Жаңалықтар

Газет – тасқа басылған тарих

Жуырда Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева әлеуметтік желі арқылы ұстаздар қауымын газет-журналдарға жазылуға шақырғаны белгілі. Бұл туралы ел газеті «Egemen Qazaqstan» басылымы жарқырата жазып, Жанат Тәжиеваның бастамасына қолдау білдірді. Шыны керек, «Педагог мәртебесі туралы» Заң шыққалы бері педагогтер газетке жазылуды қойды. Телефонға телмірген заманда қалалық басқарма басшысының ұрпақ тәрбиелейтін ұстазды газет оқуға шақыруы елді елең еткізгендей. Елең еткізерліктей болатыны сол – газетті қажет деп таппайтын басшылар мен мұғалімдерге үлгі боларлықтай ой айтты. Мен ұстаздық дейтін ұлы қызметке келгелі 33 жылдан бері аудандық, облыстық, республикалық газеттерге үзбей жазылып келемін. Соның ішінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің орны бөлек. Аймақтың тыныс-тіршілігінен хабардар болып, сын, сараптамаларды, шығармаларды оқимыз, тың деректерді кезіктіреміз.

Тек мен ғана емес, Бұқар жырау ауданы Мәнжі батыр атындағы Қаражар ЖББ мектебінің мұғалімдерінің баршасы жыл сайын «Орталық Қазақстан» газетіне өз еркімен жазылып, оқиды. Ұстаздықтың миссиясы – адам тәрбиелеу болса, газеттің миссиясы – ұлтты тәрбиелеу екені белгілі. Біз осыны қашанда негізге аламыз. Сол себепті Қарағанды аймағының тыныс-тіршілігінен хабардар болып, білім саласындағы өзгерістер мен тың деректерді біліп отыру – біздің мақсат-міндетіміз. Облыстық газеттің ішінен шығатын
«Шамшырақ» атты мұғалімдерге арналған қосымша газетте мектеп мұғалімдерінің жазған мақалалары жарық көріп тұрады. Ал, газетке жазып қана қоймай, оны оқыған адамның білімі де толысады.

Газет – қоғам айнасы. Десек те, қазір газеттің оқырманы азайып кеткені рас. Оған себеп те табылады. Біріншіден, жұмысбастылық, екіншіден күнделікті қолданатын ұялы телефон мен гаджеттер. Кез келген адам қазір ақпаратты тез ала алады. Бірақ, оның дұрыс-бұрысын тексеріп жатпайды, әрі бүгін бар, ертең жоқ ақпарлар. Ал газет – тасқа басылған тарих. Ондағы құнды деректер дәуірден дәуірге жетеді, сарғайған газет беттерінде қатталып, сақталып тұрады.

Сауатты ұрпақ тәрбиелейтін мұғалімнің газет оқымауы әрине ұлттық құндылығымызды жоғалтуға, жас ұрпақтың сауатсыздығына әкеп соғады. Сондықтан, газеттің құндылығы қай уақытта да жоғалған емес. Тіпті, ол қоғамның әр саласын қамтыса, сонша саланың қызметкерлері газеттің оқырманы болуы тиіс. Ал мен осы орайда педагог әріптестерімді «Орталық Қазақстан» газетіне жазылуға шақырамын.

Манарбек БАЗЫЛОВ,
Мәнжі батыр атындағы Қаражар ЖББ мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button