Жаңалықтар

Есейгің келмеді ме?..

«Сәби ем сыйлап сән менен әнін
Тек думан болған – қызықтағаны.
Балаң жүректің балбөбек әнін
Есейтіп өмір бұзып барады».
Иә, сен сәби едің… Періште пейіліңнен айналайын-ай, сәби қалпыңнан айнымай өттің-ау. Неге асықтың? Шынымен, есейгің келмеді ме?
Әлде, мынау жалғанның жасанды бейне, жарамсақ келбетінен жерініп кеттің бе?
Әлде…
«Шын күлмейтін адамның соры – теңіз,
Шын жыламас адамнан не күтеміз?
Аңғал, сәби жүректі адамдарды,
Келеке ғып, «ессіз» деп кемітеміз», – деп өзің жырлағандай, біздің буынның бәсіресіне бұйырған тасбауыр қоғамның келекесіне қалғың келмеді ме?

«Өлеңім жүлде алсын, өмірім гүлденсін» деген өлермендікке жаны қас жалқы ақын болса, ол сен едің… Бақай есепке бас ауыртып, пендешілікке уақыт өлтірмейтін тап-таза болмысыңа қарап, «Біздің Қайрош 100 жасайды» деп болжаушы едік. Болжаусыз ажал ол болжамның да жолын кесті. Беу, жалған-ай!..

«Сан жылдар сананы ыстап,
Адам толқын-тағдырмен сан алыспақ.
Уақыт-кеме тоқтамай алға тартып,
Күннен‑күнге барады жаға алыстап,
Адам, шіркін, қимастан кете барар
Қайта-қайта артына қарағыштап…»

Бұл да – сенің жүрегіңнің үні. Бұрын сыршыл өлеңдеріңдегі сұлу тіркес, мөлдір тамшыларға ғана тамсанып жүріп, астарындағы емеурінге үңілмеген екенбіз ғой… Өзі өміріңді өлеңмен өріп, тасжүректерге қашап жазған екенсің-ау…

Әулием-ай, әпендем-ай!..

…Астанада ауруханада жатқанымда күн құрғатпай келіп, күпті көңілімді жайдары мінезіңмен жайландырып кетіп едің. Соңғы келгеніңде «Аман болайық, Ераға!» дедің. Менің жамалған жүрегімнің науқасынан, әлде өзіңнің сездірмей жүрген дертіңнен сезіктендің бе?

…Өзі өлгенмен, аты өлмейтін, мұрасы көнермейтін асылдардың қатары тағы періштемен толыққан екен… Амал қанша?!
Неге асықтың, Қайратжан?
Әлде, шынымен есейгің келмеді ме?..
Бақұл бол, алтын бауыр, ақын дос!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button