Ұлы Даланың Ұлытауы. Қасіретін ішке бүгіп, қасиетін барша әлемге паш еткен Ұлтымның ежелгі қоныс, ескі жұрты! Қашан келсем де, қанша келсем де, жүрегім дүрсілінен жаңылып, жан-дүнием сені ғана сағынып, ерекше рух құшағында келемін саған! Тағы келдім… Бұл жолғы сапардың жөні – бөлек. Арқа баспасөзінің қарашаңырағы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің 90 жылдығына орай ұйымдастырылған байырғы басылымның Ұлытау ауданындағы күндері. Рух қарсы алды бізді. Күмісбұлақтың суынан қанып ішіп, «аспан астындағы ашық мұражайға» алып-ұшып жеттік. Баба мүсінді балбал тастарымен сырласып, Ұлт ұясының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып қайту – мақсатымыз.
Іргедегі Жезқазғанда оқып, 10-15 жыл қызмет істедім. Жаңаарқада туды демесеңіз, Ұлытаудың өз ұлымын. Сырттай тілеуін тілеп, амандығына алаңдап жүреміз. Асан қайғы бабамыз желмаясын шөгеріп, атқа өңгеріп әкете алмаған Ұлытау ғой. Хандар кеңес құрып, үш жүздің зиялысы мәмілеге келген қасиетті мекен. Тіпті, тарихтың атасы, ежелгі грек ғұламасы Геродоттың жазбасында «Тұран ойпатындағы тау» деп таңбаланған тауы да – осы Ұлытау. Мынау Әулиетау – Едіге мен Тоқтамыстың шарпысқан жері, анау Бұланты – қазақ пен қалмақтың тартысқан жері. Жошының жорығына куә болған қастерлі мекенде мемлекет қорғауына алынған 687 тарихи ескерткіш бар. Сол жәдігерлерге тіл бітсе, шіркін… Алаша ханның кім болғанын, Шыңғыс ханның қайда жерленгенін, Жошы өлімінің құпиясын айтар ма еді?! Жә, бұл тарихи ескерткіштерге тіл бітіріп, сыр тарқатуды туризм тақырыбындағы жазбаларға қалдыра тұралық. Біздің міндет – бүгінгі Ұлытаудың жырын жырлап, мұңын шерту…
Естеріңізде болар, кешегі Кеңес дәуірінде «артта қалған 30 аудан» деген рейтинг болғаны. Сол отыздың екеуі бұрынғы Жезқазған облысы құрамында болған Ұлытау мен Ақтоғай аудандары еді. Екеуін де жақсы білемін, жақсы көремін. «Артта қалуы мүмкін емес!» деп те ойлаймын. Бірі – Ұлттың бесігі, бірі – Алаш арыстарының бесігі. Кеңестік идеология рухы асқақ, киелі топырақтан именіп, осы екі ауданның экономикасын да, еңсесін де жасанды әдіспен тұқыртқан сияқты көрінеді маған. Рас, теміржолы жоқ, орталықтан шалғай аудандардың дамуы кенжелеп қалады. Бірақ, осынша асқақ рухтың ұясына айналған қасиетті мекендер мүлде тұралап қалады дегенге кім сене қойсын?!
Қалай десек те, Ұлытаудың бүгінгі ажары Тәуелсіздік игілігін танытып тұр. Еңселіп қалыпты. Киелі жердің екі тізгін, бір шылбырын ұстағанына жыл тола қоймаған аудан әкімі Советбек Медебаевтың баяндауындағы кешенді жоспарлар іске асар болса, Ұлытау ұнжырғасы түсе қоймас.
Иә, Ұлытау облыс орталығынан 650 шақырым қашық жатыр. Айналасы алты облыспен шектесетін ауқымды аудан. Облыс аумағының үштен-бірін алып жатқан байтақ мекеннің халқы тым сирек орналасқан. Халық саны – бар болғаны 12 800. Ауылдары да шашыраңқы орналасқан. Мұның өзі бұрыннан өзектілігін жоймай келе жатқан мәселені күрделендіріп отыр. Қысы – қатал, жазы – қуаң өңір үшін ауданның географиялық орналасуы ауыр жүк болып отырған жайы бар.
Аудан әкімі Советбек Тұрсынұлын жақсы білемін. Кеншілер қаласы Сәтбаевта әкім болған, Жезқазған қалалық мәслихатының хатшысы болып, халық аманатына барынша адалдық танытқан іскер басшы. Сөзі мен ісі қабысқан азаматтың ұлы мекенге келіп кібіртіктеп қалар жөні жоқ. Бірақ, Ұлытаудағы басшылығының алғашқы жылы ауыр өткенге ұқсайды.
– Ауданға әкім болып осы жылдың 2 наурызында тағайындалдым. Ұлытаудың қысы сәуірде ығысып, қары мамырға дейін жатады. Мені де Ұлытау ат құлағы көрінбес ақтүтек боранымен қарсы алды. Жол қатынасы өте қиын болды. Ал, шілде айында алапат өртпен бетпе-бет келдім. Аудандағы 15 селолық округтің 11-інде дала өртке оранды. Бір азамат қаза тапты. Табиғи апаттың алдын алуда ауылдардың шалғайлығы да қолбайлау болды, – деп бастады әңгімесін.
Әрине, шаршатып жіберетін ахуал. Бірақ, әкімнің шарасыздық танытып отырғаны байқалмайды. Шабындығын өрт шарпыған шаруалардың да мәселесін іскерлікпен ұйымдастырып, оңтайлы шешіп беріпті. Тым шалғайдағы шабындықтарға бригадалар шығарып, жанармай мәселесін жергілікті бюджет арқылы бөлген. Қазір барлық ауылдарға «Ермак» маркалы шағын өрт сөндіру құрылғыларын алу мәселесі шешілуде. Әр селолық округте өрт сөндіру бекеттері құрылды.
…Бір сағатқа жуық уақытқа созылған ашық әңгімеміз көп мәселені қамтыды. Қанша қиындықтарға тап келсе де, сабыры сарқылмаған салмақты әкім құрғақ есеп, саудыраған сандармен (цифр) уақыт өлтірмеді. Ауданның күрделі проблемаларын ортаға салып, кең отырып, кемел кеңес құрдық.
– Жасалып жатқан жұмыстарды көздеріңізбен көріңіздер. Ал, Ұлытау Ұлытау болғалы шешімін таппай келе жатқан мәселелер баршылық. Оны да облыс әкімінің қолдауымен шешуге жақын қалдық. Бізде өндіріс орындары жоқ. Ауыл шаруашылығы саласы ғана аудан тынысы болып отыр. Оның өзінде егін шаруашылығының үлесі – өте аз. Бар болғаны 30 мың гектарға дән себіледі. Электр жарығы да көптен бері күн тәртібінен ығыспай келе жатқан өзекті мәселе болатын. Жақында бұл мәселеге де нүкте қойылатын болады, – деп бір түйіндеді.
Шынымен-ақ, Ұлытаудың жарқын келешегі тек қана туризмге тәуелді бола ма деген ой мазалады бізді. Өндірісі жоқ, аумағынан теміржол өтпейді. Арқалық бағытындағы тас жолдың жағдайы сын көтермейді. Туризмді түлету үшін инфрақұрылым мен сервис керек. Киелі өңірден туристік орталық салып, кәсіп ашуға бизнес қауымдастықтың тәуекелі жетпей тұрған сыңайлы. Жылдың 7 айында қар құрсауында жататын Ұлытауда бизнес ашып, шекем шылқи қалады деудің өзі ертегіге көп ұқсайды-ау…
Әкім айтпаған, өзіміз аңғарған түйткілді жәйттерді ортаға сала кетейік. Ежелгі қоныс, ескі жұртқа деген жанашырлығымыз болсын. Шұбаркөл көмір разрезін алайық. Әкімшілік-аумақтық тұрғыдан Нұра ауданына қарайды. Ал, көмір карьерінің орналасқан жері Нұрадан Ұлытауға әлдеқайда жақын, Алғабас ауылынан 40 шақырым ғана. Неге осы Шұбаркөлді Ұлытауға бермеске? Ауданның Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарымен шектесер атырабында «Құмкөл», «Қарақойын» мұнай құбырлары созылып жатыр. Ұлытау ауданының аумағында бірнеше мұнай станциясы жұмыс істеп тұр. Олар жер салығын ғана төлейді. Неге осы мұнай компанияларының қожайындарына әлеуметтік жауапкершілік жүктемеске?
Ашығын айтайық, туризмнің де Ұлытауды түлетіп жіберері екіталай. Неге? Кеше ғана салынған, ашылуына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Жошы хан тарихи-мәдени кешеннің ғимараты Жезқазғанға, қаржысы министрлікке қарайды. Ұлытауда салынған сапар орталығы да тура осы кейіпте. Айналасын жергілікті бюджет қаржысына абаттандырып, ертеңгі туристерден түскен қаржыны министрлік санайды. Сонда қалай? Ұлт бірлігінің ұраны, Ұлт рухының ұясы болған Ұлытау қашанғы шөміштен қағылмақ? Мұның бәрі әкімнің назы емес, біздің қырағы жанар, қыңыр қаламға іліккен дүниелер.
…Жезқазғанды бетке алып, жолға шықтық. Ерден Сандыбайұлының ескерткішіне аялдап, Ұлытау тауларына тағы бір назар аудардым. Тау бұйығып жатыр. Сан ғасырлық дәуірдің сырын қойнауына қотарып алған. Ойыма сөзін Сайлаухан Нәкенов жазған Жақсыкелді Сейіловтің «Ұлытау» әні оралды.
«Шіркін, менің қандай далам,
Жанарымды алмай қалам».
Жанарымды тайдырмай, ұзақ қарадым. Өрт пен серттің өлшеміндей болған Советбек әкімнің іскерлігіне аманаттадым, сені Ұлытау! Тығырықтан алып шығар тыңғылықты істер басталған екен, соңы баянды болғай!
Ерсін МҰСАБЕК.