Есіл ерге құрмет
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінде нұрлы Нұра өңірінде дүниеге келген көп қырлы тұлға, әдебиетші-ғалым, публицист, ұлт қайраткері Бүркіт Ысқақовтың 100 жылдығына орай «Бүркіт оқулары» өтті. Тағылымды шараны «Сарыарқа дарыны» балаларға қосымша білім беру аймақтық ғылыми-практикалық орталығы Нұра ауданы білім бөлімімен бірлесіп ұйымдастырды.
«Бүркіт оқуларының» мақсаты – тарихи тұлғаның өмірі мен шығармашылығын жаңғыртып, насихаттау, сол арқылы жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу дейді ұйымдастырушылар.
– Елдік жолында ерлік көрсеткен ұлы тұлғамыз – Бүркіт Ысқақов. Ол жасырын ұйым құрды, өлеңдер де жазды. Осының барлығы жас ұрпаққа үлгі өнеге болып сақталып қалуы керек. Сол себепті, осы «Бүркіт оқулары» өткізіліп отыр. Келешекте есіл ердің өнегелі ғұмыры ұрпақ тәрбиелеу жолында кәдемізге жарары анық, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті тарих факультетінің деканы Жамбыл Жұмабеков.
– Бүркіт Ысқақов – Нұраға ғана емес, жалпы елге ортақ тарихи тұлға. Оның есімін жаңғыртып, шығармаларын жас буынға насихаттау – басты міндеттеріміздің бірі. Мұндай қайраткерлерді жадымыздан өшіруге әсте болмайды, – деді Нұра ауданы білім бөлімінің әдіскері Сандуғаш Біләлова.
Мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған «Бүркіт оқуларына» 130 үміткер қатысты. Қатысушылар «Кішілерге қамқормын» (2-4 сынып), «Өнерпаз болсаң…» (5-7 сынып) және «Елін сүйген ердің ізі» атты үш аталымда бақтарын сынады.
Облыстық кезеңге осыған дейін аудандық, қалалық оқулардан жеңімпаз атанған оқушылар келді. Байқау шарттарына сәйкес ақынның шығармалары жатқа оқылды. Жоғарғы сынып оқушылары тұлғаның өнегелі өмір жолы турасында эссе жазды. Дидар Әмірхан мұндай деңгейдегі байқауларға жиі қатысады екен.
– Осы байқауға Бүркіт Ысқақовтың жиырмадан астам өлеңін жаттап келдім. Бүркіт Ысқақовтың «Нақақ тұтқынының наразылығы» деген өлеңі бар. Бұл өлең маған ерекше ұнайды. Тілге жеңіл. Осы өлеңінен кейін Бүркіт Ысқақовтың шығармашылығына деген қызығушылығым артты, – деді Дидар Әмірхан.
Шараға Бүркіт Ысқақовтың қызы Айгүл Ысқақова да құрметті қонақ болып қатысып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға жылы лебізін айтты.
– Әкемнің есімі жаңғырып, еңбектері де бағаланып жатыр. Әкемнің аты айтылып жатқанда, кеудемді мақтаныш кернейді. Қатысушылар әкемнің ерлік істерінен үлгі алып, Отанға қызмет етсе деген тілегім бар. Қазақта елін сүйген ерлер көп болсын! – деді Айгүл Ысқақова.
Эссе жазуда қарағандылық Інжу Батар үздік болды. Балқаштық Амина Рахметбекова мен Сая Кенжебекова екінші орыннан көрінді. Назым Ахмадиева (Теміртау), Марина Орленова (Теміртау), Назкерім Жақсылық (Ақтоғай ауданы) үшінші орынды иеленді. «Елін сүйген ердің ізі» аталымында Ақтоғай ауданынан келген Ерғазы Төлеутайұлы топтан қара үзді. Балқаштың үмітін арқалаған Айша Раимова мен қарағандылық Аружан Рахметолла екінші орыннан көрінді. Ақтоғайлық Кәусар Марат пен Абай ауданынан келген Батыр Нұрзатұлы, Сараннан келген Ақнұр Қуандықова үшінші орынды місе тұтты. «Өнерпаз болсаң…» аталымында бірінші орын Адина Тұрарға (Шет ауданы) бұйырды. Екінші орын Назым Төңкеріске (Бұқар жырау ауданы), Айсезім Маратқа (Ақтоғай ауданы) берілді. Үшінші орын Раушан Тоқтамұраттың, Айдана Мұратханның (Балқаш), Жанель Сағидолланың (Нұра ауданы) өнеріне лайықталды. «Кішілерге қамқормын» аталымында балқаштық Жанель Саятбек көш басынан көрінді. Ақтоғайлық Дәуір Серік пен балқаштық Мариям Русланқызы екінші орын алды. Абай ауданының үкілеген үміті Диас Дәулетхан, қарағандылық Әлмансұр Смағұлов пен Нұрасыл Мұхамеджанов, Шет ауданынан келген Айерке Серікқызы үшінші орынға ілікті.
Ұйымдастушылары байқауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет ұйымдастырушылардан