Руханият

«Есенғали» – «DOSTYQ LEAGUE» чемпионы

Қарағандыда футболға құштар өнерпаз көп. Олар үш жыл бұрын бас қосып, шағын футболдан лига құрған еді. Лигаға «Dostyq cup» деген атау берілді. Ақын, әнші, актер, асабалар алаңда ала доппен өзара тартысқа түсті. Қатарда журналистер қауымы да бар. Әуелде лига 4 командамен басталған. Доданың даңқы ауыздан ауызға тарап, менмін дегендер өздері ниет танытты. Сөйтіп, биылғы жазғы маусымға 6 құрама қатысты. Кесте үлкейді. Лиганың басты мақсаты – кеншілер шаһарындағы өнерпаздардың ауызбірлігін, достығын нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Достық лига

Қарағанды облысында кәсіби түрде ұйымдастырылған әуесқойларға арналған шағын футболдан лига бар. Бірақ, бұл лиганың оған қатысы жоқ. Бір өзі жеке дара. Шарты бойынша командалар сапына кәсіби футболшылар алынбайды. Кілең өнерпаз. Өнерге қатысыңыз жоқ па, қабылданбайсыз. Өз араларында сайланған төрешілері бар. Шағын футболдың әлемдік стандарттағы ережелеріне бағынады. Жалпы айтқанда, «Dostyq cup» дегеніміз – жәй ғана жарыс емес, бірнеше жыл бойы қалыптасқан үлкен орта.

 

Додаға 6 команда қатысты. Атап айтсақ, «Қайраттың» капитаны ақын – Қайрат Иманбек. Ал, «Есенғали» құрамасының тізгіні ақын, әріптесіміз Жәлел Шалқарда. Облыстық «Saryarqa» телеарнасының редакторы, спорт комментаторы Ботабек Тілегенов – «Арланның» капитаны. «Дарабозда» кәсіпкер, өнер жанашыры Ринат Түсенов. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестігі атынан қатысқан «Филормония» командасының капитаны – күйші Арман Марат. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының дыбыс режиссері Қуаныш Болатов «Театр» ұжымында жол бастады.

Достық лига

 

Лиганың жазғы маусымы екі айға созылды. Топтық кезең екі айналыммен өтті. Ойындар нәтижесі бойынша 6 команданың ішінен ұпайы көп 4 команда плей-оффқа іріктеліп шықты. Жартылай финалда жеңіліс тапқан «Арлан» мен «Дарабоз» 3-орынға таласты. Бұл кездесуде «Дарабоз» клубының бағы мен бабы қатар шапты. Ал, финалда қос ақын капитандық еткен «Қайрат» пен «Есенғали» ойнады. Тартысты кездесуде «Есенғали» командасы басым түсті. Есеп 4:2. Жүлдегерлерге медальдар мен грамоталар берілді. Маусымның чемпиондарына ауыспалы кубок табысталды.

Чемпион атанған «Есенғали» командасының атауы қазақтың классик ақыны Есенғали Раушановтың құрметіне қойылған. «Жазушы» баспасына басшылық етіп отырған ақынның қызы Айгерім Раушанова бұл жаңалықты естіп, демеушілік жасады. Өз қаражатына арнайы жейде тіктіріп берді.

Лиганың ұйымдастырушысы һәм үйлестірушісі – Аман Хамит есімді азамат.

– Әуелде 15 адаммен басталған лиганың жазғы маусымына 90-ға жуық әуесқой қатысты. Командалар саны күзгі лигада артуы мүмкін. Күзгі маусым қыркүйекте басталады. Футболда тер мен эмоция шығады. Сол арқылы күнделікті күйбең тірлікте жүйкесіне іркілген негативті ойлардан арылады, – дейді Аман Хамит.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button