Басты тақырып

Facebook-тегі фәни жалған…

БІР АҚЫН…

Бір ақын жүр біздің елде –

көп емес.

Көрмеген жөн – көзді нұрға

бөлемес:

Сүйген жері – қара таңба, қасірет,

Жүрген жері – айқай-шу мен

төбелес!

Ұстанатын дәстүрі де, салты –

ескі.

Жай жүрген жоқ…

Іздеп жүр ғой Дантесті!

Һайям анау –

Шарап құмар маскүнем,

Пушкин мынау –

Дуэльде өлген қанкешті…

Қай ақын кеп жарылқады

қай елді?!

Өзі – кедей, жақтырмайды

бай елді!

Күйеді екен өз-өзінен өртеніп,

Сүйеді екен өңкей сұлу әйелді!

Бір ақын жүр қайғылы һәм күлкілі!

Қазақ қалды, жырлайды

екен түркіні.

Бұл түгілі Мағжан да от басқан,

Өстіп жүріп, өртенеді-ау бір күні!

Көк Бөрі деп өлең жазып не түрлі,

Көзі оттай боп, мазамызды

кетірді.

Оны көрсе – біздің елдің иттері,

Дүрлігеді –

Қасқыр көрген секілді!

Франция –

Франсуа Вийоннан әзер құтылды!

Ұлыбритания –

Байроннан әзер құтылды!

Қазақстан –

Мұқағалидан әзер құтылды!

Мынаның да түрі жаман, көкешім,

Көкке қарап ұлитұғын сықылды,

Тұтып кетіп, құритұғын сықылды…

ҚАЛАМҒА СЕРТ!

Facebook-те отырғаныма бес-алты жыл.

Неше түрлі тип көрдім.

Қазақты ел қылған Алаштың айтулы тұлғалары қақында қалай болса, солай сөйлеп, әліне қарамай, аузына келгенін көйітетін, маңдайы тайқы таяз пенделерді күнде көріп, көкірекке шер байланды.

Бұл қазақтың әлі Абайдың кезіндегі қазақты қара үздіріп кетпегенін осы Facebook-тен байқап, қөңілім құлазыды. “Жақсыны жамандап, «жақсы» болатын заман өтті!» деп еді марқұм бауырым Ғабиден Құлахмет. Мыналар сонда да қоймайды…

…Алланың алдына барғанда:

О, Тәңірі! Қысылтаяң заманда ғұмыр кештім. Бай-бағланның ішінде менің қолым қысқа болды. Бала-шағамды әзер асырадым. Туған-туысқа қарайлаумен күнім өтті. Күн көрудің күйбеңі қол байлады. Базарда бағымды сынауға Артюр Рембоның аруағы жібермеді! Қысқа жіп күрмеуге келмеген. Бір пендең аяғымнан шалып, біреуі бетіме түкірді! Біреуінің көңілі – ала, енді біреуінің шыққан жері шала болды. Өлара деген өзек талдыратын көрінеді. Бар жазған-сызғаным осы. Осы-ақ… – десем, Тәңірім:
– Мен сені бала-шаға, туған-туыс, ауыл-аймағыңа бола жаратып па едім?! Күйкі тіршіліктің қамын күйттеп, көшедегі көрінген пендемен иттей ырылдасып, қырқысып, қыртып қайт дедім бе саған?! Өзегіңе өксік сап, қазақтың қара өлеңімен Қараорман жұртыңа айтар сөзіңді айтып кет! – демеп пе едім?! Неңді сандалып тұрсың?! – дейтінін менің жүрегім сезеді…

Құранда Алла қалай ғажап айтқан! Қаламға – серт!!!

Тәубе! Жазып жатырмын. Жаза алмай қалсам, қайтер ем?! Он бес жыл түн ұйқымды төрт бөлген «Анти-Поэзия»-ның соңғы нүктесі қойылған. Бес том жыр жинағы дайын тұр. Ендігі есіл-дертім – «Facebook-тегі фәни жалғанда».

Қаламға – серт!!!

МАҒЖАН

Ұлы тұлғаға қаншама топас пен дарынсыз атаулы қаптаған қабаған иттей ұйлыға қарсы шықса да, оның тұлғасы анадайдан асқақ көрініп тұрады!

ТӨРТ КІТАП

Қасиетті Төрт Кітап бар: Таурат, Забур, Інжіл, Құран. Оның кем дегенде біреуін оқымаған пенде бірде-бір кітапты оқып, түсіне алмайды! Кітаптың қасиетіне тұшына да алмайды! Қазіргі атқа­мінердің көбі шетінен сауатсыз! Лев Толстойдың «Соғыс пен Бейбітшілігінде» оқымаған! Киносын ғана көре салған…

ФРИДРИХ ЭНГЕЛЬС

ДАНЫШПАН ЕКЕН!

«Құрып, құрдымға кеткелі тұрған ұлт қана кінәсіз ұлдарын жазықсыз жазалап, қылмыскерлерін төбесінде тайраңдатып қояды» депті!

ПУШКИН

Жұмыр басты пенденің 99 пайызы ас үй мен әжетхананың арасында жүріп қартаяды екен. Пушкин Жер-анадан Аспанға кетті. Мәңгілікке. Өмір мен тіршіліктің ара жігін айыра алмай, өзегі кеуіп, өлімге бола туған біз секілді ұсақ-түйек пенделерге Пушкинге таңырқап қарап, тереңіне бойлай алмай, тізесінде қалу немесе жүрген-тұрған, сүйген-күйген, сүрінген-бүлінгенін жіпке тізген анекдодтарды тамсана тыңдау ғана бұйырған шығар. Тәңірі маңдайға не жазса – сол болады.

СОВЕТ ӨКІМЕТІНІҢ

ӨРЕСІЗДІГІ

Совет өкіметі Пушкинді мың-миллиондаған таралыммен жарыққа шығарды. Соны қара тобыр қабыл алды ма?! Жоқ! Лениннің өзі түсіне алмаған Пушкинге лениншіл қалың нөпірдің өресі қалай жетуші еді?

ЕЛДІҢ КИЕСІ

Қаздауысты Қазыбек Қонтажыға «Берсең ─ жөндеп бітіміңді айт, бермесең ─ дірілдемей үйіңе қайт, не ─ тұрысатын жеріңді айт!» дегенде, дұшпан үндей алмай қалады.

Сонда қалмақтар Қонтажының қасына келіп:

Бір жұдырықтай баладан қара суға түсіп, осынша дірілдеп кеткенің не?! ─ десе керек.

Сендер білген жоқсыңдар, ─ депті Қонтажы сонда, ─ Сөзін өңменімнен сұғып айтқанда, екі иығынан екі аю аузынан от шашып, «тыпыр етіп көрші, көрейін!» деп тұрды. Сендерге көрінбегенмен, маған көрінді… Менің енді бұған қайтарып айтар сөзім жоқ. Мал мен жанын есептеп, алдына салып беріңдер!
Алашының азаттығы сынға түскенде сол Қаздауысты Қазыбек бидің екі
иығындағы екі аю аузынан от шашып, біздің де екі иығымызда айбат шегіп тұруға тиіс! Елдің киесі – ол!

«ЕГЕР АДАМНЫҢ

ЖАН ДҮНИЕСІ…»

«Егер адамның жан-дүниесі терең болмаса, одан ұлы адам, ұлы суреткер, тіпті, ұлы қайраткер де шықпайды!» (Ромен Роллан) деген аталы сөзді шығармашылық одақтардың маңдайына іліп қою керек!

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button