Грант саны көбейеді
Жаңа оқу жылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі 60 мың орынға көбеймек. Оқу-ағарту министрлігінің мәлімдеуінше, мемлекеттік тапсырыс бойынша қабылданған білім алушылар саны 145 мың адамға жетеді.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен сұранысқа ие мамандықтар, тегін техникалық және кәсіптік білім беру бағытында мемлекеттік білім беру тапсырысы республикалық бюджет есебінен 60 мың орынға ұлғайтылды. 2025 жылға қарай жастардың 100%-ы сұранысқа ие мамандықтар негізінде тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз етіледі, – деді Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.
Мемлекеттік білім беру тапсырысының басым бөлігі геология, машина жасау, энергетика, IT, металлургия секілді техникалық мамандықтарға арналмақ. Бүгінде техникалық және кәсіптік білімді мемлекеттік тапсырыспен қамту 80%-ға жетті.
Жалпы, жыл сайын кәсіпорындар өтінімдері арқылы 10 мың талапкер қабылданады. Тапсырыс беруші кәсіпорындар өз базаларында өндірістік тағылымдама ұйымдастырып және түлектерді одан әрі жұмысқа орналастыруда.
Ал, Қарағанды облысында қазіргі таңда 54 колледжде 32 036 жас білім алуда. Оның 22 666 (71%) мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. Биылғы оқу жылында қабылдау 8144 орынды құрады.
Кәсіпорындармен мамандарды мақсатты оқыту бойынша келісімдер белсенді түрде жасалуда. Кәсіпорындарға қамқорлық көрсету аясында 32 колледжбен 74 меморандумға қол қойылды. Биыл келісімшарт бойынша 467 студент білім алып жатыр. Келесі оқу жылына тағы 300 студент қабылдау жоспарлануда.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz