Есілдің бойын жағалап…

Әр жерді, елді ерекшелеп тұратын, сол елдің ішінде өнер қонған, сөз ұстаған, топтан озған ұл-қыздары болады. Былтырдан бері бір топырақта туған, көз көрген, үлгі тұтқан, қалам ұстаған Қасым Орынбетов, Амангелді Туғанбаев, Қайырбек Сәдуақасов және Серғазы Мұқтарбековтердей біртуар ағаларымыздан көз жазып қалдық…
Бүгін сол ағалардың қатарына қосылып, Оралбек ағамыз да фәниден бақиға аттаныпты. Көңіл жетімсіреп тұр…
Алғаш Оралбек, Асыл деген есімдерді ата-анамыздан естігенбіз. Әкеміз Смағұл Ыбыраевтың көзін көрген, жай көз көрген емес, аз уақыт болса да әріптес болып «Арқа еңбеккері» деген ақын-жазушы, журналистердің ұстаханасында Қасым Орынбетов, Төкен Оразбеков, Серік Ақсұңқарұлы, Абзал Бөкенов, Үмітай Жармағамбетов, т.б. журналистермен бірге қызмет жолын бастаған. Жалпы Тоқырауын өңіріне журналистиканың «жұғуы» XIX ғасырдың аяғында «Дала уәлаятының» редакторы Дін-Мұхамед Сұлтанғазиннен (Әлихан Бөкейхановтың жақын інісі) басталған.
Адамның қалыптасуына ата-анасы, өскен ортасы әсер етері сөзсіз. Орағаң туып-өскен өңір – Шабанбай би ауылы. Арқаның кіндігі Ақсораң табиғатымен ғана ерекше емес, қаймағы бұзылмаған, дәстүрден ажырамаған, тіл мен ділі сақталған, тәрбиелі ортасы бар, айтқыштар мен шешендерге жарыған ауыл. Қалам ұстауына себепші болған республикаға белгілі журналист, «Социалистік Қазақстан», кейін «Егемен Қазақстан» газетінде көп жыл қызмет еткен ауылдас ағасы Совет Шиманбаев болса керек.
Орағаңның орындауында «Гүлдариғаны» соңғы рет жақында белгілі қоғам белсендісі, қаламгер, әрі заңгер Нақыпбек Сәдуақасов ағамыздың шаңырағында естідік. Одан кейін Астананың «Ботаникалық бағында» Орағаңмен ойда жоқта ұшырасып қалып, бір сағаттай бірге жүріп, сұхбат құрдық. Көп әңгіме айтылды, әртүрлі тақырыпты қамтыдық. Адам бір-бірін көзқарасы, пікірі арқылы таниды ғой. Сол жолы бір-бірімізге деген сыйластық, ықылас-пейіліміз ерекше болып еді. Соңғы кездесу екен…
Үкі таққан тұмар домбырасын жанынан тастамайтын, кездескенде «айналайын» деп бауыры езіліп тұратын сіздей аға енді табылар ма?! Бақұл болыңыз, Айналайын Аға!
Сұлтан Ыбырай