Ақтоғай

Еселі еңбек – ел үшін

Ақтоғай ауданында ауыл шаруашылығы саласы жылдан жылға жанданып, дамып келе жатыр.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауларды тиімді пайдаланып, асыл тұқымды мал өсіремін, егін саламын деушілерге көрсетілетін қаржылай көмекке шектеу жоқ. Шағын шаруаларды ірілендіру үшін Үкімет тарапынан түрлі бағдарламалар қолға алынып, пайызы төмен несиелер де беріліп отыр.

Мал шаруашылығын дамытудың бірден-бір кепілі – оны мол азық қорымен қамтамасыз ету. Үкімет мұның да жолын жан-жақты қарастырып, тетігін шаруалардың қолына ұстатты. Ал, малдың азық базасын қамтамасыз етудің төте жолы – екпе шөп өсіру. Міне, осы бағытта бірқатар шаруа қожалықтары кейінгі жылдары малға қажетті сапалы мол азық қорын дайындау мақсатында көпжылдық шөп егу ісін қолға ала бастады. Солардың бірі – Нұркен ауылына қарасты «Ынталы» шаруа қожалығы.

Қазіргі таңда Ырысбек Тілеуқұлов басқаратын «Ынталы» шаруа қожалығы 100 гектардан аса алқапқа көп жылдық шөпті егіп тастаған. Алдағы жылы егістік алқабын одан әрі ұлғайтып, шаруалығын мол азық қорымен қамтамасыз етуді жоспарлап отырған көрінеді.

Сонау тоқсаныншы жылдары белді бекем буынып, ұжымнан өз алдына жеке шаруа қожалығы болып бөлінген Ырысбектің бүгінде ырысы еселенген. Жалпы қожалықта 250 ірі қара, 600 қой бар. Қиюын қиыстырып салған қора-жайы, үкіметтік бағдарламалар арқылы жаңарған ауыл шаруашылығы техникалары оның нағыз шаруа адамы екендігін аңғартады. Төрт түлігін түгел өсіріп отырған қожалық бүгінде үкіметтік бағдарламаларға иек артуды құп көрген. Етті-сүтті бағыттағы қазақтың ақбас сиыры, герефорд асыл тұқымды ірі қара малын өсіруге шындап ден қойған.

Мақсат – малдың санына емес, одан сапалы өнім алуға қол жеткізу. Сондықтан, қолда бар мал тұқымын түрлендіру – біз үшін басты бағыт. Ал, мал өсіріп, қыстан қысылмай шығу үшін ең бастысы – оның жем-шөбі. Өздеріңіз көріп тұрғандай, осынша малға қажетті жем-шөп қорын дайындау оңай емес. Биылғы жылдан бастап, қожалыққа тиесілі түбірінен жақсартылған жерлерге көпжылдық шөп егуді тәуекел деп қолға алдық. Келер жылы бұл алқаптан мол өнім алынады, – дейді шаруа қожалығының жетекшісі.

Иә, «Еңбегіне қарай өнбегі» деген. Санға емес, сапаға жұмыс жасау – уақыт талабы. Сондықтан, қараң-құраң басы бар, мол өнім беруге қауқарсыз мал тұқымынан арылатын кез жетті.

Думан ҚАБЫЛ

Басқа материалдар

Back to top button