Жаңалықтар

Гулнарайым ҚАҢТАРБЕКОВА: «Бұл – келешекке нық қадам»

Қазақстан халқы тілдері күні қарсаңында облыстың тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Гүлнарайым ҚАҢТАРБЕКОВАНЫ әңгімеге тартып, сұхбат құрғанбыз.

Гүлнарайым Хасенқызы, осы уақытқа дейін қыркүйек айының үшінші жексенбісінде аталып келген мерекенің 5 қыркүйекке ауыстырылуының мәнісі неде?

Өзіңіз білесіз, өткен жылдан бастап ресми түрде Қазақстан халқы тілдері мерекесі 5 қыркүйекке алмасты. Мұның үлкен мәнісі немесе себебі бар деуге болады. Бұл күн – қазақтың біртуар ағартушысы, ғалымы, ақын Ахмет Байтұрсыновтың туған күні. Осы датаны есте сақтау керек. Көбісі Тілдер күні мерекесінің датасы ауысқаны жөнінен әлі де бейхабар. Бұл – келешекке нық қадам.

Бұл жөнінде Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылымипрактикалық орталығының директоры Ербол Тілешов: «ҚР Премьер-Министрінің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни, Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Бұрын бұл мереке қыркүйек айының үшінші жексенбісі болатын. Ахаңның біраз құжаттарын ақтардық. Бұрын Ахаң 1873 жылы 29 қаңтарда дүниеге келді деп келген. Архивтерді ақтарғанда Ахаңның өз қолымен жазған үш құжат табылды. Үшеуінде де ол «бесінші қыркүйек күні тудым» деп жазылған» деген болатын.

Білуімізше, облыста «Ресурстық тіл орталығы» жұмыс жасауда. Бұл орталық несімен ерекшеленеді?

– Аймақта Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өз жемісін беріп келеді. Қарағанды облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасына қарасты жаңа орталықтың ашылуы – осының жарқын дәлелі. Мемлекеттік тіл саясатын тиімді жүзеге асырып, латын графикасын енгізу барысында әдістемелік көмек көрсету мақсатында ашылған «Ресурстық тіл орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің екі бөлімі жұмыс істейді. Жаңа орталықта оқыту және әдістемелік жұмыс, сондай-ақ латын графикасына көшу бойынша талдау, мониторинг және ақпараттық технологиялар бөлімдерінің мамандары алдағы уақытта ұйымдардың іс-қағаздарын, БАҚ-ты және көрнекі ақпараттарды латын графикасына көшіру, латын графикасына көшу үдерісіне жаңа технологияларды енгізу, үштілділікт іенгізу бағытында жұмыс атқаратын болады.

Бүгінде мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында Балқаш, Шахтинск, Жезқазған, Теміртау, Саран қалаларында тілдерді оқыту орталықтары ашылып, мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылуда. Айта кету керек, бұл күнде жұмысын дөңгелетіп отырған әр орталықтың өзіндік ерекшелігі бар. Атап айтқанда, Жезқазған орталығы өзінің орналасқан географиялық жағдайына байланысты орта және одан жоғары деңгей топтарын оқытып, «Шешендік өнер» курсын жүргізіп отырған бірденбір орталық болса, Балқаш орталығы штаттық кесте бойынша маман саны ең көп әрі мемлекеттік тілге оқытқан тыңдаушы саны жағынан да көш бастап тұр. Шахтинск орталығына келетін болсақ, «ҚАЗТЕСТ» жүйесі бойынша оқыту әдістемесін дұрыс қалыптастырып үлгерген орталық ретінде жемісті еңбек етіп келеді. Ал Теміртау және Саран қалалары өзге ұлт өкілдері тығыз қоныстанған қала болғандықтан, қазақ тілін оқыту мәселесі әлі бірнеше жыл бойы күн тәртібінен түспеуге тиісті.

– Өңірімізде латын қарпіне көшудің алғашқы қадамдары қандай?

– Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы берген тапсырмасын облыс аумағында жүзеге асыру мақсатында 2018 жылға арналған облыстық, қалалық және аудандық іс-шаралар жоспарлары бекітілді. Сондай-ақ, облыс тұрғындары арасында қазақ тілін латын графикасына көшіру бойынша түсіндіру және насихаттау жұмыстарын жүргізу мақсатында ЖОО ғалымдары мен тіл жанашырларынан тұратын спикерлер тобы құрылды.

Қазіргі уақытта Ресурстық тіл орталығы мамандары тарапынан тамыз айынан бастап мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда «Латынша жазып дағдыланамыз» тренингін өткізу жұмысы бастау алды. Аталмыш тренинг жұмыстарына шамамен 140 адам қамтылды. Тренингке қатысқан мамандарға қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшірудің маңызы туралы жан-жақты ақпарат беріліп, емле ережесінің жобасымен таныстыру жұмыстары жүргізілді.

Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының инстаграм парақшасы мен фейсбук әлеуметтік желілерінде 18 шілдеде бастау алған «Қазақша оқы, латынша жаз» акциясы аясында 50 шақты пост (жазба), оның ішінде «Мақалды жалғастыр» интеллектуалдық онлайн-ойыны мен қазақ классиктерінің шығармалары латынша жарияланды. Сондай-ақ, осы посттар «Ресурстық тіл орталығы», «Жаға ұстатты», «Жұрт не демейді?», «Мағыналы сөздер», «Терең мағыналы сөздер», «Дүниежүзі қазақ қандастары» сынды ашық топтарда да таратылды. Жалпы, акцияға 600-ден астам әлеуметтік желі қолданушысы қатысып, оның 200-ден астамы осы посттар бойынша өз пікірлерін білдірді.

Акция барысында оқырмандар қазақ тілінің латын графикасына негізделген пернетақтаның жоқтығын атап өтсе, акция ұйымдастырушылары өз кезегінде «Qazaq Keyboard» пернетақтасын ұялы телефонға жүктеу мүмкіндігі бар екенін түсіндірді.

Сонымен қатар, осы акция шеңберінде оқырмандардың сұранысы бойынша осы жылдың 1 тамызынан бастап «9 қала. 9 аудан» жобасы да жүзеге асырылуда, бұл жоба оқырмандардың облысымызға қарасты географиялық атауларды (топонимдерді) латын қарпімен сауатты жазуға дағдыландыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда жобаға 100-ге тарта әлеуметтік желі пайдаланушылары қатысып үлгерді.

Өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді дамытуға қатысты шаралар ұйымдастырыла ма?

– 2016 жылдан бастап республикалық «Мың бала» ағартушылық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында биыл сәуір айында этнос өкілдері тәрбиеленушілері арасында «Қазақшаң қалай, балақай?» байқауы дәстүрлі түрде өткізіледі.

Облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау салтанатты шарасына мемлекеттік тілді жетік меңгерген, түрлі байқаулардың жеңімпаздары және жүлделі орын иегерлері болып табылатын өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында «Тіл білгірі», мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастар арасында «Жас полиглот» номинациялары енгізіліп, лайықты тұлғалар марапатталуда.

Сонымен қатар, «Үш тұғырлы тіл саясаты – жастардың болашағы мен мүмкіндігі» атты ақпараттық насихат шаралары облыста үшінші жыл қатарынан өткізіліп, мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінен тұратын және басқа да спикерлер құрамы Қарағанды, Теміртау, Қаражал, Балқаш қалалары мен Абай, Шет, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы аудандарының тұрғындарымен кездесті.

2017 жылдан бастап облыстық «Сарыарқа» телеарнасымен бірлесе «Үш тілді оқыту телесабақтары» жобасы жүзеге асырылып келе жатыр.

2017-2018 жылдары мемлекеттік тіл саясатын насихаттау мен оған ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған «Мәңгілік тіл» телебағдарламасында Қарағанды «Мұрагер» мамандандырылған мектебінің түлегі В.Струшко, Қарағанды облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің тіл саласы бойынша маманы О.Тукмачева, «Бесінші арна» телеарнасы әзірлеген «Мемлекеттік тіл – бірлік пен біртұтастықтың кепілі» бейнеролигінде «Наше радио» жүргізушісі Е.Сафина және математика пәнінің мұғалімі Е.Нипрук, Қарқаралы ауданы білім бөлімінің әдіскері Н.Смолин «Сарыарқа» телеарнасының «Ойталқы» ток-шоуына қатысты.

Аталған телебағдарламалар аясында мемлекеттік тілді меңгерген тұлғалардың жетістіктері насихатталды.

Әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button