АймақТеміртау

Этноауыл елге есік ашты

Теміртаудың Әлеуметтік қала бөлігіндегі ескі стадион көптен бері қаңырап қалған еді. Енді оның тамырына қан жүгіріп, 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні мұнда Этноауыл елге есік ашты.

Құрышшылар қаласындағы «Асқар және К» ЖСШ (төрағасы А.Сәрсекенов) мен қалалық «Ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігі (төрағасы Ш.Серікбай) ұйымдастырған бұл мерекеге келген көпшілік ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, дәстүрлеріміздің дәріптеліп жатқанына куә  болды.
        

Стадиондағы салтанатты Теміртау қаласының әкімі Ораз Тәуірбеков ашып, жиылған жұртты мерекемен құттықтап: 

– Не істесек те халқымыздың бірлігін нығайтуға, Тәуелсіз еліміздің іргесін берік қылуға еңбек ете берейік, – дейді.

Айтулы шарада облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов бұл Этноауылдың Теміртауда тұратын сан ұлт пен ұлыстың өкілдеріне ұлттық құндылықтарымызды таныстырып, елдің бірлігін арттыратын орын болатынына сенім білдірді.

Мерекеге жиналған халық тоғызқұмалақ, кір тасын көтеру, арқан тартыс, асық ату сынды  ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарды тамашалап, өздері сынға түсіп байқады. Әсіресе, жұртты көп еліктірген ойын садақ ату болды. Оны қалада ашылған «Ұлттық садақ ату орталығының» жігіттері  ұйымдастырып, өздерімен бірге қос нысана мен бірнеше садақ түрін ала келген екен. Сайысқа суырылып шыққандардың ішінен ондыққа дәл тигізген мергендер де кезікті.

Бұл тойға ұстазы Кемелбек Сүйімбаевтің шақыртуымен келген садақ атудан ҚР спорт шебері Жұмағазы Тұрсынұлы оған арнайы сый жасап, жас садақшыларға ақыл-кеңесін айтты.

Кеше күні таңдағы шығып, қоқыс алаңына айналып, ағаш, шөбі қаулап өсіп кеткен бұрынғы стадионға сән кіріп, аз уақытта-ақ жасанғырап, жаңғырып шыға келген.

– Қазір бұл арада екі киіз үйіміз ғана тігулі тұр. Бұйыртса, алда олардың санын көбейтіп,1 маусымда Этноауыл ресми түрде жұмысын бастайды. Ойға алған жоспарымыз көп. Соның бірі осы жазда балаларға арналған Ұлттық лагерь құру. Бұдан бөлек атқа мініп, серуендеп, қымыз ішкісі келетін қала тұрғындарына қашанда есігіміз ашық, – дейді Этноауылдың директоры Нұрхан Нұрмаханов.

Сонымен, теміртаулықтар осыдан былай ауылды аңсап, елегзи беруден арылатын болады.

Ержан ИМАШ,

ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button