«Гидролог пен Гидротехник қайда?»
Қаламгер Мағауия Сембайдың «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған «Гидролог пен Гидротехник қайда?» деген мақаласын оқыдым. Мен көп жылдар бойы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, совхоздарда мамандығым бойынша қызмет атқардым. Біраз жыл аудандағы ірі шаруашылықтың бірі – Карл Маркс совхозында директор болып жұмыс істедім.
Ол уақытта әр совхозда штаттық кесте бойынша мелиоратор бар болатын. Сол маманға өзендер, бұлақтар, көлшіктердегі судың мөлшерін анықтап, мониторинг жүргізу, қардың түсімін бақылап отыру міндеттері жүктелетін. Совхоздағы техникамен ағысы қатты өзендердің жолына бөгет қойылып, судың екпіні қайтатын. Таулардың, қырлардың етегіндегі топырақтарды үйіп тоған жасалатын, төрт түлік содан жаздай су ішетін. Мелиоратор ауыл шаруашылығы басқармасындағы гидротехникпен байланысып, төтенше жағдайдың алдын алуға, шара қолдануға жұмыс жасалатын.
Көп жылдан бері су тасқындары болмаған, су жүретін жерлерді, өзектерді құм, қоқыс басып кеткен, су қоймаларының жағдайы мәз емес. Сонымен қоса, шаруалар, үй иелері су жүретін жерлерге қыстай малдың қалдық шөп-шаламын, қиларын үйіп, бітеп тастайды. Су ағарлардың жолын бөгеп, өз беттерінше топырақты үйіп, автокөлік жолдарын салады. Көктемде келген су сол бөгеттерге тіреліп, елді мекенді су астына қалдырады, төтенше жағдай тудырады.
Осы жұмыстарды реттеп, алдын ала шара қолдануға, апаттық жағдайларды болдырмай, қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланып, іс-әрекет жасау үшін бүгінгі жағдайда аудандарға гидротехник штаты қажет.
Бейбіт ҚАСЕНОВ,
Жаңаарқа ауданы әкімінің кеңесшісі,
Ауыл шаруашылығы саласының
Құрметті ардагері.