Жаңалықтар

Ермағанбет Бөлекпаев Қазақстан Президенті атынан еңбек сіңірген жаттықтырушы Эльмира Әлиеваны мерейтойымен құттықтады

Қазақстан Президенті еңбек сіңірген жаттықтырушы Эльмира Әлиеваны 55 жасымен құттықтады. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

КСРО спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Эльмира Әлиеваның есімі Қазақстанда да, одан тыс жерлерде де белгілі. Еліміздің ұлттық құрама командасының бас бапкері халықаралық турнирлердің, чемпионаттар мен спартакиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындады.  Эльмира Әлиева халықаралық дәрежедегі екі спорт шеберін, 20-дан астам ҚР спорт шеберін, жастар арасында әлем чемпионы және Азия чемпионатының жүлдегерін тәрбиеледі.

– Сіз өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне көп еңбек сіңіріп, зор үлес қосып жүрген құрметті педагог, тәжірибелі жаттықтырушысыз, – деп атап өтті өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев. – Сіз барынша күш-жігеріңізді жұмсайтыныңызға және болашақта тәрбиеленушілермен бірге елімізді халықаралық ареналарда лайықты түрде асқақтататыныңызға сенімдімін. Сонымен қатар, ауылда үстел теннисі дамыса екен дейміз. Бізде дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда, оларды мамандандырылған залдармен және мүкәммалмен жабдықтау, мамандарды оқыту қажет. Бұл қымбат емес, бірақ әлеуеті зор спорт түрі.

Бүгінгі таңда өңірде үстел теннисімен екі мыңнан астам бала айналысады.

– Мемлекет басшысының мені мерейтойыммен құттықтағанына өте қуаныштымын. Менің спортшыларым лайықты нәтиже көрсетуі үшін бар күшімді саламын, – деді Эльмира Әлиева. – Қазақстанда үстел теннисі қарқынды дамып келеді. Бізде халықаралық аренада жетістіктер бар. Біз тоғыз лицензия жеңіп алдық, тоғыз спортшы мамыр айында Оңтүстік Африкада өтетін әлем чемпионатына барады. Қарағанды облысын Зәуреш Ақашева мен Алан Құрманғалиев таныстырады.

Эльмира Әлиева 1968 жылы 30 сәуірде Қарағандыда дүниеге келген. Үстел теннисімен 11 жасында айналыса бастады. Ол Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Қазақстан құрамасының мүшесі, Бүкілодақтық турнирлердің жеңімпазы атанды.

“Ерен еңбегі үшін” медалімен, “Құрмет” орденімен марапатталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА, 

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button