Жаңалықтар

ФАРМАЦЕВТИКА САЛАСЫНДАҒЫ ИННОВАЦИЯ

    Қарағанды фармацевтикалық кешені 2018 жылдың қаңтар айынан әлеуметтік маңызы бар науқастарды стационарлық жағдайда емдеуге арналған дәрілерді денсаулық сақтау мекемелеріне жеткізуді бастайды. Бұл – Қазақ­стандағы бірінші отандық биотехнологиялық компания. Сонымен қатар, кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында тапсырыс берілетін дәрілердің елімізде жасалуы –  мемлекеттің осы саладағы бюджет шығынын азайтуға айтарлықтай үлесі болмақ.

Жаңа биотехнологиялық «Ритуксимаб» және «Семиклотин» препараттары ісікке және гемофилия ауруына қарсы отандық фармацевтикалық өндірістегі инновация. Мұндай дәрілер бұрын-соңды елімізде өндірілмеген. Аталмыш препараттар Ресейдің биотехнологиялық компаниясының әзірлемесі. Яғни, емдеу саласында пайдаланудың оң тәжірибесіне ие болып, Ресей ғана емес сонымен қатар, ТМД, алыс шетелде де өзінің тиімділігін дәлелдеген. Дәрілер құтыдағы зарарсыздандырылған лиофилденген инъекциялық, картридждердегі зарарсыздандырылған сұйық инъекциялық және алдын ала толтырылған шприцтердегі зарарсыздандырылған сұйық  инъекциялық дәрі-дәрмектер түрінде шығарылады. Айта кету керек, Қазақстанда бірінші рет шығарылатын, алдын ала толтырылған шприцтердегі препараттар шұғыл шағдайларда өте тиімді. Халықаралық ережелерге сәйкес, клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулердің ұзақ кезеңінен өткен препараттар тазалықтың ең жоғары «А» класындағы үй-жайларда құйылады. Препараттар шығарылардан бұрын ұзақ клиника алдыңғы және клиникалық кезеңдерден өткен.

Қарағанды фармацевтикалық кешені цехының ауданы 2000 шаршы метрді құраса, өндірістік қуаттылығы жылына 4 миллионнан аса қаптама шығаруға қабілетті. «Bosch», «GEA», «Optima» сияқты жетекші еуропалық өндірушілердің заманауи технологиялық жабдығымен жабдықталған өндірістік процесс толығымен автоматтандырылған. “Scada” бірыңғай бағдарламасы арқылы басқарылуы есебінен «адами факторды» азайтуға мүмкіндік береді. Жобаның стратегиялық серіктесі – Ресейдегі көшбасшы фармацевтік «Фармстандарт» компаниясы.

«Қазақстан ФармМедИндустриясы» Қауымдастығының Президенті Руслан Сұлтанов атап өткендей, Қауымдастық қазақстандық фармацевтикалық нарықтың импортқа тәуелділігін азайту, тұрғындарды маңызды дәрілік препараттарға қолжетімділікті қамтамасыз ету, олардың сапасы мен тиімділігін арттыруды басты мақсат етеді. Сонымен қатар, басым бағыттардың бірі ретінде – Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге арналған тиімді және қауіпсіз отандық дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді көздейді.

Қарағанды фармацевтикалық кешеніне құйылған  инвестиция көлемі 50 млн. АҚШ долларын құрайды, 170 жоғары білікті жұмыс орындары құрылған. Кешен 2010, 2014 және 2017 жылдары 66 түрлі дәрілік препараттарды жеткізуге «СК-Фармация» бірыңғай дистрибьютормен ұзақ мерзімді шартқа отырған. Кәсіпорын препараттарының тізімі гемофилия, онкология, вирусты гепатит, қант диабеті сияқты әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеуге бет бұрды.

Ерікбек Ағатанов, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС атқарушы директоры:

– Дәрі шығару – қиын процесс. Біз өз тиімділігін дәлелдейтін технологиялар трансферін жасаймыз. Құрылымдық серіктесіміз – «Фармстандарт» компаниясы, ол Ресей фармацевтика нарығында көшбасшы. Бастапқы кезеңде отандық нарықты қамтамасыз етуді мақсат етіп отырмыз. Болашақта, Орталық Азия өңірі мен алыс шетелді қамтамасыз ету жоспарда. Қазіргі таңда Қазақстан батыс еуропалық және америкалық компаниялардың дәрілерін сатып алатын болса, «Ритуксимаб» және «Семиклотин» препараттары солардың орнын басатын болады.

– Қарағанды фармацевтикалық кешенінен шығатын препараттардың шетелден әкелетін препараттармен салыстырғанда құны 30 пайыз шамасында төмен болуы есебінен бюджет қаражаты үнемделеді. Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясына кіретін препараттардың қымбаттығынан мемлекет әлеуметтік маңызы бар ауруларға арналған дәрілерді сатып алуға шамамен миллиард теңге көлемінде жұмсауда. Аталмыш препараттар нарыққа шыққаннан кейін 300 млн. теңгеге дейін үнем жасап, соған жіберілетін қаржыны басқа да дәрі түрлерін сатып алуға жұмсауға мүмкіндік береді – дейді, «Қазақстан ФармМедИндустриясы» Қауымдастығының Президенті Руслан Сұлтанов.

Қарағанды фармацевтикалық кешені 2017 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитетінің GMP талаптарына сәйкестігі бойынша тексерістен өтті. Кәсіпорынға аталмыш сертификаттың берілуі халықаралық стандарттарға сәйкес дәрілік құралдардың сапа бақылауы мен өндірістің тиімді ұйымдастырылатынын растайды.

Сертификатты салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Фарида Макеева тапсырды.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Back to top button