Жаңалықтар

Есімі ерекше аталатын тұлға

Қазақ елінің тарихы рух пен даналыққа, ерлік пен өрлікке, намыс пен қайратқа тұнып тұр. Ұлылардың алтын бесігі болған қасиетті мекен – қазақ даласы жұлдызы жарқыраған да, ел басына қара бұлт үйірілген де қилы заманды көрді. Өткенімізді білу, бүгінімізді бағалау, кемелденген келешекке жол салу, болашақты бағдарлау қазақ санасында, салт-дәстүрінде әрдайым болған.

Шежірелі Шет ауданы да тұмса тарих қоймасы. Бұл өлке осы аудан көлемінде өмір сүрген, бүкіл қазақ-түрік жұртына танымал тұлғалардың көне мекені. Есімдері алты Алашқа әйгілі ақын, шешен, би мен батырлардың талбесігі. Құтты кеудесінен нәр алған академик ағалар мен апаларымыздың, қоғам қайраткерлерінің, еңбек майталмандары мен спорт саңлақтарының Отаны.

Өлке тарихында есімі ерекше аталатын тұлға – Күмісбек Ханбатыров. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының «Қазақ қозғалысы. 1916 жыл» деп аталатын II-ші тарауында «Қарқаралы уезіне қараған елдер де көтеріліп, әскер жиып жатыр дейді. Бір Күмісбек деген молда шығыпты» дейді. Елге «Қорықпаңдар, иншалла мұсылман жеңеді. Орыс келсе, көздерін шаң қаптар. Ата алмас қазақты. Атса да, оғы тимес депті», – дейді. Оған жұрт әбден еліккен. Жұрт «Ой, құдай-ай, бере гөр!» – дейді» – деп Күмісбек молланың елді тыныштандырып, тағылымды сөзімен жұртты иландырғанын жазады.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма мүшесі, мәдениет қайраткері Кәмел Жүністегінің Шет ауданының мәдени-рухани өміріне қатысты тарихи деректер топтастырылған «Шырағдан» кітабының «Өнерлі өрен өскен өлке» бөліміндегі «Күмісбек ақын тағдыры» деп аталатын деректі әңгімесінде «Күмісбек атына бала жастан құлақ қанық. Бала-шағаның құлағын бітеп тастағандай етіп, еріксіз жатқызып, бүркеп тастап, үйге келіп іштегі шерді ақтарысқан кешегі үлкендер «Қайран Күмісекең» деп күрсінгенін сан естігенбіз» деп толғайды.

«Ағаш үй үсті тақтай, асты тақтай,

Жатамын ұзақ түнге кірпік қақпай.

Жаныңа жаным құрбан деген досым,

Басыма іс түскенде бәрі қашты-ай.

Бұл күнде адам бар ма табыстырар,

Табыстырар деген дос шағыстырар.

Араз отын сөндірер деген жаның,

Қолына шаланы алып қағыстырар», – деген өлеңінің түрмеде жазғанын айтады. («Шырағдан». Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚҚ, 2007ж. 36-41б)

С.Сейфуллин кентіндегі Күмісбек молда мешіті

Күмісбек Ханбатыров 1886 жылы Қарағанды облысы Шет ауданына қарасты Ұста деген ауылда дүниеге келген (қазіргі Шет ауданының Үңірек ауылы). Әкесі Ханбатыр көзі ашық, көкірегі ояу, заманының сауатты адамы болған. Ауыл-ағайын арасындағы туындаған мәселелерді шешуге қатысып, ауылдастарының арасында сыйлы, сөзі өтімді болған деседі. 3 жасында әкесінен, 12 жасында анасынан айырылып, Күмісбек жетім қалады. Әке-шешесі қайтқан соң біраз уақыт аға-жеңгесінің қолында болады.

Оқу-білімді аңсап, бойындағы дарыны жетелеген 14 жасар бозбала туғандарының алдынан өтіп, өз бетімен Қоянды жәрмеңкесіне өзбек саудагеріне көмекші болып, Ташкентке мал айдасып, бірге кетеді. Түпкі ойы – білімін жетілдіру, кәсіпке үйрену болса керек. Жұмсақ мінезімен, еңбекқорлығымен, адамдарға деген жанашырлығымен, зеректігімен Ташкенттегі медресе муфтиінің сүйікті шәкіртіне және қолғанатына айналады. Әлгі абзал жанның ер баласы жоқ екен. Муфтидің баласындай болып кеткен елгезек бала оның жүрегінен орын алады. Ойы озық, кеудесі жарық зерек бала Ташкент медресесін үздік аяқтап, сол заманда көптің арманы болған Бұхараның жоғары діни оқуына түседі. Ол жақта да оқуын жақсы оқиды. Діни біліммен ғана шектелмей, алдыңғы қатарлы білімді қазақ жігіттерімен Орынбор, Петербург қалаларында болып, орыс мәдениетімен танысып, таным көкжиегін кеңейтеді.

Білімі мен кәсібін алған Күмісбектің ендігі арманы туған елге оралу еді. Мақсатшыл ол оған да қол жеткізеді. 1915 жылы елге оралған ол Нілді кенішінде мешіт салдырып, жастардың діни сауаттарын ашып, ауылын имандылыққа тәрбиелейді.

Ең алғашқы «Сыйлық» атты өлеңдер жинағы 1925 жылы жарық көреді. «Мен Ленинді таныдым» деген өлеңмен басталатын кітап 1960 жылға дейін ақынның баласы Әшреп Күмісбекұлының кітап сөресінде сақталып, кейіннен қолды болған. Қудалауға ұшыраған ақын мұрасының сақталмағаны өкінішті. Соңына түскен шолақ белсенділердің ақынның қыстауындағы кітаптарын өртеп, бала-шағасын баспанасыз, ішер ассыз қалдырып, оларға ешкім қарайласпауын қадағалаған.

Ақынның соңына түскен ГПУ тыңшылары ақыры Күмісбекті 1941 жылы әлеуметтік қауіпті элемент деп, 5 жыл бас бостандығынан айырады. «Халық жауы» деген жала жабылып, 1942 жылы Новосибирскінің Асино лагерінде қайтыс болады.

Күмісекеңнің мұрасын зерттеумен немересі Майкеш Әшрепқызы ұзақ жылдар айналысуда. Атамның атын ақтаймын, еңбектерінің құндылығын ашамын деп талай іс атқарды. Елбасымыз Н. Назарбаевтың атына екі мәрте – 1999 жылдың мамыры мен 2000 жылдың маусым айларында хат жазады. Еңбегі зая кетпеді. Күмісбек Ханбатыров жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырағандығы анықталып, ақталғаны туралы үкім 2000 жылдың 17 қыркүйегінде шықты. Атамыздың бірнеше қолжазбаларын қасына бауыры Гүлжан Райымқұлқызын ертіп алып ел аралап, тіпті, сонау Қырғызстанға дейін барып көзін көрген адамдардан сұрастыра жүріп жинақтады. Діни бағытта жазылған еңбектерінің құндылығын анықтау – болашақтың еншісінде.

Ел біртуар азаматының еңбегін бағалады, өткенді санасында жаңғыртып, бүгінгі салтанаттың шеруінен қалдырмады. Сәкен Сейфуллин кентіндегі мешітке 2000 жылы Күмісбек ақын, Күмісбек молла есімі берілді.

2019 жылдың 13 желтоқсанында мешіт жаңа ғимаратқа көшірілді. Кенттің орталық көшесіндегі сауабы үзілмейтін сауапты істің иесі, елімізге басқа да игілікті шаруаларымен есімі белгілі жеке кәсіпкер Қуат Ахметов ағамыз салып берген мешіт көздің жауын алады. Бүгінде Алланың үйі халық игілігіне қызмет етуде.

Кеше ғана ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі әлеуметтік желіде «Қарағанды облысы Шет ауданы С.Сейфуллин кенті мешітіне жарық орнатылды. Мешітке Орта Азияда аты аңызға айналған Күмісбек молданың есімі берілген. Бүгінде молданың немере-шөберелері бар. Сол немерелерінің бірі Берік Сыздықов атасының есімімен аталатын мешітке айналасы жарық болсын деп, ғимаратқа ерекше көрік беретін ауыспалы 6-7 түспен жанатын жарық құрылғысын тарту етті», – деп жазды. Орнында бар оңалар демекші, атамыздың ұрпақтары өсіп-өнген, еліміздің әр саласында еңбектерін абыроймен атқаруда.

Менің бұл тақырыпқа қалам тартуым да тегін емес. Мен Күмісбектің туған жиені болғандықтан, сонау ес білген балалық шағымнан анам Майкен Ханбатырованың санамызға құйған естеліктеріне сусындап, сағынышты сырлы сазы мен әкесіне деген балалық махаббатына толы әңгімелеріне қанып өстім.

Атамыздың атын жаңғыртуда атсалысқан барлық азаматтарға Алланың нұры жаусын дейміз.

Гүлнар Сыздықова.

Басқа материалдар

Back to top button