Фестиваль жалауы желбіреді
Бейсенбі күні Жезқазған қаласында халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің дәстүрлі XXVIII аймақтық фестивалінің шымылдығы түрілді. Өнер додасының салтанатты ашылу рәсімінде бәсі биік байқауға қатысушылар мен көрермен қауымды қала әкімінің орынбасары Зина АҚЫЛБЕКОВА құттықтап, сәттілік тіледі. Ұлттың төл мәдениеті мен өнерін насихаттап, дамытуды мұрат тұтқан фестиваль аясындағы түрлі сындарда Жезқазған, Қаражал, Сәтбаев қалалары, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Жәйрем кентінің іріктеуден өткен өнерлі өрендері өзара бәсекеге түседі.
Аймақ жұртшылығының қапысыз қолдауы мен шексіз сүйіспеншілігін иеленген өрелі өнер мерекесінің ашылуына арналған шара Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушы тараптың ұйғарымына сәйкес, фестивальдің жалауын көрермендер залына енгізіп, сахнаға шығару құрметіне С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалы-драма театрының артисі, Қазақстанның мәдениет саласының үздігі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын қобыз» сыйлығының иегері Жұмағазы Бірмұқанов пен Т.Қалмағамбетов атындағы Жезқазған филармониясының әншісі, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының және Жезқазған қаласы әкімінің «Жыл әншісі» номинацияларының лауреаты Гүлдәурен Жидебаева ие болды.
Іс-шара барысындағы әндер, билер мен күйлер легін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Береке Көшенов есімдері елге етене мәлім мәдениет майталмандары – композитор Жақсыкелді Сейілов пен ақын Сайлаухан Нәкеновтің шығармашылық үндестігі арқасында дүниеге келіп, «Ұлытау үні» фестивалінің гимніне айналып кеткен ғажайып туынды «Ұлытауым» әнімен бастап берді.
Келісті кеште түрлі көрсетілімдер және қойылымдар тәсілімен өнерсүйер қауымның құрметі мен қошеметіне бөленген өнер байқауының өнегеге толы өткені айшықты баяндалды. Бұрынғы жылдары фестиваль бағдарламасында болған «Жұлдыз», «Күміс қоңырау», «Әнші балапан» сондай-ақ, басқа да байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері сахна төріне көтеріліп, өнердегі өрістерінің кеңейе түскенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әр кезеңде осынау фестиваль аясында ұйымдастырылған ақындар айтысының жеңімпаздары, ұлттың қасиетті мұрасының байрағын биікте желбіреткен дарабоз тұлғалар – Аманжол Әлтаев, Баянғали Әлімжанов, Балғынбек Имашев және Айбек Қалиевтің бейнебаян арқылы ыстық лебіздерін білдіріп, аталған өнер байқауының қажеттілігі мен маңыздылығына жоғары баға беруі, Жезқазған-Ұлытау аймағындағы ағайынның тыныс-тірлігінің кең де кемел болуына риясыз пейілмен тілек қосуы көрермен көңілінде ерекше әсер қалдырды.
Фестивальдің ашылу салтанаты Береке Көшеновтің орындауындағы «Өз елім» әнімен түйінделді.
Қазақстан Республикасының Елордасы – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған мәдениет пен өнер мерекесі үздіксіз үш күнге ұласады. Оның бағдарламасы да байыпты түзілген. «Ару қалам – Астанам» атты қолөнер шеберлерінің аймақтық конкурс-көрмесі, қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған аймақтық күйшілер сайысы және Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылатын «Мағжаннан қалған маржан жыр» көркемсөз оқу шеберлерінің аймақтық конкурсы жүзден жүйрік шыққандардың есімдерін паш етеді. «Жылдар мен жолдар» атты Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, мәдениет қайраткері Мөрлібек Мұратбаевты еске алу кеші тағылымы терең шара болары анық. Өнерге іңкәр қалың қауымның жастар арасындағы «Жұлдыз – 2018» аймақтық ән байқауынан да күтері көп.
Фестивальдің салтанатты жабылуы кезінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі өткеріліп, гала-концерт берілмекші.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.
Суретті түсірген Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.