Басты тақырыпТарих

Ермековтің ерен еңбегі

    Қазақстан Мемлекеті құрылуының басында тұрған тұлғалардың бірегейі – Әлімхан ЕРМЕКОВ екенін қайталап айта берудің өзі артық қазір. Қазақ халқынан шыққан тұңғыш профессор-математик, Қазақстанның қазіргі межедегі мемлекеттік территориясын тұңғыш рет ресми белгілеп, заңдастырушы. Тұңғыш қазақ тіліндегі математикалық терминологиялық сөздікті, жоғары математика оқулығын құрастырушы. Тере берсе, «тұңғыш, тұңғыш, тұңғыш» …

1936-1937 жылдары профессор Ә.Ермековтің «Қазақ тіліндегі математикалық терминологиялық сөздігі» және «Жоғары математика оқулығымен» қатар, «Жоғары математика курсының» екінші бөлімі де әзірленді. Бірақ, кейінгі еңбек жарыққа шықпай қалған? Сонда Алаш арысының өзі ақыл-білімінің арқасында қорғап қалған қазақ даласындағы күллі шәкірт кезінде математика пәнінен алғаш сауатын Ермеков еңбектерінің арқасында ашты деген сөз. Қазір аруақты Алаш ардагерінің есімі тілде бар да, ділде жоғы қынжылтады бізді. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне Әлімхан Ермеков есімін беру жөнінде тұңғыш бастама көтерген де біздің газет еді. Содан бері біршама уақыт өтті. Арыстың туғанына биыл 125 жыл толса да, бастама қолдаусыз қалып келеді. Анығы, біз Әлекеңе керек жоқпыз, Әлекең бізге керек. «Өлiнi құрметтесе, бабасын қастерлесе, халықтың қасиетi бұрынғы қалпына түседі» дейді. Мен емес – қытайдың ұлы ғұламасы Конфуций айтқан. Күні бүгінге дейін осы данышпандарының ойымен алға жылжып келе жатқан қытай қандай, біз қандай?!

Қазақ жанын берсе де, жерін алып қалып отырған қашаннан. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың өзі бір мақаласында «Жер, жер және жер! Жер болмаса, мемлекет жоқ. Жер болмаса, ел де, Отан да жоқ», – деп қатаң ескертеді. Бірақ, орыс үкіметінің отарлау саясаты Қазақстанның шұрайлы өңірлері – солтүстік, батыс аймақтарының төл тұрғындарын тықсыра бастады. Тіпті, 1920 жылға дейін еліміздің ең құнарлы солтүстiк шығыс бөлігі – Шығыс Қазақстан, Семей, Ақмола, Қызылжар, Көкшетау, Қостанай, Ақтөбе облыстары – Ресейдiң құрамына, Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда облыстары – Өзбекстан территориясына, Маңғыстау түбегi – Түркіменстанға бөліп беру туралы жоспарланып қойылса керек. Бұл туралы жазбаларында Әлімхан Ермеков: «Ол кезде жауапты қызметкерлердiң арасында, партия мекемелерiнде: «Қазақстанды Орталық Азия федерациясының құрамына қосады екен-мыс. Сөйтiп, Қазақстан одақтас республиканың дәрежесiне көшедi екен-мыс», – деген қауесеттер шығып жүрдi. Осы мәселе жөнiнде Москвадан келген Ежов жолдасқа ашық түрде: «Орта Азия федерациясына Қазақстанды қосып, солтүстiк аймақтық шекараны межелеу – шаруашылық мүддесi тұрғысынан да, мәдени байланыс тұрғысынан да пайда әкелмейтiнiн айттым», – дейді.

Қазақстан-Ресей шекарасы туралы мәселе 1919 жылдан бастап түрлі жиындарда бірнеше мәрте қаралады. Ең соңғы шешуші Бүкілодақтық Халық комиссарлары Кеңесінің мәжілісі В.Лениннің төрағалығымен Мәскеуде 1920 жылы 17-26 тамыз аралығында өтеді. Бірнеше күнге созылған даулы мәселеге төрағалық еткен Ленин қайта-қайта комиссия отырыстарын өткізіп, өзі бақылауға алады. Әлімхан Ермеков тамыздың 17 мен 24-і күндері жасаған баяндамалары барысында, талан-таражға түскелі тұрған Қазақстанның жарты жерінің тұтастығын сақтап, аман алып қалады.

Осындай қызу талас-тартыстардан соң Ленин: «Қаулы дайын. Әлімхан Ермековтің қайта баяндама жасағаны дұрыс», – деп тұжырады. Нәтижесінде, тамыздың 24-і күні Ленин Автономиялық Қырғыз ССР-і туралы құжатқа қол қойса, 26 тамыз күні құжат заңды күшіне енді. Сөйтіп, бөліске түскелі тұрған жеріміз бүгінгі ұрпақ игілігіне тұтасымен көшті. Басқасын айтпағанда, Әлекеңнің осы жалғыз еңбегінің өзі үшін оның атына Қазақстанның үлкен бір қаласын берсе – артық емес. Оқу орны былай тұрсын! Ойланайық! Ермековтің ерен еңбегі болмаса, қазіргі Астанамыздың өзі Ресей аумағында кетер еді ғой…

Жәнібек ӘЛИМАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button