“Гиннеске” кірген жаңа есім
Шахтинскі қаласының тұрғыны Руслан ФАТАХОВ стритлифтингтен Гиннестер рекорд кітабына енді. Оның үстіне ол алдағы жазда қосымша салмақпен тартылудан чемпион атанған болатын. Русланның бұл спорт түрімен айналысқанына бес жыл болған.
Жерлесіміз спорттағы мансабын греко-рим күресі, жеңіл атлетика, футбол, волейбол сияқты спорт түрлерінен бастаған. 16 жасынан бері осы темірде тартылуды жанына жақын көріп, енді міне, нәтижелі көрсеткіштің иесі атанды.
– Бос уақытымның барлығын дерлік осы стритлифтингке арнадым. Кез келген еңбектің жемісін көру үшін оған тер төгу қажет. Менің бұған дейінгі жарыстарда жеңіліс табуым һәм спорттағы қателіктерім мені алға жетеледі. Қай салада болмасын әрдайым жаным ұдайы алда болуды қалайды. Осы бір рекордты жаңартсам деген ой маған бір жарым жыл бұрын келген. Өткен жылы Гиннестер рекорд кітабына өтініш беріп, қосымша салмақ яғни арқама ауыр темір салынған сөмке арқалап темірге тартылған бейне таспаларым мен көрсеткіштерімді онлайн жібердім. Көп күтуге тура келді. Десек те, нәтиже өте керемет. Тамыз айында Украинаның Киев қаласында стритлифтингтен әлем біріншілігіне қатысып қосымша 32 келі салмақ көтеруден бәсекеде әлем чемпионы атандым. 2017 жылғы рекордты жаңартып, жаңасын енгіздім, – дейді Руслан.
Жерлесіміз қазіргі таңда Ресейде оқиды. Оның арманы болашақта Қазақ Қазақстанда Workout пен стритлифтинг секциясын ашып, өз білген-түйгенімен бөлісу.
Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.