«Ертіспен» тең түсті
Футболдан Бірінші лига ойындары басталғалы бір айға жуықтады. Осы аралықта лига командалары IV тур өткізген. Ал, қарағандылық «Шахтер» клубы жеңіс жолын жалғастырып жүр. IV турда олар өз алаңында павлодарлық «Ертіс» клубын қабылдап, 0:0 есебімен тең тарқасты. Бұл ойынға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, қос команда арасындағы матчты тамашалады. Әрі ойын басында киім ауыстыру бөлмесіне кіріп, футболшылар мен бапкерлік құрамға қолдауын білдірді.

Қос команда – осы лиганың басты фавориттері. Әрі екеуі де турнир кестесінің алғашқы екі орынымен шығуы үшін барын салады. Яғни, лига соңында көш басына іліккен екі командаға – Премьер-Лигаға жолдама беріледі. Сондықтан, екеуіне ұпай жоғалтуға болмайды.
Ойын басталысымен қос команда шабуылды кезек ұйымдастырды. Әрине, екеуінің де тәжірибесі мол. Жеке ойыншылардың шеберлігі де ойын тағдырын шеше қоймасы анық. Себебі, қос команда қорғаушылары қорғанысқа мығым. Әрі алыстан бағыттаған жойқын соққылар да қос команда қақпашысына қорқыныш әкелмейді. Екі қақпашы да – шебер. Сондықтан, бұл ойынның тағдыры команданың ауызбіршілігінде еді.
Жерлестер тарапынан ең қауіпті соққы ойынның 23-ші минутында орын алды. Алаңның ортасынан шабуыл бастаған Максим Галкин қарсылас команда қорғаушыларын қапы қалдырып, оң жақтағы әріптесі Арман Нүсіпке допты жеткізеді. Ал, Арман допты әуеге көтермей, керісінше, шеберлікке салып, қайтадан допты алаңның орта тұсына бағыттайды. Бірақ, доп қарсыластардың аяғына түседі. Алайда, сол қапталдағы қорғаушы Эльхан Саидов қақтығыс барысында допты тартып алып, қақпаға жойқын соққы жасады. «Ертіс» қақпашысы Никита Калмыков – орнында. Еш қиындықсыз допты қағып, командасын бір қауіптен құтқарды.
Павлодарлықтар да ойынның 31-ші минутында қақпаға қауіп төндірді. Шабуылшы Владимир Воменко допты өзіне қабылдап алысымен алаңның сол қапталына ауысып, шабуылға шығады. Осы тұста алаңның екінші бұрышында ашылып тұрған әріптесі Матвей Герасимовқа пас асырған. Бірақ, қарсылас шабуылшысынан бұрын допқа алаң иелері сапынан Шахсұлтан Зубайділда жетіп, есепті сақтап қалады.
Бірінші айналымдағы қауіпті шабуылдар тек бұнымен аяқталмады. Кеншілер 38-ші минутта бұрыштама добын орындады. Бұрыштамадан допты ойынға қосқан – Олжас Керімжанов. Әуелете көтерілген допқа алаң ортасында жүрген Максим Холод бірінші жетіп, қақпаға бағыттаған еді. Бірақ, доп көздеген бағытқа ұшпай, қарсылас қорғаушысына тиіп, кері қайтады. Осы тұста Рафаиль Оспанов та, қақпаның сол жақ бұрышы да ашық тұрған еді. Рафаиль қарсылас команда қорғаушыларын кедергі жасатып үлгертпей қақпаға қайыра жойқын соққы жасайды. Бірақ, доп қақпадан тым жоғары кетті. Осылайша жерлестер нағыз гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.
Көш басында келе жатқан қос команда ойыншылары қорғаныста да, шабуылда да сауатты ойнады. Әзірге, екеуінде де 10 ұпайдан. Енді жерлестер 9 мамырда сырт алаңда «Экібастұз» командасымен кездеседі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»