Бас тақырыпРесми

Ауаны ластағандар айыппұлмен құтылмайды

Қазақстандық өндірістегі алпауыт ошақтар атмосфераға таралатын зиянды шығарындыларды өткен жылы 3 пайыз­ға кемітіп үлгерсе, су қоймаларына ағатын зиянды төгінділерді сегіз пайызға азайтты. Экология және табиғи ресурстар министрлігі өткен жылдың қорытындысын жариялады. Көрсеткіштер көңіл көншітпей тұр. Бұған миллиардтаған айыппұлдарды қосыңыз. Кәсіпорындардағы тәуелсіз экологтар бір жарым мыңнан астам заң бұзушылықты анықтаған.

Сурет: ашық дереккөз

Айыппұл арқалаған өңірлер арасында Шығыс Қазақстан облысы көш бастап тұр. Жергілікті өнеркәсіп өкілдері өткен жылы 2,5 млрд. теңгелік айыппұл төлеген. 64 өндірісті кәсіпорын қоршаған ортаға зиян тигізерлік І санатқа жатқызылған. Оның ішінде «Казцинк» пен өскемендік жылу электр орталығы сап басында. Қос ошақ жылына 40 мың тонна зиянды қалдық шығарады. Зиянды қалдық көлемі тек алты пайызға ғана кеміген. Алайда, тәуелсіз сарапшылар бұл сан көңілге медеу болмайды деп тұжырады сөзін. Көлік, жеке сектор әдетте бұл бағанға енбей жатады. Оның үстіне, қала аумағындағы құрылыс та тым қарқынды. Қалада көмір тұтыну көрсеткіші де жоғарыламаса, кеміген емес. Әр жылу маусымында әуені күл аралас қара тұман бүркеп алатынын тұрғындар кейіспен растайды.

Бұл арада коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы инфрақұрылымды дамыту мәселесі қылаңытады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері жыл сайын Қазақстанда 4,5 млн.тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілетінін, олардың басым бөлігі барлық жерде бөлек жинаудың болмауына, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу жөніндегі қуат көздерінің жеткіліксіздігіне байланысты ерікті-еріксіз полигондарда көмілетінін атап өтті.

– Осыған байланысты, қазіргі уақытта шағын және шалғай елдімекендерде түрлі қалдықтарды орналастырудың қолданыстағы орындарын (ҚТҚ полигондары) ресімдеу тетігі пысықталуда. Атап айтқанда, оларға қойылатын міндетті ең төменгі экологиялық, санитарлық-эпидемиологиялық және құрылыс талаптары (қоршау, салмақ өлшеу жабдықтары, су  мен санитарлық қорғау аймақтары, дозиметриялық бақылау, дезинфекциялық ванна және т.б.) кеңінен талқылануда, – деп хабарлады спикерлер.

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдар экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес, коммуналдық қалдықтарды басқару жөніндегі бағдарламаларды әзірлейді. Бұл бағдарлама, сонымен қатар, жүйелі негізде инвесторларды тартуға мүмкіндік беретін болады.

Бұдан әрі Министр іс-шараға қатысушыларды «EcoQolday» автоматтандырылған жүйесінің іске қосылуы туралы хабардар етті, ал бұл туралы «Жасыл даму» АҚ Басқарма төрағасы Е.Сәрсенбай толығырақ айтып берді. Атап айтқанда, ол ««EcoQolday-дың» мақсаты өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелеріне жататын қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен және қайта өңдеумен айналысатын кәсіп­орындарды қолдау екенін атап өтті. Бұл механизм қалдықтарды басқару саласындағы бизнес-процестерді жеңілдетіп, елдегі экологиялық жағдайға оң әсер етеді.

Екінші орында – Батыс Қазақстан облысы. 164 млн. теңгелік айыппұлға мұнай-газ компаниясы тап келді. Өндіріс ошағы жылдық лимитті 48 тонналық зиянды қалдық шығарып, заңнаманы өрескел бұзған. Мұны жоспардан тыс тексеріс амалы айғақтады. Бұдан бөлек аталған компанияны екінші 50 млн. теңге айыппұл күтіп тұр. Қазіргі кезде сот үдерісі жүргізілуде.

Үштікке енген Қарағанды облысы керісінше зиянды қалдық мөлшерін едәуір кемітуге әрекет жасаған. Qarmet пен Балқаш мыс балқыту зауыты былтыр 54 тонналық зиянды шығарынды көлемін кеміткен. Облыс бойынша экология департаментінің өкілдері ұсынған мәліметтерге сәйкес, 2023 жылға өңірдегі өндіріс ошақтары қоршаған ортаны қорғау шараларына жалпы сомасы 4 млрд. теңгені сарп еткен.

– Әлбетте, бұл орайда мемлекеттік бақылау органдары қағаберіс қалмайды. Көбінеки осындай тексеріс шараларының арқасында қоршаған ортаны қорғау мысқалдап болсын іске асып жатады. Мәселен, Qarmet-тің бір өзі ғана былтыр 104 млн. теңгелік айыппұл төледі. «Қазақмыс» корпорациясы 6,3 млн. теңгелік айыппұл арқалады. Біздің өңір зиянды эмиссияны төмендетуде әжептәуір табысқа жетуде десек, қателеспейміз. Бұл төмендеу барлық тараптан әсте-әсте іске асуда, – дейді облыс бойынша экология департамент басшысы Дархан Исжанов.

Былтыр экологтар республика бойынша 600-ге тарта тексеріс амалын жүргізген. Компаниялар болса, 323 млрд.теңгелік айыппұл төлеген. Салалық министрлік өкілдерінің хабарлауынша, жыл соңына дейін отандық 90 өндіріс ошағына автоматтандырылған бақылау жүйелері орнатылады. Жүйе көмегімен табиғатты пайдаланушылардың қоршаған ортаға әсерін онлайн режимінде бақылауға тың мүмкіндік береді. Соңғы жылдары экологиялық апаттар 15%-ға қысқарды, бұл аймақтағы экологиялық стандарттардың жақсаруымен байланысты. Облыстық экологиялық қызметтің есебіне сәйкес, соңғы үш жылда ауаның ластану деңгейі 20%-ға төмендеген.

Жыл басында өткен жылдармен салыстырғанда экологиялық жағдайдың едәуір жақсарғаны аңғарылады. Зиянды заттардың шығарындыларын азайту және өнеркәсіпте заманауи технологияларды енгізу ауа мен судың сапасына оң әсер етеді. Алайда, бұл күнгі түрлі тенденцияларды ескере отырып, экологиялық түйткілдердің көбеймесе, кемімейтіні болжануда. Өнеркәсіп салаларының өсуі мен дами түсуі, халық санының көбеюі ауа сапасының нашарлауына, зиянды қалдықтардың артуына әкелері сөзсіз. Бұл жағымсыз көріністерді барынша азайту үшін белсенді де кешенді шаралар қабылдау маңызды.

Сарапшылар энергетикалық инновациялар: жаңартылатын энергия көздері мен энергияны үнемдеу технологияларын енгізу, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мен жоюдың озық әдістерін, сандық бақылау шешімдері: нақты уақыттағы экологиялық көрсеткіштерді бақылау үшін цифрлық технологияларды пайдалану қажеттігін алға тартады.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button