Бейне

Фрида әже

Осыдан үш жыл бұрын, тоқсан жасқа қараған шағында Фрида әже қайтыс болды. Ол кісі Қазақстанға күштеп қоныс аударылған неміс ұлтының өкілі болатын.  Адамзаттың даму тарихында ерекше орны бар неміс халқының біраз бөлігі Ресей империясының аумағына І Петр патша тұсынан бастап қоныс аударса керек. Тегі неміс ІІ Екатерина патшайым тұсында тіпті көбейіп, елдің еуропалық бөлігінде тұтас елді мекендер пайда болғаны белгілі. Қазақ жерінде алғашқы неміс отбасыларының көрініс беруі осы кез. Олар негізінен орыс империясының қызметінде болған әулеттердің өкілдері еді. Ресми деректерде Қазақстандағы алғашқы неміс аулы 1885 жылы құрылған Фриденсфельд (Рожденственское) деп есептеледі. ХХ ғасырдың басындағы Столыпин реформасы кезеңінде еліміздің солтүстік аумақтарында Алтенау, Кенигсгоф, Александртал, Пруггергоф сияқты бірсыпыра елді мекендер пайда болды.

Суреттер кейіпкер мұрағатынан

   1918 жылдың соңында Еділ бойында неміс жұмысшы коммунасы құрылып, осының негізінде 1924 жылы Еділ немістерінің автономиялық республикасы, осы ұлт өкілдерінің тұтас аудандары мен ауылдық кеңестері Украинада пайда болды. Олар дербес мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі, күнделікті қарым-қатынаста қолданылатын тілдік диалектілері сақталған ұлт ретінде дамыды.

Халықтар түрмесіне айналған қызыл империя – КСРО құрылғаннан соң, 1930 жылдары кулактар мен әлді шаруалардың мал-мүлкін тәркілеу, өздерін қуғын-сүргінге ұшырату салдарынан Еділ бойын, Украинаны, Қырым мен Кавказды қоныстанған немістердің бір бөлігі Қазақстанға айдалып және бас сауғалап келе бастады.

Германияда Адольф Гитлер бастаған фашистік жүйенің үкімет басына келуі, үшінші Реихтың экономикалық һәм әскери күш-қуаты артып, әлемді жаулап алуға ұмтылған империялық пиғылы айқын байқалуы КСРО-дағы неміс ұлтының өкілдеріне аса ауыр тиді. Оларға сенімсіздік пайда болып, Германия үшін тыңшылық жасады деген айып тағылып, қамауға алынды, жер аударылды немесе ату жазасына кесілді.

Әңгімеміздің кейіпкері Фрида Ионатанқызы Украинаның батысына қоныстанған неміс әулетінен көрінеді. 1933 жылы жарық дүние есігін ашыпты. Әкесі Евангелді-лютерандық шіркеудің өкілі, діншіл адам екен. Құдайға сеніп, үйінде інжіл (библия) ұстағаны үшін қылышынан қан тамған зұлымдық империясының қаһарына ұшырап, 1937 жылы ұсталады да, көп ұзамай ату жазасына кесіледі. Отбасының анасы Герта үш ұл, төрт қызын құшақтап жесір қалады.

ІІ дүниежүзілік соғыс қарсаңында елдің батыс бөлігіндегі, соның ішінде Украинадағы немістер мен еврейлер Қазақстан мен Сібірге күштеп көшіріле бастайды. Үшінші Реих армиясының Польшаны басып алып, Кеңестер Одағы шекарасына таяп келуі «сенімсіз ұлттарды» депортациялауды тездете түседі. Гертаның отбасы жүргенінен тұрғаны көп составқа тіркелген жүк вагонымен сегіз ай жол жүріп, қу сүйегіне ілініп, әрең дегенде Қазақстанға жетеді.

Немістерге сенімсіздік білдірсе де, соғыс басталғаннан кейін Ионатан мен Гертаның екі үлкен ұлы әскерге шақырылып, екеуі де Кеңестер Одағының азаттығы жолындағы соғыста, өз қандастарына қарсы қантөгісте қаза табады. Қолында қалған жалғыз ұлы мен төрт қызын бауырына басқан жесір әйел кеңестік биліктің тозағы мен мазағына төзіп, бұрын-соңды көзі көрмеген, құлағы естімеген Қазақстан деген республиканың Қарағанды облысы, Қу ауданына қарасты «Едірей» колхозынан бір-ақ шығады. Түрі жат, тілі түсініксіз халықтың ортасына түскен бұл жандардың сол кезде қандай күй кешкені бір Тәңіріге ғана аян. Колхоз бұларды елді колхоздастыру кезінде салынған бір ескі үйге орналастырады. Фрида бұл кезде 9-10 жастағы қыз бала көрінеді.

Неміс халқының еңбекшілдігі, тазалығы елге аян. Герта да солардың сапынан екен, алдынан жұмыс ығып отыратын, азын-аулақ сауаты бар әйел мал шаруашылығымен айналысатын колхозға сауыншылық жұмысқа кірісіп, көп ұзамай Едірейдің сүт өнімдерін өңдейтін фермасында бригадир болады. Осы жерде отбасында қайғылы оқиға орын алады – тұрын жатқан үйдің төбесі ортасына түсіп, құлаған бөрене Фриданың сегіз жастағы сіңілісін басып қалады. Қызы қайтыс болған, баспанасы құлаған бес жанды жергілікті басшылар ауылдағы бас көтерер санаулы азаматтардың қатарындағы Мұхамадияр Тергеубековтің қоржын үйінің бір бөлмесіне кіргізеді.

Қазақтардың қонақжайлығы жер ауып келген неміс отбасын баурап алады. Оның үстіне, отағасы біртоға, зайыбы Зибыкен бойы кең, дастарқаны берекелі бәйбіше екен, алғашқыда тіл қиындығы болғанымен, тез ұғысып, бір уыс бидайды бөліп жеп, қайнаған қара суды бөліп ішіп, екі әулет тату-тәтті тұрады. Фрида екі сіңілісімен бірге қазақ мектебіне барады, қазақ тілін, салт-дәстүрін үйренеді.

Отбасындағы қыздардың үлкені болғандықтан, үй шаруасында да, дала жұмысында да Фрида анасына жәрдемшілік жасайды. Күні бойы колхоздың қысы-жазы бітпейтін науқандарында жүретін ағасы Ионатан (ұлдардың кішісі әкесінің құрметіне солай аталыпты) мен шешесінің орнын жоқтатпай, сіңілілерінің тәрбиесімен айналысады. Олардың тамағын істеп, кірін жуып, су тасып, тезек теріп, от жағып, үй ішіндегі бүкіл шаруаға үлгереді.

Неміс қызының пысықтығына көзі жеткен, қазақтың тілі мен мәдениетін жатсынбай қабылдағанына куә болған Мұхамедияр отағасы елуінші жылдары ұлттық дәстүрмен құда түсіп, үлкен ұлы Ыбырайға Фриданы алып береді. Сал-серілігі өз әулетіне, бой күші нағашы жұртына тартқан, ауылдың ұшы-қиыры жоқ науқандық жұмыстарына ерте жастан араласқан Ыбырай шаруашылыққа алғаш келген тракторлардың біріне ие болып, шөп шабу, мал бағу сияқты бейнетті еңбекті атқарумен қатар, енді ғана еңсесін көтере бастаған елде сиректеу болатын той-томалақтан, 1 мамыр, 7 қараша мерекелерінен де қалмайды. Күреске түсіп, көкпар тартып, бәйгенің алдын иеленеді. Мұндай сәттерде үйдің де, түздің де шаруасы Фриданың мойнына жүктеледі. Осы жұмыстарды атқара жүріп неміс келін жарық дүниеге 11 перзент әкеліпті: үшеуі – ұл, сегізі – қыз. Азия мен Еуропаның асыл текті ұлттарының жұбынан жаяу кісі жатып, атты кісі түсіп қарайтындай көркем ұрпақтар өрбіді. Фрида жеңгей олардың бәріне тәлімді тәрбие берді. Ыбырай ағамыз осыдан оншақты жыл бұрын, сексеннің сеңгірінен асып дүние салса, Фрида жеңгеміз 2022 жылдың соңында, жасы тоқсанға қараған шақта бақиына аттанды. Олардың соңында ұл-қыздарынан тараған 41 немере мен жиен, 82 шөбере мен жиеншар қалды. Ыбырай аға мен Фрида жеңгейдің ұрпақтары қатарында есімі бүкіл елге әйгілі атбегі, жасы алпыстан асқан ардагер спортшылар арасында дзюдо және самбо күрестерінен әлем чемпионы атанған Боран Тергеубеков, қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Гүлбаршын Тергеубекова сияқты тұлғалар бар. Басқа балалары да өмірден өз орындарын тапқан, қоғамға еңбегі сіңген, қазір бір-бір үлкен шаңыраққа ие болып отырған адамдар.

Фрида жеңгеміз қайын жұртына, оның ішінде атасы мен енесіне қадірлі болғаны, өзі келін боп түскен ұлттың тілінде сөйлегені, қазақ жұртының салт-дәстүрін қатаң ұстанғаны, мұсылмандықты қабылдап, бес уақыт намазын қаза қылмағаны, қонақжайлылығы, мейірімділігі, ас-су әзірлеу былай тұрсын, әйелге тән іс тігу, тоқыма сияқты қолөнерге шеберлігі оны танитындардың ешқайсына таңсық емес шығар. Бірақ, соңғы қырық жылдай өмірі өзге ұлт өкілдері көбірек тұрған Бұқар жырау (бұрынғы Тельман) ауданында өтсе де, не немісше, не орысша бір ауыз сөз білмей, тек қазақша сөйлегені осы жолдардың авторын таң-тамаша етті. Екінші ерекше жағдай, 2000 жылдардың басында, жүріс-тұрысы ширақ кезінде балалары анасын тарихи отанына – Германияға қоныс аударған ағасы, сол кезде қатты ауырып төмендеп жатқан Ионатанды көріп қалуға апарып қайтқан екен. Осында жүргенде туысқанын көріп толқығандықтан ба, әлде климат ауыстырғандықтың салдарынан ба, Фрида жеңгейдің өзі де ауырып, біраз бөгеліп қалады. Осы кезде елде қалған жары Ыбырай ағамыз зайыбын қатты сағынып, Германияға жиі-жиі телефон соғады «неміс шал тауып беремін демесеңдер, кемпірімді тез қайтарыңдар» деп. Жарты ғасырдан астам бір шаңырақтың астында ғұмыр кешіп, жарасып кеткендері, жарының дәм-тұзына үйренгені соншама, Ыбекең келіндерінің қолынан шай ішпей қойыпты.

Шешелері ұшақтан түсіп жатқан кезде әкелерінің жарын қалай айналып-толғанып қарсы алғанын ұл-қыздары ерекше әсермен, ата-анаға деген құрмет пен сағынышқа толы сезіммен баяндайды. Фрида жеңгеміз неміс халқы дамудың жоғары деңгейіне жеткеніне куә болыпты. Тіпті, кеудесін өз ұлтының жетістігіне деген мақтаныш та кернеген болар. Бірақ, кере дәмін татып, мынау жарық дүниемен қоштасар сәтінде айналасындағы ұрпақтарына неміс жерін емес, Едірейді бір көре алмай кетіп бара жатқанын айтып, өкініш білдірген екен. Жан-жүрегімен табысқан елге, ғұмырының ең аяулы шақтары өткен жерге деген құрмет пен сағыныштың ең зоры осындай-ақ шығар. Марқұмдардың топырақтары торқа, жер басып жүрген ұрпақтары ғұмырлы болсын!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ

«Ortalyq Qazaqstan» 

Суреттерде Фрида жеңгеміздің жұбайы Ыбыраймен, балаларымен және немерелерімен түскені бейнеленген.                              

Басқа материалдар

Back to top button