Гена есімі – белбеуде
Бүгінде жүрегі – түкті, білегі – мықты Геннадий ГОЛОВКИННІҢ әр қадамына төрткүл жаһан жұрты көз тігіп, құлақ түріп отыр. Жерлесіміз жақында тағы бір мәрте жарқын жетістігімен дүниені дүр сілкіндірді. Алаштың абыройын – асқақ, көңілін – шалқақ етті. Бүкіләлемдік бокс кеңесінің шешімімен (WBC) 37 жылдан бері өзгертілмеген белбеуге Генаның бейнесі мен Қазақстанның Көк Туы енгізілді.
«WBC» белбеуі – екінің біріне, егіздің сыңарының маңдайына бұйырмаған мәртебе. Оны, тек, бокс тарихындағы ең үздік боксшылар ғана иеленген. Бұл белбеуді иемденгендердің арасында аты аңызға айналған Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Леннокс Льюс, Рэй Леонард, Роберто Дюран, Хулио Сезар Чавес, Ларри Холмс, Виталий Кличко, Марвин Хаглер, Томми Хернс, Оскар де Ла Хойя, Флойд Мэйвезер сынды былғары қолғап шеберлері бар.
Аталмыш мықтылардың қатарын толықтырған Геннадий Головкиннің бейнесі белбеуде басылуы һәм еліміздің байрағы енгізілуі – елдің абыройын еселеді. Қазақстанның мәртебесін бір биіктетіп тастады.
Тасы өрге домалады деген осы шығар. Гена – мықтылар қатарында. Мәселен, бокс атасы атанған Мұхаммед Әли 1960 жылғы Олимпиададаның ауыр салмақтағы чемпионы, кәсіби спортшылар арасындағы ауыр салмақтағы үш дүркін әлем чемпионы. Ол, өзінің кәсіби мансабында 61 кездесу өткізіп, 56 рет жеңіске жетіп, бес рет ұтылған. Одан кейін тұрған, ел аузында «Темір Тайсон» атанған Майк Тайсонның да атағы атан түйеге жүк. Әлемде ең танымал ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы «WBC» (1986-1990, 1996), «WBA» (1987-1990, 1996), «IBF» тұжырымдарының (1987-1990) чемпионы.
Ал, Қарағандыдан қанаттанған Геннадий Головкин – орта салмақта «WBA» (Super), «IBO», «WBC» және «IBF» тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Осыған дейін боксшы 36 жекпе-жекті сәтті өткізді. Барлығында жеңіске жетіп, жанкүйерлерін қуантты. 33 кездесуін уақытынан бұрын аяқтады.
Айта кетейік, Головкин мен Джейкобстың айқасы сәт санап жақындап келеді. 18 наурызда қос боксшының бәсекесі Нью-Йорктегі «Madison Square Garden» аренасында өтеді. «Қазақстан» мен «Кazsport» телеарналары жекпе-жекті тікелей әфирде көрсетеді.
Нұрдос КӘРІМ