Ескі көлік есептен шықпайды
Елді елеңдеткен «Көне көліктерді жүргізбейді» деген қауесет ақпан туғалы гулеп тұр. Біліп айтқаннан гөрі дүрмекке ергендер көп. Қайда сүйеніп, неге негізделген ақпар екенін аңдар ағайын жоқ. Ақиқат, я жалғандығына да бас қатырғандар шамалы. Әлеуметтік желідегі «ескі көлікке тыйым салады» деп айғайлаған ақпарат шындыққа жанаспайды. Мұнда тиісті құзырлы орындар Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 334-бабына толықтырулар енгізуді ұсынады. Ол ұсыныстар қазіргі уақытта Мәжілістің талқысында. Анау айтқандай, бүгін-ертең ескі көлікті Үкімет бас салып, тартып алмайды және алғалы отырған да жоқ. Тіпті, Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде айыппұл салу туралы мұндай бап бұрыннан бар. Бүгінде көтеріліп отырған мәселе – сол зиянды қалдықтар шығарған көліктердегі ақауларды түземегендерге жауапкершілікті күшейту. Сонымен…
Айыппұл салынып, көлік нөмірі алынады
«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, «ескі көліктерді есептен шығару» деген дақпыртқа түрткі болған – Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің «Шығарындыларда ластаушы заттардың болу нормативтерінен (техникалық нормативтерден) асыра отырып, автомотокөлiк құралдары мен басқа да жылжымалы құралдарды пайдалану» туралы 334-бабы. Мұнда, яғни, 2004 жылғы 5 шілдедегі Әкімшілік кодексте «Шығарындыларда ластағыш заттардың болуы, сондай-ақ, олардың жұмыс iстеуi кезiнде шығатын шудың деңгейi белгiленген нормативтерден (техникалық нормативтерден) асатын автомотокөлiк құралдарын және басқа да жылжымалы құралдар мен қондырғыларды пайдалануға» белгілі бір мөлшерде айыппұл қарастырылған.
Нақтылап айтқанда, бұл 334 бапта «ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – 10 (бүгінде ол – 36 920 теңге – автор), заңды тұлғаларға бір 100 айлық есептік көрсеткіш (369200 теңге – автор) мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. 2.Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет – жеке тұлғаларға – жиырма (73840 теңге – автор), заңды тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш (738400 теңге – автор) мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді» делінген.
Ал, Ұлттық экономика министрлігінің сарапшылары желіде жария еткен мәлімдемелер «Осылайша, қолданыстағы әкімшілік жаза қатайтылуда. Нәтижесінде, пайдаланылған газдарындағы зиянды заттардың мөлшері жоғары көлік құралын эксплуатациялауға – сол бұзушылық толық жойылғанға дейін тыйым салынады. Бұл тыйым, бұзушылық тіркеле сала, бірден күшіне енеді. Әйтпесе, қолданыстағы редакцияда мемлекеттік тіркеу белгілерді алып қоюға тек құқық бұзушылық бірнеше рет жасалса, бір жыл ішінде қайталанса ғана рұқсат етіледі. Жаңа талапты Қазақстандағы барлық жеке тұлғаларға, сондай-ақ, меншік нысанына және қызмет түріне қарамастан, барлық заңды тұлғаларға қатысты енгізу ұсынылады» – дейді.
Яғни, министрлік сарапшыларының интернет БАҚ-тағы мәлімдемелеріне сүйенсек, қазіргі таңда Мәжілістің жұмыс тобы талқылап жатқан өзгерістер «ауаны ластайтын немесе шу деңгейі жоғары машинаны анықтаған кезде (797-баптың тізімінде көрсетілген Әкімшілік кодекстің 334-бабы) қазіргідей немесе 10 АЕК айыппұл салып қана қоймай, ақауды түземейінше көліктің тіркеу нөмірін шешіп алуды ұсынады. Ал бір жыл ішінде заң бұзу екінші рет қайталанып, жүргізуші тәртіп сақшыларының көзіне түссе, көлік айыптұраққа кетеді».
Көліктен шыққан зиянды қалдық қалай анықталады?
Ал, бұл көліктерден ауаға шығатын зиянды қалдықтар қалай тексеріледі? Бұл туралы жергілікті құзырлы орындар толық жауап бере алмай отыр. Өйткені, заңға өзгерістер әлі қабылданған жоқ. Оның үстіне оларға ешқандай нұсқаулық келмеген.
Алайда, дәйекті деректерге жүгінсек, ауаны ластайтын көліктерді анықтайтын «Экосезгек» пилоттық жобасы Алматыда былтыр іске қосылған екен. Sergek Technologies компаниясының бас архитекторы Болат Тәңірберген Kolesa.kz редакциясына «экосезгекті» (экодатчик) және ол үлкен қаладағы бір топ көлік шоғырынан «лас» көлікті қалай анықтайтынын түсіндірген-ді. «Сергек» авторларының айтуынша, қазақстандық сезгек «лас» көлікті бірден байқамайды. Белгілі бір аумақтан өткен автомобиль легінен шыққан зиянды газ туралы деректі талдайды. Содан кейін, оны келесі көшеден алған мәліметпен салыстырады. Осылайша бейнекамера және арнайы алгоритм көмегімен нормадан артық зиянды газ шығаратын машинаны анықтайды. Әртүрлі көшеден жиналған деректі талдауға шамамен бір апта уақыт кетеді» деген еді. Биыл 1 қаңтарда осы экосезгектер Алматыда толық іске қосылған. Мұның сыртында мегаполисте экобекет жұмыс істейтінін ескерген жөн. Жария етілген деректер осы экосезгектен алынған өлшемдер сол бекетте көліктерді тексеруге негіз болмақ. Бұл – қанатқақты жоба. Алдағы уақытта тиімділігін көрсетсе, өзге өңірлерге де келетіні анық.
– Әрине, қоршаған ортаны қорғау амалдары аясында облыстағы көлік құралдарына экологиялық өлшем жүргізу атмосфераның ағымдағы жай-күйін бағалауда маңызды тетік. Соңғы мәліметтер автокөлік атаулының аймақтағы ауа сапасына айтарлықтай әсерін растайды. Жүргізілген экологиялық өлшеулер статистикасына сәйкес, Қарағанды облысының атмосфералық ауасындағы зиянды заттардың мөлшері рұқсат етілген шегінен ауық-ауық асып кетіп жатады.
Азот оксидтері мен көмірсутектер мөлшері белгіленген нормадан 10-15% шегінде. Бұл өлшемдер автокөліктен түсетін экологиялық жүктемені төмендету бойынша шаралар кешенін қабылдау қажеттігін көрсетеді. Бұл бағыттағы маңызды қадамдар автомобиль өндірушілері үшін қатаң экологиялық стандарттарды енгізу, электромобильдер сияқты экологиялық таза көлік түрлерін пайдалануды ынталандыру, қоғамдық көлік пен велосипед жолдарын дамыту болуы мүмкін. Әдетте салалық департаментінің өкілдері тиісті өлшем деректерін өзге құзырлы мекемелерге жолдайды. Соның негізінде олар тиісті шешім қабылдайды, – деп қайырды Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Айман Құлтаева.
Ашық дереккөздегі мәліметтер 100 шақырымға 15 литр бензин жағатын көліктің өзінен 7 кг қалдық шығатынын, жалпы, көлік қозғалысынан адам ағзасына зиян 200-ге жуық қалдықтың ауаға бөлінетінін айтады. Ол қалдықтың ешқайда жоғалып кетпей, ауада қалықтап тұратыны анық. Ескі көліктің бұдан бөлек қауіпсіздікті де толық қамтамасыз ете алмайтыны бар. Ескі көліктен бас тарту шет елдерде бұдан бұрын қолға алынған.
Ескі көліктер үлесі қанша?
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің дерегінше, «жасы» 10 жылдан асқан жеңіл көліктер көбеюде. 2023 жылдың 1 желтоқсанындағы дерек бойынша, елімізде 4,6 млн. жеңіл көлік тіркелген. Оның 50-пайызға жуығы ескі, яғни, тең жартысы. Ал, қалған 50 пайыздың 21 пайызы – зауыттан шыққанына 10 жыл болған көліктер. Су жаңалардың еншісі – 6-ақ пайыз.
Министрлік дерегінше, Қарағанды аймағындағы ескі, он жылдан асқан көліктердің үлесі 73 пайыздан асады. Үш жылдан асқан көлік үлесі 16 пайыздан жоғары. Үш жылға дейінгілер 5,4 пайыз екен.
Қарағанды облысы полиция департаментінің ақпаратына сүйенсек, облыста 194544 автокөлік тіркеуде тұр. Оның тек 10 мыңға жуығы ғана – жаңа автокөліктер. Әрине, құзырлы орындар әзірге ескі, я жаңа болсын, ел еншісіндегі көліктерді тәркілемек емес. Десек те, мәселеден түбегейлі арылу үшін түпкі мақсат – ескіден ерте, я кеш қол үзіп жаңаға ауысу.
– Қарапайым халықтың қаражаты жетер болса, жаңа көліктен қашпас еді. Десек те, қазір бәрі несиеге келіп тіреледі. Елдегі бүгінгі жаңа көлік атаулы атасының құнындай бағада. Ең арзан өзбекстандық Chevrole Nexia көлігінің бағасы несиеге 6 млн. 700 мың. Ал, бұл қаражатты бөліп төлегеннің өзінде үстіндегі үстеме пайызымен көлік құны екі есеге өседі. Анығырақ 6 млн. 700 мыңға алған көлікті шамамен 9 млн. 507 мың қылып жабуға тура келеді. Бұл орайда ел болып, шешім ойлаған абзал. Ескі көліктер ауаны ластайтыны рас. Әрине, ескі болған соң ол көліктің олқылығы бүгін жойылса да, ертең тағы көк түтінін будақтатып айып тұрағына аттанбасына кім кепіл?! Сондықтан, ел тұтқаларынан сұрарымыз біздің ескі көліктерімізді түбегейлі тәркілеуді емес, соны алып, іс қылып, жоқ дегенде салондағы жаңа көлікке басты жарна етуге жаратса дейміз, – дейді такси жүргізушісі Еркебұлан Бөдешов.
Түйін
Кез келген мәселе екі ұшты болып келеді. Бұл да дәл сондай. Көлік ескі болғанымен, иесіне әкелер пайдасы зор. Қоршаған ортаға зияны да орасан. Ел бірақ, ескі көлік тепкеніне кінәлі ме?! Алайда, жөн-жосықсыз аттандаудың да жөні жоқ. Тағы да баса назарға ұсынарымыз Үкімет ешкімнің жеке мүлкіне қол сұғып, иесінің астындағы ескі де болсын, еңсеріп жүрген көлігін алуға мүдделі емес. Сол себепті талқыдағы өзгерістер әлі де жетіле түсіп, жұртшылықтың әрі Үкіметтің де ұпайдан ұтылмайтындай қыларына сенген абзал.
Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz