Басты тақырыпРуханият

«Есіл ағады» – ел игілігіне

     Ұлы Мұхтар «Мен Мағжанды сүйемін! Оның Еуропалығын, әшекейін сүйемін…» деді. Сол айтпақшы, біз де ақынның «еуропашыл бола келіп, жаңа бағыттың һәм ұлттық бояуға бай поэмалармен» тынысы кеңи түскенін қалап оқыр едік. Ондай ақын қазақта және бар. Жайлыбайдың ақын Ғалымы. Біз осы ойымызды тағы қуаттай түсуге жуырда Астананың төрінде өткен Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Фолиант» баспасының алғаш рет «EURASIAN BOOK FAIR-2016» атты халықаралық кітап көрмесін өткізген игі шарасы мұрындық болды. Аталмыш кітап жәрмеңкесінде ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың осы баспадан кеше ғана жарық көрген «Есіл ағады» кітабының таныстырылымы өтті. ТМД, Азия және Еуропаның отыздан аса мемлекетінің баспа саласындағы өкілдері заманауи туындыларын, құнды қазыналарын оқырман қауымға ұсынған мереке – шын мәнінде қазақ руханиятының ұлық тойындай еді.

Үш күнге созылған кітап тойы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Білікті басшы Нұрлан Исабековке қазақ интеллигенциясы мен көзіқарақты оқырман қауымы дән риза. Кітап таныстырылымының модераторы, айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлы алғы сөзінде: «Әлемнің 99 пайызы кітап оқудан қол үзген шақта, халықаралық дәрежеде кітап көрмесін өткізу жақсы бастама. Ғалым менің інім ғана емес, өлеңін мойындайтын сүйікті ақыным. Оның өлеңдерінде Евтушенконың иірімдері бар. Ол еуропашыл жаңа бағыттың һәм ұлттық бояуға бай поэмалардың авторы» деп ардакүрең ақынмен керемет кездесуді кестелі сөзбен айшықтай ашып берді. Мекемтас Мырзахметов, Серік Негимов, Қасымхан Бегманов, Қойлыбай Асанов, Амангелді Кеңшілікұлы сияқты іргелі қаламгерлер, сүбелі сөзді сәнді де сауатты қолдана білетін Ғалым Жайлыбайдың ақындығына тоқталып, өздерінің жоғары бағасын берді.

Алаштың Ақсұңқарұлы тағы бір сөзінде автордың өлең өлкесіндегі таланты пен табиғатын, қарымы мен қабілетін, шығармаларындағы тереңдік пен биіктік жайлы айта келіп: «Ғалымның лирикалық қуаты қандай болса, эпикалық қарымы да соған жетеқабыл, тiптi, одан да артылып жататынын «Ақ сиса», «Киiк қашқан», «Бiргебайдың қызылы», «Қара орамал», «Тамакөшкен» поэмаларынан анық көруге болады. Оларда сөздiң салмағынан гөрі, ойдың салмағы ауыр. Махаббат лирикасын азаматтық лирикасындай, азаматтық лирикасын махаббат лирикасындай жазатын ақын дастандарында да қазақтың атойлаған асқақ рухы алдымыздан шығады да отырады» деді. Ал, профессор Серік Негимов болса, «Қазақ поэзиясын үлкен мұхитқа теңесек, Ғалымның өлеңі сол мұхитқа қосылған мөлдір бұлақ секілді» деп пікір білдірді. Қаламгер Мекемтас Мырзахметовтың «Ет пен терінің арасындағы ақындар бар, ақындық сүйегіне біткен ақындар бар. Ғалым Жайлыбай болмысымен ақын» деген теңдессіз теңеуі көпшілікті елең еткізді. Қасымхан Бегманов ақын досына жазған арнау өлеңін оқып, елдің ықыласына бөленді. «Есіл ағадыны» әннің авторы Ахмедия Есмұхановтың өз аузынан естідік. Тұшындық. Түсіндік.

Не керек, Ғалым ағамыздың өрелі ойлары, сөреге көшті. «Есіл ағады» болып. Парасатты сөзді парақтай білетін, салиқалы сөзді сараптай білетін ойлы оқырманға одан асқан олжа жоқ. Бұл игілікті іс жалғасын тауып жатса құба-құп. Жыл сайын дәстүрге айналып, кітап нарығы Отанға олжа болып оралсын!

Айта кетейік, бұл – ақынның жиырмасыншы кітабы екен. Сиясы кеуіп үлгермеген жырлар желімі кеуіп үлгермеген жинақта тұр. Ғалым Жайлыбай тәуелсіздік жылдарында ең көп поэма жазған ақындардың бірі. «Есіл ағады» кітабына автордың өлеңдерімен қоса «Тамакөшкен», «Киікқашқан», «Ақ сиса» сияқты көлемді поэмалары да енгізілген.

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button