Есепке қойылмаған үй жануарлары үшін қанша теңге айыппұл салынады?
«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына сәйкес, биыл 1 қыркүйектен бастап мысықтар мен иттерге чип тағу және оларды арнайы есепке қою міндетті болған болатын.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті учаскелік инспекторлар заң бұзушыларды анықтайтынын хабарлады. Жануарларды тіркеуден бас тартқаны немесе есепке алу нормаларын бұзғаны үшін қазақстандықтарға айыппұл салынады. ҚР ӘҚБтК–нің 407-2-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасының жануарлармен жауапты қарым-қатынас саласындағы заңнамасын бұзу» – атап айтқанда чиптемегені үшін 2023 жылға арналған АЕК есебімен мынадай айыппұлдар төленеді:
– Жеке тұлғаларға – 10 АЕК немесе 34 500 теңге;
– лауазымды тұлғаларға – 20 АЕК немесе 69 000 теңге;
– заңды тұлғаларға – 30 АЕК немесе 103 500 теңге.
Бір жыл ішінде қайталап заң бұзу барлық санаттағы адамдар үшін жазаны 10 АЕК-ке арттырады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz