Қаржы сол адамның отбасы мүшелеріне төленеді. Мұның барлығын кеңсе мамандары күнделікті әрбір келушіге түсіндіреді.

Баян Ахатқызы – жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысты барлық өзгерістер мен жаңалықтарды бес саусағындай білетін маман. Ол осы салада 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін бірнеше марапаттың иесі атанды. Қордың «еңбек сіңірген қызметкері» атағын да алған. «Келген әр адам қажетті ақпаратын біліп, көңілі жайланып шықса, еңбектің бос кетпегені», – деп санайды ол.

– Зейнеткерлер әрі-бері босқа сабылмасын дейміз. Нақты қайда, қандай құжат керегін біліп барса, өздеріне жақсы. Ал, біз олардың ризашылығын аламыз, – дейді Баян Ахатқызы.

Филиал директоры Мүсіреп Хасенов ұсынған дерекке сүйенсек, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында филиал қызметкерлері 73 мың қызмет көрсетіпті. Бұл – Қор бойынша жүргізілген жалпы операциялардың 11 пайызы.

Мүсіреп Мұратұлының сөзінше, филиал Қарағанды мен Ұлытау облыстарына бірдей қызмет көрсетуде.

Зейнетақы жүйесінде қандай өзгеріс?

Мүсіреп Хасенов Әлеуметтік кодекстің енгізілуіне орай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы жүйесіндегі өзгерістерге тоқталды.

– Салымшылардың инвес­тициялық мүмкіндігі артқанын айтуға болады, – дейді Мүсіреп Мұратұлы. – Енді салымшылардың міндетті зейнетақы жарналарының жартысын инвестиция­лық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруына беруге мүмкіндігі бар. Оны салымшы өзі таңдайды. Бүгінде ондай бес компания бар. Олар туралы ақпарат Қор сайтында тұр.

Жинақтарын басқа компанияға сенімгерлік басқаруға беруге ниеттілер де баршылық.

Алдыңғы жылдары, салымшыларға белгіленген жеткіліктілік шегінен жоғары зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге пайдалану мүмкіндігі берілсе, 1 шілдеден бастап, зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлерге де жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге түгелдей пайдалану мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл санатқа әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері жатады.

Филиал қызметкерлерінің айтуынша, қазіргі уақытта келушілердің ең көп сұрайтын қыз­мет түрі – осы өзгеріске байланысты кеңес.

– Келер жылдан бастап жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастайды. Оның мөлшері 1,5%-дан басталады. 2028 жылы 5%-ға жеткенше жыл сайын 1%-ға ұлғайып отырады. Зейнетақы қалыптастыруда жұмыс беруші осы уақытқа дейін тыс қалып келді. Енді жұмыс беруші де өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің болашақ зейнетақысын қалыптастыруға үлес қосады. Бір айта кетерлігі, аталған жарналар тек 1975 жылғы 1 қаңтарынан кейін дүниеге келген жұмыскерлерге аударылады, – деп түсіндірді Мүсіреп Хасенов.

– Келушілерге сапалы қызмет көрсету және халықтың қаржылық сауатын арттыру – филиалдың негізгі қызметінің бірі. Қазір өкінішке қарай, адамдар ресми ақпараттан гөрі WhatsApp-тан келетін хабарламаға көбірек сенеді, – деп ой бөлісті филиал басшысы. – Сондықтан біз ресми ақпарат таратуға тырысып, жергілікті атқарушы органдармен және де бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Кеңседе көрсетілетін қызметтен бөлек, шет елдерге қоныс аударған бұрынғы жерлестеріміздің әртүрлі сұраныстарын да назардан тыс қалдырмаймыз. Бұл – көзге көрінбегенімен, ауқымды және маңызды жұмыс, өйткені, бір де бір сұраныс жауапсыз қалмау керек – дейді Мүсіреп Хасенов.

Мобильді кеңсе – бірегей көмек

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының жұмысын айтқанда мобильді кеңселер жайлы айтпай кету мүмкін емес. Мобильді кеңселер арқылы еліміздің түкпір-­түкпіріндегі әр тұрғын зейнетақы жинақтау жүйесі, өздерінің жинағы туралы, жалпы өзгерістер жайлы біле алады. Шалғай жатқан елді мекендердің тұрғындары үшін бұл – жақсы мүмкіндік. Облыс, аудан орталығындағы кеңселерде көрсетілетін барлық қызмет түрі мұнда да бар. Мамандар барлық қажетті құралдармен қамтамасыз етілген. Жылжымалы мобильді кеңсенің келгенін тұрғындар әдетте жергілікті әкімдіктерден біліп отырады.

– Біздің бөлім салымшылардың қалада алатын барлық қыз­метін ауылдар мен елді мекендердің тұрғындарына көрсетеді. Бұл шалғай елді мекендерде тұратын адамдар үшін тиімді. Себебі, мал-жанға қарайлаған тұрғындардың қалаға келуге мүмкіндігі бола бермейді. Ауыл-аймақты аралағанда халықтың жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы ақпараты жеткіліксіз екенін көруге болады. Мәселен, көпшілік қайтыс болған адамның жинағы мемлекетке қайтарылады деп ойлайды. Оның мұрагерлерге табысталатынын білмейді. Біз бұл мәселені айтып, түсіндіруге тырысамыз. Сондықтан олар біз көрсететін қызметті күтеді. Себебі, бейнеттің зейнетін көру әр адамның арманы болғандықтан ел-жұрт Қор қызметіне қашан да разы. Ал, барлық қызмет түрінің тегін екенін баса айтқым келеді, – дейді барып қызмет көрсету бөлімінің бас маманы Әлия Айдарбекова.

Облыс өндірістік аймақ болғандықтан дәл осындай мүмкіндік ірі кәсіпорындар үшін де қарастырылған. Олардағы ондаған, жүздеген қызметкердің кеңсеге келгенінен гөрі мамандардың сол жерге барғаны әлдеқайда ыңғайлы.

– Кәсіпорын басшыларымен тығыз байланыс орнаған. Қазір зейнетке еңбек сіңірген жылдары бойынша шыққан зейнеткерлер жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту, емделу мақсатында толық ала алады. Осыған байланыс­ты кеңес алғысы келетін әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қатары көбейді. Сондықтан біз аймақтың полиция департаментімен бірлесіп, өзгеріске қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін осы санатқа жататын ардагерлермен кездесу ұйымдастырдық. Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнет­ке шыққан зейнеткерлер бір жерге жиналса, екі жаққа да тиімді, – дейді Әлия Айдарбекова.

Филиал басшысы Мүсіреп Хасеновтің айтуынша, барып қыз­мет көрсету бөлімінің жұмыс кес­тесі алдын ала бекітіледі.

– Кесте бір жылға бекітіліп, әр қызметкер өзінің қай өңірлерге баратынын біледі. Ол жақтағы жергілікті әкімдер де бұл кісілерді таниды, барлық жағдайды жасайды. Өткен айда кеңсе мамандары, Ұлытау облысына барып қайтты. Біздің облыстың Қарқаралы ауданы, Приозерск қаласы мен жақын орналасқан ауылдарды аралап, жергілікті тұрғындарға қызмет көрсетті. Бұл жұмыс тоқтамайды. Мобильді кеңсенің мамандары жан-жаққа шығып, халыққа қызмет көрсетуге қашан да әзір, – деген Мүсіреп Мұратұлы әр маманның жанында тұрған кішкене шабаданды көрсетті.

Әр шабаданда – мобильді агентке керектің барлығы бар. Және кез келген уақытта иесімен бірге кез келген өңірге аттануға дайын. Мәселен, жыл басынан мобильді кеңсе мамандары Қарағанды және Ұлытау облыстарының шалғай ауылдарына 30 рет іс-сапармен барып, қайтты. Осы сапарларда жалпы саны 23 мыңнан астам адам қамтылды.

Бір сөзбен түйіндегенде, БЖЗҚ-ның қызметтері сұраныс­тың түріне, салымшының жасы мен тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, облыстың әр азаматына қолжетімді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button