Жезқазған

Ерлiкке койылган ескерткiш

    Жезқазған қаласында халықтың басына бейбіт күнде қасірет тұманын төндірген Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысушылардың құрметіне арналған ескерткіш белгі орнатылды. Бұл – металлургтер мекеніндегі «Чернобыль жаңғырығы» қоғамдық бірлестігі мүшелерінің ақиқатқа айналған арманы. Мемориалдың салтанатты ашылу рәсімінде қалың қауым оған осындай баға берді.

Ерлікке қойылған ескерткіштің тұ­саукесерінде қала әкімі Батырлан Ахметов, қалалық мәслихаттың хатшы­сы Советбек Медебаев және «Чернобыль жаңғырығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұхит Үңгітбаев құттықтау сөз сөйледі. Олар қала орталығында бой көтерген мемориалдың барша қала тұрғындарының адамзаттың бо­лашағы үшін сұрапыл апатпен арпа­лысқан азаматтардың қаһарман­дығын қапысыз мойындауын және сол зұлматтың әсерінен өмірден бей­мез­гіл өткен ерлердің рухына ерекше ілтипатпен тағзым етуін айғақтап тұратынын айрықша атап өтті.

Атом электр станциясында орын алған тіршілік атаулыға тигізер зардабы өлшеусіз алапат оқиғаның зардабын бұғалықтауға 32 мыңға жуық қазақстандық қатысса, олардың арасында 190 жезқазғандық болған екен. Олардың біршамасы кенді өлкенің өр­кен жаюына күні бүгінге дейін қомақ­ты үлестерін қосып келеді.

Жиналған жұртшылық апат құрбан­дарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Ізгі ниеттен туындаған бастамаға нақты қолдау көрсетіп, келісті кешен құрылысына қаржылай демеу көр­сетуші – «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС.

    Оралымды істің басы-қасында жүр­­ген Мұхит Үңгітбаевтың айтуынша, ал­дағы уақытта апатты ауыздықтауға қатысқан жезқазғандықтардың тізімі әлі де нақтыланып, олардың есімдері мемориалдық тақтадағы жазбаны то­лықтыра түсетін болады.

Ахат ҚҰРМЕНСЕЙТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суретті түсірген Ғ.ӘБДІҒАППАРОВА.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button